Қоғам • 07 Тамыз, 2022

Қара жол қателікті кешірмейді

487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жолда опат болғандар саны азаяр емес. Иә, осыдан біршама уақыт бұрын Күйік асуына жақын маңда 15 автокөліктің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 адам зардап шексе, бір азамат бақиға аттанып кете барған. Ал шілде айында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында болған жол апаты кезінде үш адам өмірмен қош айтысса, тағы үш азамат аурухана төсегіне таңылған еді.

Қара жол қателікті кешірмейді

Бар болғаны алты айдың беде­рінде 700-ден астам жол-көлік оқи­ғасы тіркеліпті. Облыстық полиция департаменті келтірген деректерге зер салсақ, жол-көлік оқиғасы салдарынан 128 адам өмірмен қош айтысса, 1 100-ден астам өңір тұрғыны әртүрлі жарақат алыпты. Бұл көлік жүргізушілерінің жол ережесін жиі бұзатынын айқындай түссе керек.

Құзырлы орган қызметкерлері сан түрлі түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгеніне қарамастан, жол-көлік оқиғаларының сирейтін түрі жоқ. Қайта өршіп барады. Өткен жыл­дың есепті мерзімімен салыстыра қа­расақ, жол-көлік оқиғаларының саны Қордай, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Жуалы, Мойынқұм және Жамбыл аудандарында айтарлықтай өскен.

Деректерге зер салсақ, көп жағ­дайда көлік жүргізушілері кінәлі бо­­лып шығады. Мамандардың айтуын­ша, оқиғалардың 99 пайызына жүр­гізушілер айыпты екен. Олар көбінесе жылдамдықты шамадан тыс арттырады, жол қиылыстарында ереже бұзады. Одан бөлек өзара ара қашықтықты сақтауға келген­де де бейқамдық танытатындар аз емес. Ал автокөлікті мас кү­йін­де жүргізетіндердің қарасы тіп­ті көп. Рульге мас күйінде жармаса­тын­дардың кесірінен зардап шек­кендердің де қатары арта түскен.

Тәртіп сақшыларының жедел әре­кеттерінің нәтижесінде көлікті мас күйінде жүргізген азаматтар лайық жазаларын алып жатыр. Облыстық полиция департаменті келтірген деректерге сүйенсек, бүгінге дейін ішімдік ішіп көлік жүргізген 396 азамат анықталған. Олар 15 тәу­лікке қамалған, сондай-ақ 7 жыл бойы көлікті басқару құқығынан айырылған. Жарты жылдың бедерінде 400-ге жетеғабыл азаматтың құқық бұзушылық жасағаны ойландырмай қоймайды. Ол аз десеңіз, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен 112 жүргізуші 6 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан шектелген екен.

Өкінішке қарай, қателіктен сабақ алып, қорытынды шығаратындар бар­шылық болғанымен, 16 азамат көлікті мас күйінде қайтадан қаймықпай басқарған. Заңға ба­ғын­баған әлгіндей азаматтар тиісті дең­гейде қылмыстық жауап­кершілікке тартылған.

«Нақтырақ айтар болсақ, жол-көлік оқиғалары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіпке бас имеу салдарынан артып отырғаны рас. Өз тарапымыздан қайғылы жағ­дайлардың алдын алу мақсатында Тараз қаласы және қала сыртындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қызмет ететін полиция жасақтарының кестесін қай­та қарап, бүгінде батальон бас­шы құрамдарының есебінен авто­патрульдердің қатарын көбейттік. Жал­пы алғанда, жыл басынан бергі тексе­ріс кезінде шетелдерде есепте тұрған жалған куәлігі бар 22 көлік анықталды. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, көліктер айып тұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне Алматы, Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында транзиттік көлік жүргі­зушілерінің көбейгені де әсер етеді. Облыстағы республикалық автожолдарда тәулігіне екі бағытта 43 мыңға жуық автокөлік жүріп жатыр. Оның ішінде жеңіл автокөліктер саны 36 мыңға жуық және 7 мыңнан астамы ауыр жүк көліктері екенін айта кеткен жөн. Былтырғымен салыстырғанда транзиттік көлік саны 34 мыңға көбейген. Осы жылы полиция департаменті жергілікті атқару­шы органдармен бірлесіп, облыстың автомобиль жолдарына 1 083 тексе­ру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесін­де, жол қозғалысына кері әсер ететін 8 336 кемшілік белгілі болды», дейді об­лыстық полиция департаменті ­бас­­тығының бірінші орынбасары Ербол Тайбеков жағдайды түсіндіріп.

Жол қателікті кешірмейтінін біле тұра, ережені жиі бұзатындар азаяр­ емес. Салдарынан адам өлімі де жыл өткен сайын арта түскен. Қысқа­сы, көлік жүргізушілері Бауыржан Мо­мыш­ұлының: «Тәртіпке бас иген құл бол­майды, тәртіпсіз ел болмайды», деген сөзін қаперде ұстамаса, мәселенің ушыға беретіні түсінікті.

 

Жамбыл облысы