Әдебиет • 04 Тамыз, 2022

...тағы да Хэм ағай

562 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір адамның ғұмырын аңызға айнал­дыруға кейде өнердің де күші жетпейтін сияқты көрінеді. Әйтпесе алып теңіздей өнер айдынында осыған дейін талай талантты жанның ізі қалды – бірақ, бәрі бірдей аңыз-ғұмыр кеше алған жоқ.

...тағы да Хэм ағай

Иә, тағы да Хэм ағай... Ол туралы мың-сан сөз өткен ғасырдан бері айтылып келеді, әлі де жазылар. Оның түр-тұрпаты, жүріс-тұрысы, киім киісі, стилі – бәрі-бәрі ерекше-тін. Қолжазбасын қолтығына қысып, көзілдірігінің қырына қағаз қыстырып, ылғи жүннен тоқылған жемпір киіп жүруші еді. Қауғадай сақалы да өзіне жарасатын. Әлемнің әр түк­піріндегі оқырман оның осы ди­дарына табынып, суретін қабыр­ғаларына жапа-тармағай іліп жатты. Әдеби ортада еліктеу селі қат­ты жүрді. Жас романтиктер «ұлы Хэм ағайша» өмір сүруді қалады. Хемингуэйге еліктегендердің бәрі Хемингуэйше жазғысы келді. Алайда ешқайсысы Хемингуэй бола алмады. Бұл – ақиқат.

Оның өмірі қым-қуыт бақытты-бақытсыз оқиғаларға толы. Жеті роман жазып, үш соғысты көрген, екі рет қатерлі ұшақ апатынан аман қалған жазушы отбасының ортаншысы еді. Әкесі Кларенс – шипагер, шешесі Грейс композитор болатын. Ол бақуатты отбасында ержетті. Ұлының ойын-сауыққа аса үйір еместігін байқаған әкесі оған аңға шығуды, балық аулауды, орман аралап, тау кезуді үйретеді. Оңтүстік Мичиганның байтақ даласын кезіп өскен болашақ жазушы табиғатпен өте жақын болды. Шың-құздың биігі, өзен-судың гүрілі мен құстардың әніне елітіп өсті. Содан болар, Хемингуэй туралы естеліктерде замандастары оның адамдардан гөрі аңдармен көбірек тіл табыса алатынын жазады. Иә, жазушы Африкада талай арыстанды атып өлтірді, мұхитта алып балықтарды аулады. Куба мен АҚШ-та зәулім үйлерге, яхталарға иелік етті.

Бір қарағанда, Хэм ағай адам қызығарлық өмір сүргендей кө­рінуі мүмкін. Дегенмен оның Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқанын, Испа­нияда бомбаның астында қал­ға­нын, Германияны бомбала­ған ұшақ­тарда болғанын, ал амери­ка­­лық әскер Нормандияға ба­сып кіргенде, француз партизан­дарының тобын басқарып, Париж­ді азат етуге қатысқанын ұмыт­пайық.

Хемингуэйдің «Америкасын» қазақ оқырманынан бұрын Мәс­кеу таныды. «Америкасын» деп сенімді айта алмайтынымыз – ол Америкада туып, өссе де, Америка туралы көп ештеңе жазбаған. Біршама жылдар Гаванада тұр­ған һәм үлкен шаһарларда жиі сая­хаттаған жазушы Нью-Йоркті «алдамшы қала» деп санап, тіптен ұнатпапты. Ал Парижді ерекше жақсы көрді. Жүрген-тұрғанын жұртқа жария еткісі келмейтін, өзі қаламайтын адамдарға бір минут уақытын қимайтын ол бірде сәті түсіп, жазушы Лилиян Роспен кездескенде: «Парижге қайта-қайта оралғанды жақсы көремін. Ол жақта ешкімнің сұрағына жауап бермеймін. Әрі мен жөнінде ешкім ешнәрсе білмейді де. Баяғы бір кездердегідей, шашыңды бір рет те қидырмай, алқам-салқам жүре бересің. Ол қалада белгісіз бір кафелерге барып жүруді көңілім қалайды. Ондағы бар танысым – официант пен кезекші ғана. Әрқашан өзімнің тәуір көретін тамақтарым даяр тұратын, әрі жақ­сы, әрі арзан мейрамханалар та­уып аламын. Қаланың о шеті мен бұ шетін жаяу аралап жүргенді жаным қалайды. Өйткені оның ана бір жерінде басыңнан қателік өткен болса, мына бір шетінде басыңа небір жақсы ойлар оралады», дейді.

