Қазақтың ұлттық өнерінің негізін қалаған Құрманбек Жандарбеков (1905-1975) – Шара Жиенқұлованың бірінші күйеуі. Ал екінші күйеуі жайлы «Өмірім менің – өнерім» атты Шара апамыздың мемуаралық кітабының (Алматы, 1992 ж.) әдеби жазбасын жасаған Шарбану Құмарованың естелігіне жүгінсек: «Шәкеннің кейінгі күйеуі ұшқыш болған. Онымен біраз тұрып, кейін ажырасып кеткен. Сол кісі жайлы «Қанатты батыр» деген тарау жазылған. Бірақ апай кейінірек соны кітапқа енгізбей-ақ қоялықшы депті. Шара апай ұшқыш Жолдасбек Нұрымов жайлы тарих беттерін кейінгілердің ризашылық сезіммен парақтайтынына да сенімді болған», деп жазыпты. Шара апамыздың болжамы шындыққа айнала бастады. Қос тұңғыштың (би-ұшқыш) тарихи тағдыры шындығын Жәнібек Исаев ініммен алғаш көтергенімізді ризашылық сезіммен еске аламын. Сөзімнің дәлелі ретінде: «Ж.Исаевтың «Вместо сердце пламенный мотор», менің «Тоғысқан тұңғыштар тағдыры», «Ұрпақтарымен ұлықталған ұшқыш», «Италияда қарындасым тұрады» деген мақалаларымда Сырдария ауданына қарасты қазіргі Амангелді ауылының тумасы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, би падишасы Шара Жиенқұлованың күйеуі болған Жолдасбек Нұрымов туралы толығырақ айтылған-ды. Биыл қазағымыздың атын би өнері арқылы әлемге паш еткен Сыр елінің келіні болған Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл. Сондықтан Шара апамыз жайлы толығырақ мәлімет берудің реті өзінен-өзі сұранып тұрғандай. Ендеше, оқып көріңіздер құрметті оқырман.
Ш.Жиенқұлова 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Баймолда Жиенқұлұлы Жетісу өңіріне қадірлі, беделді діндар адам болыпты. Оның алғашқы әйелі Нұрбібі 14 қызға құрсақ көтергеннен кейін, ұлдың келуін күткенмен, екінші әйелі Айаш та 15-ші қыз Шараны өмірге әкеледі. Кейін қатарынан үш ұл тауып, Айаш апа Баймолда әулетінің географиясын кеңейте түседі. Әкесі Шараны 7 жасынан бастап діни бағытта тәрбиелейді. Үй-жайы Алматыда болғанымен, жазда қырғыздармен шекаралас «Көкбайрақ» аталған жайлауда жас кезінен бастап Шара апамыз қазақтың алтыбақан, ақсүйек ойындарын, ескі әндерді бойына сіңіріп өседі. Баймолданың ағасы Сұлтанғазы – Алматыда алғаш комсомол ұйымына, баспа-ағарту салаларына жетекшілік еткен қайраткер. Болашағын кеңінен болжай білетін Сұлтанғазы ағасы Шараны орыс мектебіне беруге ықпал етеді. Жастайынан биге құмар биші қыз атанып, 1928 жылы 16 жасында ол Алматыда «Орион» клубында алғашқы концертін өткізеді. Сол кезде Жетісу өңірінде қазақ тілінде «Тілші», орыс тілінде «Искра», ұйғыр тілінде «Кәмбәғәллар авази» деп аталатын газеттердің баспаханасында ұйымдастырылған осы концерттен түскен қаржы газеттердің қажеттіліктеріне жұмсалыпты.
Д.А.Қонаевпен бір сыныпта оқыған Шара апамыз: «Класта ұзын бойлы Димаш деген бала орысша жақсы біліп, жетік оқыды, біз оған орысша жазба жұмыстарымызды тексеріп, есебімізді шығарып бер деп жалынатынбыз... Кейін ол мектепті үздік аяқтап, Москваға оқуға кетті», деп еске алыпты.
