Манарбек ақсақал Баянауыл мен облыс орталығы арасын жаяу жүгіріп өтті
Ішкі істер органдарында 30 жылға жуық қызмет атқарған ардагер, отставкадағы подполковник, “Нұр Отан” партиясының мүшесі Манарбек Баженеев қазір Павлодар қаласында тұрады. Қарттық жас саналатын уақытына қарамастан әлі де қызметтен қолы босаған емес. Өмір бойы тыным таппай үйренген ақсақал, кәрілік келді екен деп үйде тым-тырыс жатуды жөн көрмепті. Бұл күндері облыс орталығындағы “Қауіпсіздік қызметі” деп аталатын ЖШС-нің күзет отрядын басқарады. Ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген жастарға үлкен өмір жолынан өткен аға полицейдің қастарында жүргені үлгі-өнеге. Олардың елін, жерін, тыныштықты қорғауға деген батылдықтары мен патриоттық сезімдері араларында жүрген аға буын өкілдерінің ғибратынан үйреніп, жол табатыны да анық.
– Биыл 21 мамырда мен 70 жасқа толамын. Еліміздің өркендеуі үшін қызмет жасап жатқан мына жастарға біздің қиындық пен қызыққа толы өткен өмір жолдарымыз үлгі болсын, жастар жігерлі, батыл, қайратты болып өссін, аталарына қарап сапқа тұрсын деген оймен осы марафонды ұйымдастырдық. Екіншіден, биыл Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл толып отыр. Ерлік жолдары ешқашан ұмытылмайды. Бізді жолға шығарған мақсат осы ерлікті дәріптеп, екі ауылдың арасын жол еткен бір жетілік марафон шарасын арнау, оларға бас ию, – дейді Манарбек ақсақал.
Сөйтіп, жаяу марафоншы топ 14 мамыр күні, күндізгі он бірлер шамасында Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылы, Ескелді төбесінде орналасқан Мәшһүр Жүсіп кесенесінен шығып қара жолға түсті. Марафоншы топ дегеніміз, ақсақалмен бірге студенттер мен жасөспірім балалар да ілесе бірге жүгіруге шығыпты. Жол оңай жол емес. Баянауылдың бірде еңіске, бірде биікке, бірде жазыққа шығатын бағытымен әуелі Майқайың ауылына, одан кейін Екібастұз қаласына жету керек. Кеншілер қаласынан Манарбек ақсақал бастаған марафоншылар тобы Қарасор ауылы, Қалқаман кенті, Шекарашылар ауылы, Ленин атындағы, яғни, бұрынғы Қазанғап бидің ауылынан өтіп 21 мамыр күні, Манарбек ақсақалдың туған күні күндізгі сағат 11-де облыс орталығына жетті. Сол жерде Даңқ алаңына келіп, гүл шоқтарын қойды, жұртшылық марафоншыларды қошеметтеп, құрметпен қарсы алды.
Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР.
Суреттерді түсірген В. БУГАЕВ.