Қазақстан • 09 Тамыз, 2022

Мемлекеттік орган басшыларының халықпен кездесу өткізу тәртібі өзгерді

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров орталық атқарушы органдар басшыларының жарты жыл ішінде халықпен кездесулеріне талдау жасалғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Мемлекеттік орган басшыларының халықпен кездесу өткізу тәртібі өзгерді

«Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың азаматтармен диалогын күшейту үшін жыл сайын халықпен тұрақты кездесу өткізуді тапсырды. Бұл - «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы басты қадамдардың бірі. Биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асып жатыр. Президенттің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер өткізу туралы» Жарлығы қабылданды», деді Асқар Омаров.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде 2022 жылға арналған орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулер кестесі құрылды.

«Сонымен қатар министрлік халықпен кездесулер өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Олар бұйрықпен бекітіліп, мемлекеттік органдардың назарына жеткізілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен орталық атқарушы органдар өзара жедел іс-әрекеттер жасау үшін WhatsApp мессенджерінде топтық-чат құрылды. Мұнымен қоса, Жарлық талаптарын ескере отырып, мемлекеттік органдардың халықпен өткізген кездесулері бойынша ақпарат ұсынудың бірыңғай формасы әзірленді», деді ведомство басшысы.