Сұлтанғазы ағасының көмегімен Шара апамыз қазақ педагогика институтына оқуға түседі. 1928 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде, Шара апаның өнер саласындағы жаңа һәм жарқын өмірі басталды. Қазақтың дарынды ұлдары: Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, Ж.Шанин, т.б. қызмет жасаған Алматыда ашылған театрға Шара мен Күләш апалар да шақырылады. Өздерін таланттарымен таныта білген Шара алғаш рет Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш рөлін тамаша ойнайды.
1929-1934 жылдары театрдағы қызметі кезінде қазақ және шетел драматургтерінің шығармаларындағы басты рөлдерде ойнаған Шара апамыз актриса ретінде де елге танымал бола бастайды. Бірақ биге деген мүмкіндігі мен ықыласы, құмарлығы сол салаға жетелей беріпті. 1934 жылы Музыкалық драма театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ауысты. Мұнда М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларында ұлттық билерді орындайды.
1933 жылы қыркүйек айының 8-і күні «Ұлттық өнерді дамыту шаралары туралы» БК (б) П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы шықты. Сол кездегі халық ағарту комиссары Т.Жүргенов осы қаулыны негізге алып, Шараны Ташкент шаһарына жіберіп, бишілер Тамара ханум, Муккарам Тұрғанбаевалардан өзбектің «Қатта-ойын» деген биін үйреніп келуге тапсырма береді. Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арнайы келген «Бүкіл одақтық староста» атанған М.И.Калинин басқарған қонақтардың алдында өзбек дабылшысының сүйемелдеуімен осы биді тамаша орындайды. Шара апамыз сол кез туралы: «Бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмаймын, көзбен көргендер өте риза болып, қол соққан халықтың қошеметінен театрдың іші дуылдап кетті, биді бірнеше рет қайталадым», деп еске алыпты.
Жоғарыда аталған қаулыға сәйкес Алматыда Мемлекеттік музыка студиясы құрылды. Сондықтан қазақ драма театры әнге, биге бейім Ә.Қашаубаев, К.Байсейітова, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов және К.Жиенқұлованы жаңа ашылған студияға ауыстырады. 3-4 айдың ішінде студия түлектері бірінші рет сахна пердесін 1934 жылдың 10 қаңтарында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашады. Музыкалық театрдың екінші спектаклі революциядан бұрынғы қазақ ауылының өміріне арнап жазылған Б.Майлиннің «Шұға» пьесасын сахналап, онда Шара әрі билеп, әрі Күлзипаның рөлін орындайды. Театр көп ұзамай халық арасында кең тараған «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларын сахнаға шығарады.
Қазақтың би өнерінің алғашқы қалыптасуы кезінде өлшеусіз еңбек еткен, ұлттық балет өнерінің дамуына игі ықпал жасаған Кеңес Одағы Үлкен театрының бишісі әрі балетмейстер-педагогі А.А.Александров еді. Нарком төрағасы Т.Жүргенов ол кісіні Алматыға арнайы шақырып, театрға алғызады. Шара апаның би өнеріндегі алғашқы ұстазы да осы кісі еді.
1936 жылдың мамыр айының 17-28-і күндері Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігі өтті. Онда «Қыз Жібек», «Жалбыр» спектальдерімен бірге А.Жұбановтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған КазЦИК атындағы халық аспаптар оркестрі (қазіргі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі) жұртшылықтың назарын бірден аударды. Мамырдың 26-сы күні Үлкен театрда қорытынды концерт өтіп, оған И.В.Сталин бастаған Саяси бюро мүшелері түгел қатысады. Шара апамыз орындаған қазақ билеріне көпшілік көрерменмен бірге Сталиннің өзі ризашылықпен қол соғады. Бұл жайлы Шара апамыз: «Қол соққан халықтың қошеметінен Үлкен театрдың іші теңселіп кеткендей болды. Астана көрермендері Қазақстанның мәдениеті мен оның жетістік, табыстарымен кең түрде танысты. Қазақтың көптеген дарынды актерлерінің, әншілерінің, орындаушыларының және суырыпсалма ақындарының өнер шеберлігі москвалықтарды шын мәнінде таңғалдырды», деп еске алыпты.
