Кино • 08 Тамыз, 2022

«Қилы заман» қалай түсіріліп жатыр?

680 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Көктемде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын мерекелеуге дайындық жөніндегі жұмыс тобының отырысы өткен еді. Оған бірқатар мемлекеттік орган өкілдері мен өңір әкімдері, Жазушылар одағы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығы, тарихшылар мен әдебиеттанушылар қатысқан болатын. Жазушы мерейтойын атап өту жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 86 іс-шара бекітілді. Соның ішінде Әуезовтің аяулы шығармасы –«Қилы заман» повесінің желісімен телесериал түсіру бас­тамасы да бар-тын. Фильмді кім түсіреді? Түсірілім жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жалпы, қазіргі қазақ киносы әдеби туындыларды экрандауға дайын ба? Зерттеп көрдік.

«Қилы заман» қалай түсіріліп жатыр?

Кино, ең алдымен өнер. Өнерге өнер тұрғысынан қарағанда ол әрқашан биік һәм таза. Содан болар, көркем фильм­­­ге қойылар талап та жоғары, жұм­са­лар қуат та, еңбек те, уақыт та, қаржы да орасан. Биылғы Әуезов жылының қар­са­ңында «Қилы заманның» экрандалуы – үлкен жаңалық. Жалпы, клас­си­ка­лық шығармадан классикалық киноға айналған «Қараш-қараш» (1969 ж., реж. Б.Шәмшиев) пен «Көксеректі» (1973 ж., реж. Т.Өкеев) қырғыз режиссерлері түсірді. Ал бұдан кейінгі Әуезовтің шы­ғармаларын экрандауға жасалған қадам­дар ол деңгейге жете алмады. Сонда осы уа­қытқа дейін Әуезовке қазақ киносы сапалы ештеңе жасай алмаған ба дейсің. Әлқисса.

Бекітілген жалпыреспубликалық ме­рей­тойлық жоспарда бұдан бөлек «Абай жолы» роман-эпопеясының негізін­де деректі фильм әзірлеу, Әуезовтің шығармашылығы аясындағы сериалдар мен деректі фильмдерді қайта трансляциялау да бар. Аталған жұмыстардың барлығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктелген. Ал «Қилы заман» повесінің желісімен түсірілетін телесериал «Алматы» арнасының меншігінде.

Сериалды түсіретін «Atlas MGN Support» ЖШС продюсері Ілияс Башарұлы­ның айтуынша, жекеменшік ком­пания бұл жобаны конкурс арқылы ұтып алған.

«Біз бұған дейін «Алматы» арнасына Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармасының желісімен 10 сериялы, Рахымжан Отарбаевтың «Жұмбақтаудағы қазына» шығармасының желісімен «Қазына» атты 16 сериялы, Жамбылға арнап төрт бөлімді фильм түсіргенбіз. Одан бөлек тарихи сериалдар да түсіріп жүрміз. Ал «Қилы заманның» түсірілім жұмыстары әлі басталған жоқ. Қазір сценарийін жазып аяқтап қалдық. Енді телеарна мақұлдаса, бекітеміз. 12 бөлімнен тұрады деп жоспарлап отырмыз – әр серия 26 минуттан», дейді продюсер.

Сондай-ақ ол фильмнің барысы по­вес­тегі оқиғалармен шектелмейтінін айтты.

«Қарқара көтерілісін жазғандар көп. Бексұлтан Нұржекеевтің, Нұрлан Ораза­лин­нің шығармалары бар. Одан бөлек тарихи материалдар да жеткілікті. Яғни фильмнің барысы тек «Қилы заман» повесіндегі оқиғалармен, кейіпкерлермен шектелмейді. Біз бұл көтеріліс туралы жазылған барлық деректерді қарап, зерттедік. Повесті оқып отырсаңыз, баян­дау түрінде жазылған және нақты бір бас кейіпкер жоқ: оқиға Жәмекей, Ұзақ батыр, Әубәкір сынды кейіпкерлердің айналасында өрбиді. Сондықтан біз фильм­ге повестегі тарихи кейіпкерлермен қатар ойдан кейіпкер қосып отырмыз. Бас кейіпкерлер – Ерсайын мен Настя. 12 серияда көпес қызы Настя мен Ерсайынның махаббаты арқылы көтеріліс трагедиясы суреттеледі», дейді Ілияс Башарұлы.

