Қоғам • 08 Тамыз, 2022

Биыл елімізде 2 мыңнан аса пәтер ұрысы ұсталды

375 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда жыл басынан бері 2 мыңнан аса пәтер тонаушылары ұсталып, екі ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жол кесілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл елімізде 2 мыңнан аса пәтер ұрысы ұсталды

«Жыл басынан бері ел аумағында екі мыңнан астам пәтер ұрысы ұсталды. Оның ішінде әр қалаға барып пәтер тонайтын 95 ұры бар. 194 қылмыстық топ пен 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді», деді С. Жантеміров онлайн брифингте.

Оның айтуынша, биыл мамыр айында Шымкент қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Олар 2021 жылдан бастап Түркістан облысының бірнеше ауданында пәтер тонауға қатысты 70 қылмыс жасаған.

Соның ішінде 35 қылмыс биыл тіркелді. Ұрланған заттарды олар Шымкенттегі ломбардтарға өткізіп отырған. Келтірілген шығын сомасы 100 млн теңгеден асты. Іздестіру іс-шаралары кезінде үйді бұзып кіруге арналған 32 құрал, 52 зергерлік бұйым тәркіленді.

Бұдан бөлек, 2022 жылдың маусым айында Орал қаласында қылмыс жасап жатқан жерінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Олар 2021 жылдан бері облыс аумағында пәтер тонауды кәсіпке айналдырған. Күдіктілердің 6 қылмысқа қатысы дәлелденген.