Қоғам • 08 Тамыз, 2022

Түркі академиясы мен ТҮРКСОЙ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркі академиясы мен ТҮРКСОЙ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Нұр-Cұлтан қаласына іссапары аясында Академияның жаңа ғимаратына арнайы келген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С. Раев Түркі музейі мен кітапханасын аралап көрді.

Екі жақты кездесу барысында тараптар күн тәртібіндегі маңызды жобаларды талқылап, бірлескен іс-шаралар жөнінде пікір алмасты.

Академия президенті Д. Қыдырәлі ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С. Раевты жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.с

Өз кезегінде Бас хатшы С.Раев Халықаралық Түркі академиясының түркі әлемінің ғылыми интеграциясы бағытындағы жұмысын жоғары бағалады. Сонымен қатар, С. Раев Түркі академиясының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, ұйым басшысыД. Қыдырәліні Түркі әлемінің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін ТҮРКСОЙ ұйымының жоғары дәрежелі Алтын медалімен марапаттады.

Сонымен қатар, кездесу аясында Халықаралық Түркі академиясы мен  ТҮРКСОЙ ұйымы арасында өзара әріптестік орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Аталған меморандум тараптарға ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Меморандум аясында нақты іс-шараларды жүзеге асыру бойынша жол картасы туралы шешім қабылданды.

Кездесу соңында Д. Қыдырәлі мәртебелі мейманға ризашылығын білдіріп, Академияның бағалы басылымдарын тарту етті.