1938 жылы қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелді» түсіріліп, онда Шара апамыз батырдың жұбайы әрі серігі Балымның рөлін орындайды. Балым революция жылдары ерімен бірге жорыққа аттанып, бостандық үшін айқасқа түскен қазақтың жауынгер өжет қызының жиынтық бейнесі болатын. Көп ұзамай Шара ұлттық би ансамблін ұйымдастыруға кіріседі. Театрда өз орнына жас бишілер Н.Тапалова мен К.Карабалинованы, биші жігіттер арасынан А.Бекбосыновты дайындайды. Аталған есімдер қазақ ұлттық би өнеріне зор үлес қосқан тұлғаларға айналды.
Шара ұйымдастырған ансамбльдің біраз мүшелері 1959 жылы Нью-Йоркте өткен көрмеде Американың бірталай қалаларын аралап, онда Шара апамыз «Көкпар» биін нақышына келтіре орындап, көпшілік құрметіне бөленді.
Шара апаның репертуары қазақ билерімен ғана емес, басқа ұлттардың билерімен толыға түсті. Би өнеріндегі ізденімпаздығымен көзге түскен Шара апамыз өзінің тынымсыз еңбегі жайлы былайша еске алады: «Концерт жүргізушісі орындалатын бидің мағынасын, оның орындалу ерекшелігін халыққа айтып түсіндіріп болғанға дейін мен сол халықтың ұлттық киімін киіп үлгеремін де, биді әнін айта жүріп билеймін. Кейін санасам, ондай билердің саны 36-дан асып түседі екен.... Армян, әзербайжан, грузин билерін үйретіп, оларды сахнаға қойған балетмейстер Илья Арбатов еді де, орыс билерінің ерекшелігін менің бойыма сіңірген КСРО халық әртісі Пятницкий атындағы академия-
лық хор коллективінің балетмейстері, профессор Ткаченко мен Татьяна Устиновалар болды. Шығыс билерінің көбін үйреткен Кеңес Одағы Үлкен театрының балетмейстері Балейзовскийдің, қызуқанды сыған билерінің ерекшеліктерін танытқан Лиля Чернаялардың есімдерін күні бүгінге дейін ерекше құрметпен есіме сақтап келемін», деп тебірене жазыпты.
1941 жылы Мәскеуге Одақтық эстрада өнерінің байқау конкурсына Ж.Омарова мен Шара апамыз қатысуға келгенде, соғыс басталып кетеді. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұйрығы бойынша әртістерді бірнеше үгіт бригадаларына бөліп, әскери киім беріп майдан шебіне жібереді. Шара апа да өз ансамблімен соғыс жүріп жатқан еліміздің батыс аудандарына аттанады. Ансамбль әртістерімен бірге әнші Қ.Лекеров, Ғ.Құрманғалиев, Н.Сашинина, В.Калтон, Ә.Әбішовтер бірге жүреді. Әскери сапардан мақтау грамотасын, гвардияшылар киетін қара бурка мен қолға ұстайтын сәнді таяқты сыйға алып, аман-есен Мәскеуге оралады. Сөйтіп, Мемлекеттік қорғаныс комитетінде екінші рет Сталинмен жүздеседі. Бұл тарихи сәті туралы Шара апамыз: «Баяғыда, онкүндік кезінде көргенімнен көп өзгерген, самайына ақ түскен, жүзі сынық көрінді. Бізге Сталин рахмет айтып: «Сіздердің әндеріңіз, билеріңіз, күйлеріңіз Қызыл Армияның рухын көтеріп, күшіне күш қосты. Сіздердің айтқан әндеріңіз жауға оқ болып атылды», дегенін еш уақытта ұмытпаймын. Сол кезде майдан шебіндегі бір концертіміз өтіп жатқанда «Ұрысқа» Алға деген бұйрық берілгенде, пулеметчик Жмуров деген жауынгер орнынан тұрып, мен бірінші оғымды қазақ халқының өнері үшін жауға атамын дегені есіме түсті. Сол күні маған және ансамбльдің барлық мүшесіне қорғаныс комитетінің Құрмет грамотасы екінші рет тапсырылды», деп еске алады. Шара апамыз өз еңбегімен тапқан қаржысына Қызыл Армияға көмек ретінде танк сатып алып берген болатын. Соғыс барысын жіті қадағалап отырған қолбасшы И.В.Сталиннен Шара апамыз телеграмма да алған. Соғыс басталған кезде майдан шебінде болған Шара апа күйеуі ұшқыш Ж.Нұрымовпен кездесе алмайды. Екінші рет 1942 жылы КСРО халық әртісі Людмила Руслановамен бірге Екінші Украина майданында болып, үш айдай алдыңғы шепте концерттер қояды. Осы сапарында Жолдасбек ағамен кездесіп, бірге болады. Мына сурет сол кезден қалған екеуінің қуанышты сәттерінің ескерткіші болса керек.