Ал актер таңдау жұмыстары енді басталмақ. «Ойлаған актерлеріміз бар. Мәселен, Әубәкірдің рөліне Еркебұлан Дайыровты көздеп отырмыз. Түсірілім жұмыстары Кеген ауданында өтеді. Айдың аяғында алғашқы бөлімдерді түсіре бастаймыз. Бір серияға үш күн кетеді деп отырмыз, ал толық 12 серия­ны бір айда аяқтаймыз. Келісімшарт бо­йынша қыркүйек айында өткізуіміз керек. Бірақ конкурстың қайта өтуіне байланысты фильм түсіру жұмыстары кеш басталды. Сондықтан телехикаяны бекітілген уақыттан кешірек тапсыруды сұрап хат жаздық», дейді ол.

Айта кетейік, аталған сериалға мемле­кет­тік бюджеттен 77 миллион қаржы бөлі­ніп отыр (ҚҚС қоспағанда). Фильм про­дю­сері бұл қаражаттың аз екенін айтады.

«Қазір тарихи фильмдерге де, көркем фильмдерге де бірдей қаражат бөлінеді. Бұл мәселенің қозғалып келе жатқанына да талай уақыт өтті. Бірақ нәтиже жоқ. Мәселен, кез келген тақырыптағы қарапа­йым фильм декорацияны қажет етпейді. Ал Қарқара жәрмеңкесін салудың өзіне қыруар қаржы кетеді. 300 қазақты киін­діріп, 100 шақты орыс әскерін жасақ­тау керек. Ұзақ батырдың ауылына 20 қазақ үй тігеміз, кем дегенде 300 жылқы жалға аламыз. Жәрмеңкенің ауқымын көрсету үшін 1 000 қой, құрығанда 200 сиыр, түйе болу керек. Массовкада 300-400 адам жүруі керек.

Көтерілістің алдында Ереуілтөбе де­ген жерде үлкен жиын болады. Сол Ереуіл­төбенің басында бай-болыстар, батыр­лар, нөпір халық пен әскер жинал­ған­да төбеде инешаншар жер болмаған дейді. Ал енді бұл оқиғаны көрсетпесек, көтерілістің сипаты да болмайды. Одан бөлек екі жақ арасында ұрыстарды да кең планда беруіміз керек. Бұл – тарихи фильмдерді түсірудің негізгі мәселесі», дейді.

Одан бөлек продюсер қаражаттың аздығынан басында фильмнен бас тарт­қан­дарын атап өтті. Алайда кейін осы та­қы­­рыпта тәжірибелері болған соң қайта алған.

«Жалпы, сериал түсіруді түрлі катего­рия­ға бөлу керек. Мысалы, бізде неге балалар киносы жоқ? Балаларға арналған сериал болсын, толықметрлі фильм болсын – оны түсіру өте қиын. Оған бөлінген қаражаттың сиқы белгілі – сол үшін де көптеген продакшн студиялар балалар фильмдерін тәуекел етіп алмайды. Сондықтан әсіресе тарихи және балалар киноларына қаражат ерекше жағдайда қарастырылуы керек. Әрине, егер сапалы дүние күтсек. Тарихи сериалдарға көрермен аса қызықпайды. Себебі қазір байқасаңыз, киноөндірісте бір үрдіс пайда болды – жеңіл-желпі комедиялар көбейді. Бұл жанр да керек шығар. Бірақ кинотеатрларда өмірлік, тәрбиелік мәні бар салмақты, сапалы фильмдерді көре алмай отырмыз», дейді І.Башарұлы.

Аталған компания қазір сырттан қо­сым­ша қаржы іздестіруде. Айта ке­те­йік, келісімшарт бойынша теле­се­риалдың сценарийі бекітілген соң бөлінген қара­жат­тың алғашқы 30 пайызы беріледі. Кейін түсірілім жұмыстары басталғанда тағы отыз пайызын алады.

