Медициналық жоғары оқу орындарын бітірген 4 137 түлектің 2 981-і өңірлерге бөлінді. Оның ішінде бакалавриат – 116, интернатура – 2 644, резидентура – 1 153, магистратура – 90, докторантура – 134. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында медициналық мамандықтар бойынша 2022 жылы оқуын аяқтаған 1 156 түлек «Білім туралы» заңның 17-2 тармағына сәйкес мемлекет есебінен тегін оқу ақысын еңбекпен өтеу міндеттемесінен босатылды (олардың қатарына мүгедектігі бар жандар, резидентура, магистратура, докторантурада оқуын жалғастырушылар, жүкті әйелдер немесе үш жасқа дейін баласы бар немесе баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғандар, т.б. жатады).
«Айта кетерлік жайт, жергілікті әкімдіктер өңірлерге кадр тарту әрі ынталандыру мақсатында ауылдық жерге еңбек етуге келген жас мамандарға 100 АЕК көлемінде көтермелеу қаржысын төлеуді қарастырады және 1 500 АЕК көлемінде үй алуға немесе үй құрылысына бюджеттік кредит ұсынады. Сондай-ақ бірқатар өңірде республикалық не жергілікті бюджет қаражаты есебінен, медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаржысы есебінен үй алуға бюджеттік кредит беру секілді қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған», делінген Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар жыл сайын медицина мамандықтарына мемлекеттік білім беру тапсырыс көлемі ұлғайып келеді. 2022 жылы шамамен 4 700 грант бөлінді. Оның ішінде бакалавр пен интерндерге – 2 700 орын, резиденттерге – 1 500 орын, магистранттарға – 325 орын, докторанттарға 160 орын бөлінген.