Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палата бюросының отырысында заң жобаларының дайындығы туралы мәселелер қаралды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынуымен “Мемлекеттік мүлік туралы” және соған сәйкес кейбір заң актілеріне өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобалары бірінші оқылымда палата депутаттарының талқысына ұсынылатын болды. Сондай-ақ, кейбір заңнамалық актілерге еліміздің “Электрондық үкіметін” дамыту мәселелеріне қатысты түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасы екінші оқылымда талқыланатыны жоспарлануда.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бірқатар заң жобаларын қарауды ұсынып отыр. Атап айтқанда, “Дөңгелекті көлік құралдарына орнатылуы және пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен бөлшектерге арналған біркелкі техникалық ұйғарымдарды қабылдау туралы және осы ұйғарымдардың негізінде берілетін ресми бекітуді өзара мойындау шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы”, “Дөңгелекті көлік құралдарын мерзімді техникалық байқауға арналған біркелкі талаптарды қабылдау туралы және осындай байқауларды өзара мойындау туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобалары жалпы отырысқа шығарылады.
Еліміздің бірқатар заңдарына сақтандыру мәселелерін реттеуге байланысты заң жобасы екінші оқылымға ұсынылатыны жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің мәліметі тыңдалды. Жалпы отырыстың күн тәртібіне бірнеше заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге қатысты, сондай-ақ кейбір заң жобаларына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде мәселелер енгізілетін болды.
Бюрода үстіміздегі жылғы 10-11 маусым күндері Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Қарағанды облысында көшпелі отырысын өткізу туралы шешім шығарылды.
“Егемен-ақпарат”.