Жиын тізгінін ұстаған белгілі ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы түрік тілінде жарық көрген жаңа кітаптың мән-мазмұны туралы толымды ой қозғап, оны қазақшадан түрікшеге аударған белгілі айтыскер Әсем Ережеқызы екендігін айтты.
Алғаш болып сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты кітабы аса көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің көркем бейнесін, тұлғалық болмысын асқан шеберлікпен, шәкірттік ұлы махаббатпен жазған туынды екендігіне тоқталды.
– Бұл сөзімізге келтіретін дәлеліміз көп. «Менің Әуезовім» кітабының түрік тілінде жарық көруі осы сөзімді тағы бір мәрте айғақтайды. Зейнолла Қабдоловтың роман-эссесінің түрік тіліне аударылуы – Мұхтар Әуезовтің болмысы мен тұлғасын, шығармашылығын барынша насихаттайды. Сондықтан Әуезов туралы іргелі еңбектің тәржімалануы бауырлас түркі халықтары үшін де үлкен олжа. Енді осы құнды кітап арқылы түркі тілдес қауымдастық, соның ішінде жас буын Әуезов әлеміне еркін саяхаттап, тұщымды ой түйеріне сенімдімін, – деген Дәурен Абаев кітапты аударуға атсалысқан шығармашылық ұжымға алғысын білдіре келіп, жыл соңына дейін Мұхтар Әуезовтің бес томдық шығармалар жинағы жарық көретіндігін жеткізді. Бұл кітаптар заңғар жазушының бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен екі мәрте жарық көрген 50 томдық академиялық жинағына қосымша ретінде, яғни тың дүниелері топтастырылған еңбегі екен.
Ал түрік тілінде оқырманға жол тартқан роман-эссенің жарық көруіне мұрындық болған ТҮРКСОЙ бас хатшысы, жазушы, драматург Сұлтан Раев қазақ пен қырғыздың ежелден келе жатқан әдеби-мәдени, рухани байланысы туралы айта келіп, «Манастың» басына қара бұлт үйірілгенде Мұхтар Әуезов қорғап қалғанын сөз етті.
– Қазақтың көрнекті жазушысы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» кітабы алғаш рет түрік тілінде жарық көрді. Әлбетте «Менің Әуезовім» деген сөз ерекше мәнге ие. Себебі Әуезовті сыйлаған әрбір адамның жүрегінде өзінің «Әуезові» сақталған. Сондықтан бұл кітаптың мән-мазмұны өте терең. Осы мағыналы сөздің осы философияның өзгеше көзқарастардың барлығы кітапта қамтылған. Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесіндегі әрбір сөзі, әрбір үтір-нүктесі арқылы Мұхтар Әуезовтің жүрегі соғып тұрғандай әсер береді. Менің ойымша, бұл жинақ – түрік дүниесінде өзгеше бір рухани еңбекке айналады. Себебі Мұхтар Әуезов – алдымен қазақтың ұлы жазушысы. Оның қырғыз бен түркі дүниесінде де орны ерекше, – деген Сұлтан Раев.
Заңғар жазушының баласы, ғалым Мұрат Әуезов аталған кітаптың түрік тілінде басылып шығуына ұйытқы болған ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевқа алғысын айтып, әкесінің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы жазған «Қилы заман» повесі мен Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдолов арасындағы сырлы сыйластық жайында салмақты сөз қозғаса, Халықаралық Түркі академиясының президенті, академик Дархан Қыдырәлі ұлы Абайдың туған күні қарсаңында Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловқа арналған үлкен іс-шараның өтіп отырғанында бір заңдылық бар екендігіне назар аударды.
– Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды «Мұхтар Әуезов жылы» деп жариялады. Соған байланысты бірқатар іс-шара атқарылды. Соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен заңғар жазушының Шолпан-Атада бюсті ашылып, кезінде Әуезов қорғап қалған «Манас» эпосын қайта басып шығардық. Сонымен қатар Алматыда, Бішкекте, Бакуде, Ыстамбұлда да мәдени іс-шаралар өтті. Енді оны Орынбор мен Ташкентте жалғастыру ойымызда бар. Ал бүгін тұсауы кесіліп отырған «Менің Әуезовім» кітабы – шын мәнінде, Мұхтар Әуезовті түркі әлеміне танытатын бірегей дүние деп есептейміз. Өйткені Әуезовтің шәкірті болып жанында жүрген, оның тағылымын түйген, өнегесін көрген шәкірті ұстазы туралы ерекше ықыласпен жазған. Әуезовті Зейнолла Қабдоловтан артық жазу мүмкін емес. Енді сол арқылы түркі әлемі Әуезовті жақыннан тани түседі деп ойлаймыз. Жалпы, біздің тарихымызды тұлғалар жасады. Қорқыттан бастаған абыздар жолын Абайдан кейін Әуезов жалғады. Сұлтан Әкімұлы заңғар суреткердің «Манасты» сақтап қалғандығын жақсы айтты. Бұл оқиғаға биыл 70 жыл толып отыр. 1952 жылы Бішкекте үлкен жиын болып, сонда «Манас» эпосын қорғап сөйлегенде Мұхаң елу жаста екен. Мұхаң алғаш «Манасқа» барғанда небәрі 25 жаста болған. 1922 жылы Ташкентте «Манас» эпосы жөнінде дәріс оқыған. Осының өзі ұлылардың үндестігін көрсетсе керек. Сондықтан бүгінгі іс-шара бір жағынан, бүкіл түркінің руханиятындағы мағыналы шара десек, екіншіден, қазақ пен қырғыздың арасында дәнекер болып отырған жиын деуге болады, – деген Дархан Қыдырәлі ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раевты жаңа қызметімен құттықтап, Халықаралық Түркі академиясының Әлішер Науаи атындағы Алтын медалімен марапаттады.
Сонымен қатар Зейнолла Қабдоловтың шәкірті, ҰҒА корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп Әуезов пен Қабдолов арасындағы қарым-қатынас жөнінде парасатты ой қозғады.
«Ол кісілердің арасындағы байланыс дами келе, жас алшақтығына қарамастан «аға дос, іні дос» деген ұғымдарды қалыптастырды. Қабдолов Әуезовтен біраз жас кіші. Соған қарамастан екеуінің арасындағы достық пен сыйластық кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. 1958 жылы Қырымға барған сапарында Зейнолла Қабдолов қойын кітапшасына мынадай сөз жазып қалдырған: «Мұхтар Әуезов – ұлы жазушы, тірі классик. Ол кісімен бірге жасау, оның тәлім-тәрбиесін көру – бақыт. Осыны неге ашық айтпаймыз?» дейді. Сол кезеңде өз ортасында Мұхтар Әуезовтің ұлылығы айтылды ма, айтылмады ма, білмейміз, бірақ Зейнолла Қабдолов ол кісінің көзі тірісінде осындай жазба қалдырған. Одан кейін Мұхтар Әуезов шәкіртіне сыйлаған кітабының қолтаңбасында: «Ғазиз көретін сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі, іні досым, інім Зейнолла! Дос, аға көңіл белгісі болсын!» деп жазған. Жаңағы айтқан «аға дос, іні достың» төркіні осында жатыр. 1997 жылы «Менің Әуезовім» роман-эссесінің бірінші кітабы жарық көргеннен кейін Зейнолла Қабдоловқа Мемлекеттік сыйлық берілді. Одан кейін Зекең араға аз уақыт салып, екінші кітабын жазуға отырды. Бірақ өкінішке қарай, оны аяқтай алмады. Дүниеден қайтқан кезінде Зейнолла Қабдоловтың жазу үстелінде аяқталмаған екі романы қалды. Біріншісі – «Менің Әуезовімнің» екінші кітабы болса, екіншісі – «Махамбет» романы. Сондықтан «Менің Әуезовім» роман-эссесін бірінші кітабы мен екінші аяқталмай қалған кітабының басын қосып, толық шығару қажет», деді ғалым.
Сонымен бірге мазмұнды іс-шарада мәртебелі қонақтардың қатысуымен жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, Мұхтар Әуезов музей-үйінің директоры Дияр Қонаев, көрнекті ғалымның шәкірттері Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омарұлы мен ғалым, қаламгер Ермек Аманшаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Светлана Ананьева, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері, бірнеше телесериалда М.Әуезов рөлін сомдаған әртіс Боранбай Молдабаев және Зейнолла Қабдоловтың немерелері Абай Қабдолов пен Абылай Қабдолов сөз алып, тұғырлы тұлғалардың шығармашылықтары мен олардың арасындағы ғажайып сыйластық туралы жып-жылы естеліктер өрбітті.