Мерейтой аясындағы науқандық жұ­мыс­тар әрқашан жоспарға құрылады. Ал шектелген жоспарлы уақыт – бүгінгі фильмдердің, жалпы өнер туын­ды­ла­ры­ның атүсті жасалуына, шала-жансар болып туылуына себеп болып отыр. «Қилы заман» телесериалының күзде кө­рер­менге ұсынылатынына да таңғалып отырмыз. Көкейдегі сауалды продюсерден сұрап көрдік.

«Бір серияға үш күн десек, толық 12 серияға бір ай жетеді. Оның үстіне уақыт көбейген сайын шығын арта береді. Түсірілім тобының, алаңдағы актерлер мен массовканың күнделікті шы­ғыны, басқа да мың-сан керек-жарақ­тың құны күн ұзарған сайын көбейе береді. Сондықтан қазірден түсірілімге қатысатын барлық тарапқа жоспар бо­йынша дәл уақытымен жүреміз деп ескер­тіп отырмыз. Әйтпесе бөлінген қар­­жыны жеткізу былай тұрсын, қып-қы­­зыл шығынға ұшырауымыз да мүм­кін», дейді ол.

Айта кетейік, 12 сериядан тұратын «Қилы заманның» толықметрлі нұсқасы да дайындалуы мүмкін.

Кейінгі жылдары тарихи тұлғалар өміріне арналған телесериалдар көп түсірілді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», тағы да басқа тарихи телехикаялар халыққа ұсынылды. Яғни тарихи киноларды телеарналар түсіретін үрдіс белең алып барады. Жалпы, зерттеп қарасақ, кинофильм мен телефильмнің көркемдік жағынан да, сапалық тұрғы­сы­нан да айырмашылығы көп – екеуі екі түрлі туынды. Телевизиялық форматқа лайықталған кез келген кино, тек сол шеңберге сыяды. Сол деңгейде түсіріледі. Ал бұл сападағы фильмдерді көркем туындыға жатқыза аламыз ба?

Өнертанушы Ерлан Төлеутай ұлт зия­­­лыларын экрандауға тыйым салу керек дейді.

«Ұлы режиссерлердің дәуірі өтті. Әуезовтің шығармаларын экрандау – үлкен кешенді проблема. Оған қазір біздің шамамыз келмейді. Ақиқатын айтсақ, Абайды, Әуезовті экрандауға біздің қазір рухани-материалдық қауқарымыз жеткіліксіз. Ең алдымен, бізде оны түсіретін режиссер жоқ. Жалпы, қазір кино өнері киноөндіріске, кинобизнес­ке айналып кетті. Қазір Абай болсын, Әуезов болсын, кімді түсірсе де оған өнер деп қарамайды, кәсіп деп қарайды, Үкіметтің науқандық іс-шараларын орындау деп қарайды. Әрине, одан соң бәрі сәтсіз шығады. Сондықтан Абайға да, Әуезовке де «тиіспеу» керек. Ұлт зиялылары туралы фильм түсіруге мораторий жариялау керек. Әсіресе телеформатта түсіруге ты­йым салынуға тиіс», дейді Ерлан Төлеутай.

Сондай-ақ ол ұлы тұлғалардың образы бүлініп жатқанын атап өтті.

«Төле биден бастап сериал түсіреміз деп құрттық. Төле би қазір ауылдың бір шалы болып қалды. Бауыржан Момыш­ұлын пәсейттік. Сүйінбайды сүй­кім­сіз еттік. Бұл тұлғаларда не ақымыз бар? Оларды түсіретін деңгейге жеткен режиссер жоқ. Болған күнде де бөлінетін қаржыға өзін өзі сыйлайтын режис­сер фильм түсірмейді. Өйткені бір декора­цияның өзіне қаншама қаражат кетеді. Ал енді соның бәрін жоқ-жітік қылып, қағылған-соғылған жұртты жинап, фильм түсірген бола ма екен... Бүгінде телевизиялық формат киноның жауы болды. Заманауи сериалдардың жөні бөлек, ал тарихи тақырыптарды телевизияның деңгейіне түсіруге болмайды. Ұлы тақырыптарды экрандау – үлкен дайындықты қажет ететін күрделі процесс. Әуезовтің шығармасын киноға айналдыру да кешенді шара. Бұл – бір телеарнаның деңгейі емес. Бұл – Үкіметтің қолдауымен ұзақ жылдарға жалғасқан, таза кино өнерінің талаптарына сай жасалатын жұмыс. Егер олай болмаған жағдайда, ұлы тұлғаларға «тиіспеуіміз» керек. Әуезовті экрандауға саналы түрде қарсымын. Ондай алып жазушымен «соғы­сатын» режиссер әлі туған жоқ», дейді ол.

