Өнер • 09 Тамыз, 2022

Әл-Фараби және қазақ аспаптары

586 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әбу-Насыр әл-Фараби: «Музыка – халық жанының, оның дерті мен қайғысының, ұмтылысы мен шабытының көрінісі» деп пайымдапты. Сиқырлы үннен сәуле тапқан дала данышпанының «Музыка туралы үлкен кітабы» – мәніне үңілген сайын маңызы қалыңдай беретін тағылымды еңбек. Бұл – «Қайырымды қала тұрғындары» трактатымен қатар ғұламаны әлемге әйгілеген теңдессіз ізденіс. Арада қанша ғасыр өтсе де, саз сырына үңілген миллиондаған адам осы құбылаға бет түзеп келеді.

Әл-Фараби және қазақ аспаптары

Әл-Фараби әлеміндегі музы­ка тақырыбы сан мың рет зерт­телсе де, ол тұтынған, зерттеген саз аспаптары ғылыми қо­ғам­­дастықта кеңінен зерделене қойған жоқ. Ғұламаның әлем мойындаған «Музыка туралы үлкен кітабын» Жалғас Сан­дыбаев алғаш қа­зақ тілі­не ауда­рып, қалың оқыр­ман­мен қауыш­тырғаны бел­гілі. Сағатбек Медеу­бек­ұлының «Әл-Фараби және қазақтың музы­калық ас­пап­тары» атты моно­гра­фия­лық еңбе­гін де көңілі ояу көп­шілік үшін ақжолтай жа­ңа­лық деп атауға болады. Оқыр­ман сұранысы бойынша ав­тор­дың толықтырулары мен өзгер­тулері негізінде қайта ба­сылған монографияны шолып шық­қан едік.

Әбу насыр әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабы» үлкен үш тараудан тұрады. Бірінші тарау жалпы музыка негіздеріне, музыка өнерінің элементтеріне арналса, екінші тарауында музыкалық аспаптар туралы сөз болады. Үшінші тарау әуендердің композиция­сы мен дыбыстардың ерек­ше­ліктері жөнінде. Автор осы үлкен кітаптың екінші тара­уын нысанға алған. Екінші тарауда әл-Фараби уд аспабына, оның дыбыс қатарларына, интервалдарына, дыбыстардың пернелермен үйлесімділігіне, әр ішектің және әр перненің (олардың әрқайсысының өз атау­лары бар – «әл-бамм ішегі», «мутлақ ішегі», «мисләс ішегі», «мәснә ішегі», «зир ішегі» немесе «саббаба пернесі», «муджаниб усто пернесі», «зәлзәл пернесі», «бин­сар пернесі», «хинсар пер­несі», т.б.) өзара байланысына, аспапты күйге келтіру амалда­рына тоқталады. Осындай ғы­лы­ми негізде танбур, мизмар, мизаф, секілді өз заманында кең тара­ған музы­калық аспаптарды теория­лық-тәжірибелік таным тұр­ғысынан сөз етеді.

Монографияның бірінші бө­лі­мінде әл-Фарабидің кім бол­ға­нына және оның өзге жерлес және ныспылас ғұламалардан айырмашылығына, өмірі мен ғылыми шығармашылығының зерттелуіне, қазақ фарабитану ғылымының жетістіктеріне шолу жасалған. Ал екінші бө­лім­де әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабындағы» тек аспаптар турасындағы бөлімдер ой нысанына ілініпті.

Автор, ғұлама сөз еткен музы­калық аспаптарды қазақ­тың ұлттық музыкалық аспап­тарымен салыстырмастан бұрын ортағасырлық ғалымдардың сол замандағы музыкалық аспаптар туралы ойларын ой таразысынан өткізіп, аспаптанудың қазақ даласындағы сабақтастығын және бүгінге дейінгі жалғасын бар­лауға тырысқан. Айталық, қазақ фольклоры, ауызша әде­бие­ті нұсқаларында айтыл­ған ұлттық аспаптар сипатын сөз ете келе қазақ даласын шарлаған жаһангерлер – Дж.Кестль, Иоанн Сиверс, А.И.Левшин, Б.Залесский, А.Ф.Эйхгорн, П.С.Паллас, И.И.Георгий, И.Г.Андреев, А.Янушкевич, Р.А.Пфенниг, Ш.Ш.Уәлиханов, А.Е.Алектров, С.Г.Рыбаковтардың қазақ м­узы­калық аспаптары туралы айт­қан­дарын айналып өтпей, солардың кей пікірлеріне сын көзбен де қараған.