Соғыстан кейінгі жылдары қызметін қазақ филармониясында жалғастырып, 1962-1966 жылдары қазақ ән-би ансамблінің басшысы, 1975 жылға дейін Алматы хореография училищесінің директоры қызметін атқарды. Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр халық билеріне жаңа дем берді. 1938 жылы «Амангелді» кинофильмінде Балым рөлін сомдаған Шара апамыз Ш.Аймановтың 1957 жылы түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұралған бишісі ретінде өзін өзі сомдады.
Би падишасы ретінде туған халқының есінде мәңгілікке қалған Шара апамыз Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Ленин», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған, бірнеше медальдың иегері. «Қазақ биі», «Сымбат», «Өмірім менің – өнерім», «Би құпиясы» кітаптарының авторы.
Мақаламыздың негізгі арқауы болып отырған Д.Қонаев, Ш.Жиенқұлова, Ж.Нұрымов ағаларымыз бен апаларымыздың өмір жолдарындағы кейбір сәттерінің бір-біріне байланыстылығы оқырмандарымызды бейжай қалдырмас деген ойдамын. Үшеуі де бір жылдың тумалары (1912 ж.). Жоғарыда Шара апамыздың сыныптасы болған Д.Қонаев жайлы естелігін келтірдік. Енді бүгінгі Жаңа Қазақстан жағдайында есімі қайта еленген Д.Қонаев атамыздың Шара апамыз жайлы мына естелігін келтіргеннің артықтығы болмас. «Мен сондай сиқырлы өнер иесі деп Шара – шын аты Гүлшара Жиенқұлованы айтар едім. Ол да Алматының қызы, түйедей құрдас едік, ондай мың бұралған биші енді туар, бірақ бұған дейін кездестірген емеспін. Шара башқұртша да билейтін, грузинше де билейтін. Ол билемеген би жоқ. (Д.Қонаев. Ақиқаттан аттауға болмайды А., 1994 ж. 371-б).
Шығыс өркениетінің орталығы болған қасиетті Сыр елін ешкім жатсынбаған. Д.Қонаевтың Сыр топырағына деген құрметі жайлы өзі жазып кеткен кітаптарынан көп дәлел келтіруге болады. Ұшқыш Ж.Нұрымов ағаның бірінші жары Гүлсім ападан өмірге келген Зарема Жолдасбекқызы Д.Қонаевтың арнайы ұшағында 21 жылдан аса бортсерік (стюардесса) қызметін атқарғаны мен қарастырып отырған тұлғалардың өмірлерін жақындастыра түсетіндей.
36 ұлттың биін меңгерген би падишасы Шара апамыз бен 15 түрлі ұшақтың техникалық тілін меңгерген қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, Сыр перзенті Жолдасбек Нұрымовтың 9 жылдық жұбайылық өмірлерінің бірге өтуі – Шара апамыздың Сыр еліне жақындығының бұлтартпас дәлелі. Біздердікі туған топырағының қасиетін осы үш тұлғаның өнегелі өмір жолдары арқылы жастарымыз біле берсін деген ой. Шымкент қаласына жерленген ұшқыш Ж.Нұрымов есіміне көше берілген, тағзым алаңындағы ескерткішке есімі енгізілген, тұрған үйіне арнайы тақта қойылған. Осыларды ескеріп, Жаңа Қазақстан жағдайында облыс, қала, ауданның жаңа басшылары да олардың есімін ұлықтау қажеттігін ескерер деген үкілі үмітпен ойымызды тәмамдаймыз.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор