«Азаматтық авиация комитеті әуе тасымалдаушыларын жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту ісін жалғастыруда. 2022 жылдың 16 шілдесінде «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін «Fly Arystan» бөлімшесі Алматы - Атырау бағыты бойынша КС-7202 рейсін 12 сағат 9 минутқа кешіктіргені анықталды. Ал ұшақты осынша уақыт бойы күткен жолаушыларға ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үй ұсыну қызметтері тиісінше ұсынылмаған», деп жазылған комитет хабарламасында.
Осылайша, әуе компаниясына 4 тамызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша 1 000 АЕК (3 063 000 теңге) айыппұл салынған.
«Бұл «Эйр Астана» тобын әуе рейсіне жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін өткен айда салынған төртінші айыппұл», деді комитет төрағасы Талғат Ластаев.