Иә, Әуезовті Шәкен Айманов та түсіргісі келген. Режиссер «Абай жолына» жиырма жыл дайындалды. Абайдың рөліне актер таба алмаған. Ал табылды-ау дегенде өмірден өтіп кетті.

«Ал қазір кез келген режиссер түсіруге құлшынып отыр. Онысы жоспарға сай бір айдың ішінде түсіріледі. Бүгінгідей театр, кино актерлерінің деңгейі апаттық жағдайда тұрғанда бір айда көркем фильм дайындау – ешқандай сау ақылға сыймайды. Қазір актер табу мұңға айналды. Көбісі қазақтың сөзін дұрыс айта алмайды. Өйткені кітап оқымайды. Режиссерлер де сол. Ұлттық дүниетанымды білмейді. Кинода жүргендер түрлі ағымдармен уланған режиссерлер. Ал Әуезовтің шығармалары – ұлттық тақырып. Ұлттық тақырыпқа ұлттық деңгейде келу керек. Кино – өнер. Өнерге дінді араластыруға болмайды», дейді өнертанушы.

Еске салсақ, Абайдың 150 жылдығы қарсаңында – 1995 жылы Ардақ Әмір­құ­лов «Абайдың жастық шағы» деген кино түсірген еді. Алайда бұл фильм мойындалған жоқ – қазір көруге келмей қалды. Бұл киноға Ардақ Әмірқұловты мәжбүрлеп көндірген деседі. Сонда сол уақыттың өзінде Абайды түсіретін режиссер табылмаған. Ал режиссер өз еркімен, дайындықпен келмеген кино сәтті шыға ма? Әйтпесе Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» қандай? «Абайы» қандай? Бізді құртатын осы мерейтойлық-науқандық жоспарлар дейтініміз де сол.

«Қилы заман» – үлкен шығарма. Барша қазақтың отаршылдыққа қарсы бір тұяқ серпуі. Оның аяусыз жанышталуы, халықтың қырғынға ұшырауы, Қытай асуы, қазақтың дәрменсіздігі, орыстың озбырлығы. Осының бәрі кинода ашық көрсетілуі керек. Ал оған саяси оқиғалар әсер етуі мүмкін. Саяси сипат алған жерде киноның құны көк тиын болады. Осы тұрғыдан келгенде «Қилы заманға» «тиіспеу» керек. Ол – Әуезовтің аяулы шығармасы. Ол жазушының Жетісу жеріне қойған алып ескерткіші. Бұл әдеби шығарма қалпында қалу керек. Қазір Бейімбеттің шығармаларына әрең барып жатыр. Режиссер Данияр Саламат он жыл толғатып, енді түсіргелі жүр. Бейімбеттікі, негізінен комедиялық шығармалар ғой. Ал Әуезов – эпикалық қаһарман. Оған өзін өзі сыйлайтын нағыз режиссерлер тәуекел етіп бара алмайды», дейді өнертанушы.

Жалпы, еліміздегі кино саласының деңгейі барша жұртқа мәлім. Оған телеарналардан күнде көрсетіліп жатқан телесериалдар һәм кинотеатрларда беріліп жатқан отандық фильмдер дәлел. Тіпті кино түсіруде іргеміздегі қырғыздар бізден бір көш ілгері. Қазақ киносындағы бұл жағдайға әсер етуші фактор көп: талант, шеберлік, уақыт, қаржы, талғам. Әлқисса. Әңгіменің бәрі Әуезовтен бас­талды ғой – енді түсірілімі басталатын «Қилы заманды» асыға күтеміз. Ал көреріміз көркем фильм болмай жатса, бәлки, шынында да ұлы тұлғаларды экрандауды қою керек шығар.