Осы айда бокстан еліміздің ересектер және жастар құрама командалары екі бірдей ірі халықаралық турнирлерге қатысты.
11-17 мамыр күндері ересектер арасында Украинаның Херсон қаласында өткен Николай Мангераны еске алуға арналған турнирде Қазақстан ұлттық құрамасы төрт алтын, бір күміс және үш қола жүлдені мойындарына тағып қайтты. Бұл бәсекеде алтын медальді Ілияс Сүлейменов (48 кг.), Алмасбек Әлібеков (64 кг.), Алмат Серімов (81 кг.) және 91 килодан жоғары салмақта Досжан Оспанов иеленсе, бір күміс жүлдені 60 килода күш сынасқан Ғани Жайлауов жеңіп алды. Сонымен бірге, Хабибулла Исмаил-Ахунов (51 кг.), Міржан Рақымжанов (54 кг.) және Думан Әлімов (57 кг.) қола медальге қол жеткізді.
Осы турнирде жасы орда бұзар жасқа келіп қалса да Семей бокс мектебінің түлегі М.Рақымжановтың жекпе-жектерді жоғары деңгейде өткізіп, жанкүйерлерге жақсы қырынан көрінгенін атап өту жөн. Ол турнир басталысымен өзінің тактикасын ұтымды пайдаланып, ақтық сынға дейінгі қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңді. Сонымен бірге, турнирде алтын жүлдеге ие болған боксшылармен қатар, күміс медаль иеленген жамбылдық Ғ.Жайлауовтың да шаршы алаңда жақсы өнер көрсеткенін атап өтуге болады.
Енді Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын еліміздің бас командасы алдағы жарыстарға қатысу үшін оқу-жаттығу жиындарын одан әрі жалғастыратын болады. Осы орайда Қазақстан бокс федерациясының басшысы Тимур Құлыбаевтың қазір ұлттық құраманың ірі халықаралық турнирлер мен жарыстарға жақсы дайындықпен баруларына зор көңіл бөліп отырғанын атап өтсек артық болмас. Құраманың бас бапкерінің айтуынша, Бокс федерациясының тізгінін Тимур Құлыбаев ұстағалы бері еліміздің барлық өңірлерінде спорттың осы түрін дамытуда жаңа жобалар іске қосылып, ұлттық және жастар құрамасының дайындығы үшін барлық жағдай жасалып отыр.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, 9-14 мамыр аралығында Алматыда Кеңес Одағының Батыры, армия генералы, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің жүлдесі үшін өткен XV халықаралық турнирде қазақ боксшылары 11 салмақтың бәрінде жүлде алды. Бұдан басқа, Алматыдағы айқасқа қатысу үшін Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мен Украина құрамалары жиналған бәсекеде отандастарымыз 8 күміс және 11 салмақтың бәрінде қола медальді иеленді. Мұнда 91 килодан жоғары салмақта шаршы алаңға көтерілген Рүстем Іргебаевтың да күміс жүлдені еншілегенін атап өтуге болады.