«Имидждік өнім сататын сауда нүктелерін ашу – мәдени қауымдастықты қалыптастырып қана қоймай, классикалық театр өнеріне көрермендердің қызығушылығын арттырудағы іс-шаралар бастамасы, – деген «Астана Опера» театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева одан әрі, – біз үшін көрермендермен байланыстың маңызы зор. Ол өнерсүйер қауыммен мүддеміздің бір болуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз «Достар клубы» жобасын жүзеге асырып, көрермендерге өзара қарым-қатынасымыз туралы ортаға салуды ұсынамыз. Елорда әкімдігінің қолдауымен ашылатын арт-дүкендер өнерді жақсы көретін қауымды театрға бір табан жақындатып қана қоймай, оның қайталанбас рухын сезіндіріп, әдемі жасалған көркем сыйлықтарға ие болуға мүмкіндік сыйлайды».
Театрдың маркетинг департаментінің мамандары тауарлар ассортименті үлкен екенін және оның үнемі жаңартылатынын атап өтті. Сонымен бекзат өнерді жақсы көретін қауым аталған театр ғимараты мен елордалық әуежай және «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында ашылатын арт-дүкендерден Нұр-Сұлтан қаласы мен «Астана Опера» эмблемалары стильді салынған әрі бедерленген спорттық костюм, бас киім, футболка, шоппер-сөмке, орамал, блокнот, қалам, саптыаяқ, органайзерлер мен басқа да көптеген тауарды сатып алады.