Шығармадағы басты кейіп­кер­лері америкалықтар болғаны­мен, оқиғалық кеңістік өзге өңір­лерде өрбиді. Оның Ф.Купер, М.Твен, Т.Драйзер, О’Генри, сондай-ақ замандастары Ф.Скотт Фицджеральд, У.Фолкнерлерден өзгешелігі де осында.

Ал қазақ тіліне «Килиманд­жаро – қарлы тау» повестер мен әңгімелер жинағын Нәбиден Әбуталиев, «Шал мен теңіз» пове­сін Нығмет Ғабдуллин, «Қош бол, майдан!» романын Құрманғазы Қараманұлы, «Үндіс ауылы» әңгі­месін Нұржан Қуантайұлы аударды.

Оқырман Хэм ағайдың ал­ғаш­­қы әңгімелерін ерекше ұна­­та­ды. Әрине, онда адам жаны­на әсер ететін кіршіксіз таза сезім бар. Ал кемелдікке жет­кен шақ­тағы «Фрэнсис Макомбера­ның ұзаққа созылмаған бақыты», яки «Килиманджаро тауының қар­лары» әңгімелерінде жазу­шы­ның тәсілді көп қолданатыны бай­қалады. Ақиқатында, Амери­када Хемингуэйден әлдеқайда мықты жазушылар аз емес. Мәсе­лен, Шервуд Андерсен. Бірінен соң бірі Нобель сыйлығын иеленген Хемингуэй мен Фолькнер жазуы­на Андерсен шығармалары көп әсер етті.

Сөйткен Хемингуэй шы­ғар­ма­­ла­рының қазақ прозасы­на тигізген ықпалы күшті болды. Әсіресе, алпысыншы жылдары әдебиетімізге келген талантты буын Әбіш Кекілбайұлы, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабековтердің қаламы­нан көрінеді. Ал суреткердің «Шал мен теңіз» әңгімесі мен Шың­ғыс Айтматовтың «Теңіз жаға­лай жүгірген тарғыл төбет» туын­ды­ларынан адам рухының мық­тылығын көздеген идеяның үндестігін байқамау мүмкін емес.

Сол Шыңғыс Айтматов бір сұх­батында жиырмасыншы ға­сыр­­дың ұлы жазушысы ретінде екі қаламгерді – Толстой мен Хемингуэйді атапты. Келісеміз. Толстой – классик һәм шеберлігіне сөз жоқ. Ал Хемингуэй ықшам­дыққа құрылған, айтар ойын жұм­бақтап жеткізетін жаңа про­заның іргетасын қалап кетті. Хэм ағайдан кейін әлем әдебиетінде көркем прозаның жаңа дәуірі сезілді.

«Сені жоқтап күңіренеді қо­ңы­рау» – жалғыздық жыры. Одан бөлек «Қош бол, майдан!» «Иемдену және иемденбеу», «Түс­тен кейінгі өлім», «Әйелсіз еркек­тер», «Шал мен теңіз», «Жаң­бырда қалған мысық», «Мұхит­тағы аралдар» – шығарма атау­лары да жалғыздықтан, құлазу­дан хабар береді. Жалпы, Амери­ка әдебиетінің тарихында Хемин­гуэйдей жолы болғыш жазушыны табу әсте қиын. Бар ғұмырында төрт әйелмен бас қосты. Иә, өз заманының әйгілі жазушыларымен һәм саясаткерлерімен ара­ласты, тіпті дос болды. Иә, ол бүкіл әлемді аралап шықты. Иә, бә­рін көрді, басынан өткермегені жоқ. Сонда да жалғыз...