Көрмеге қатысқан авторлар арасында Рудный қаласынан келген ісмер Роза Нұрмаханова да бар.
– Қазақстанға қоныс аударғаныма бір айдан енді ғана асты. Қолымда «қандас» деген құжатым бар. Азаматтық алысымен Өзбекстанда бастаған ісімді қайта жалғастырғым келеді. Негізінен қыз-келіншектерге арналған киім-кешек, одан бөлек, қыз жасауын, ер азаматтардың шапанын тігемін. Сахналық киімдерге де тапсырыс түсіп тұрады. Алдағы уақытта жеке шеберханамды ашсам деген ойдамын. Өйткені қазірдің өзінде тапсырыс беріп жатқандар көбейіп кетті. Қасыма келінімді көмекші етіп алмақпын, – дейді Роза.
Фестиваль аясында «Ұлт асылы» атты арулар байқауы ұйымдастырылды. Көпшілік алдында бақ сынаған сұлулар өнерлі-білімді екенімен қоса, ұлттық салт-дәстүрге де жетік екендерін көрсетіп, отбасылық құндылықтарды дәріптей білді.
– Ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау үшін өңірде осындай іс-шараларды жиі өткізу маңызды. Әсіресе жастар үшін ауадай қажет. Бүгінгі фестиваліміздің Ахаңның ескерткіші алдында өтіп жатқанының өзі үлкен мәнге ие. Кейінгі буын төл тарихы мен салт-дәстүрін біліп, рухы мықты болып өсуі керек, – дейді «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржан Ермағамбетов.
Фестиваль барысында қала жұртшылығы Қостанай, Рудный шаһарлары мен Қостанай ауданынан келген өнерпаздардың концертін тамашалады.
Қостанай облысы