– Кейбірінің жазып кеткен сипат­тамаларын негізге ала оты­рып, сол аспаптың сызба үл­гісін ұсындық. Мысалы, «Ени­сей өзенінің бастауында көшіп жүретін халықтар» атты мақалада жарияланған дерек­тер мен сипаттамалар мен өлшемдерге сүйеніп, өз та­ра­пымыздан онда айтылған ас­паптың тұңғыш рет сызба-нұс­қасын сызып көрсеттік. Сызба үлгі қазақтың жетігеніне өте ұқсас аспап болып шықты. Ке­зінде әл-Фараби әр ішегі бір-бір дыбыс шығаратын ас­паптың қалай жасалатынын, қа­лай күйге келтіретінін де жаз­ған еді. Бірақ ол аспаптың атын атамаған. Ғұламаның сол айтқандарын басшылыққа алып, әлгі аспаптың да сызба-нобайын жасап көрдік. Сірә, бұл ортағасырлық «маазиф» аспабы болса керек. Әл-Фарабидің айтқан түсін­дір­месіне жан бітіріп, сондағы музыкалық аспаптың сызба нұсқасын ұсыну қазақ аспаптанушыларында алғашқы талпыныс болғанын және оның бұл саладағы жа­ңа­лық екенін айта кеткен ар­тық етпейді, – дейді Сағатбек Медеубекұлы.

Монография музыкалық аспаптану ғылымының басталуы мен қалыптасуын және қа­зір­гі жетістіктерін аспаптану­шы, музыкатанушы ғалым­дар­дың еңбегіне сүйене сөз етуімен құнды. Айталық, Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев, Сара Күзембаева, Әсия Мұхамбетова, Сәуле Өтеғалиева, Ақселеу Сейдімбек, Гүлзада Омарова, Жұ­магелді Нәжімеденов, Жо­лау­шы Тұрдығұлов, Қайыр­ғазы Төлен, Гүлфайруз Далбағай, Нұргүл Жақыпбек, Талғат Мұ­қышев, Забира Жәкішева, Юрий Аравин, Ерсайын Басықара, Зәмзәгүл Ізмұратова ең­бек­терінде айтылған ұлттық музыкалық аспаптар туралы ғылыми ойларды да осы жерден кездестіруге болады.

Әл-Фарабидің үн және музы­калық дыбыс туралы айт­қан ойлары, бұл бағытта ашқан жаңа­лықтары, дыбыстың музы­калық ерекшеліктеріне сипат­тама беріле отырып көр­се­тіл­ген. Қазірде тілімізге берік орныққан «теориялық» деген терминнің орнына автор Әл-Фарабидің «назариалық» деген нұсқасын қолдана отырып көпшілікке ой салады.

Мәселен, бұған дейін кон­церт­тік сахналарда көріп, естіп жүрген сазсырнай аспабы­ның қазірде жетілген, дыбыстық ауқы­мына қарай түрленген алты түрімен таныстырады. Аспап­танушылар, музыканттар және аспап жасау шеберлері ақыл­­даса келе осы алты нұс­қа­ның әрқайсысына жеке-жеке ат берген. Көлеміне, тұр­патына және дыбыстық-акус­ти­калық ерекшелігіне қарай олар: «Уілдек», «Тастауық», «Саз­сырнай», «Үскірік», «Шы­ңы­­рау», «Сайрауық» деп атал­­ған. Сөйтіп, аспаптың жетілуіне орай қазақ тілінде бұ­рын­нан бар атаулар да қайта өмір­ге енген.

Зерттеуде әр аспаптың суреті және сызба үлгілері қатар бері­ліп­ті. Сілтемелер мен дәйек­те­мелер және мәтіндегі ойларға қатысты қосымша деректер де шендестіріле ұсынылған. Со­ңында пайдаланылған 250 әдебиет тізімі, мәтінде кезде­се­тін жер-су атаулары мен адам аттарының алфавиттік көрсет­кіші, сөздік, сондай-ақ 171 сурет және фотоның қайдан алын­ғаны да кесте бойынша көр­сетілген.

Белгілі фарабитанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев ав­тордың ізденісін бұ­рын-соңды айтылмаған тың тақы­рып ретінде бағалайды. Оның пікі­рінше, бұл монография әлем мойындаған «екін­ші ұстаздың» әлі күнге толық зерттеліп, зерделеніп болма­ған құнды еңбегінің бір бөлі­мі­мен таныстыра отырып, бұл бағытта ізденем деген ға­лымдар үшін жолбасшы бол­мақ. Профессор Сәуле Өте­ғалиева да мо­ногра­фия­ның маңызына тоқтала ке­ліп, бұл еңбек музыкатанушы мамандар үшін оқу құралы һәм құнды ғылыми қазына деген пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әл-Фараби ең­бек­­терінің факсимелерін әлем кітапханаларынан жатпай-тұр­­май іздеу, табу, қазақ ойы­ның, қазақ ғылымының бас­ты міндеті саналуға тиіс. Жаңа Қазақстанның жас ұрпағы қас­терлі бабамыздың еңбек­те­ріне адал, әм берік ниетпен қа­райтынына сенім мол», деген еді. Монографиялық еңбек музыкатанушы мамандар үшін оқу құралына айналмақ. Әл-Фараби мұрасын жаңғырту арқылы тұтас түркі дүниесін бірлікке, рухани үндестікке шақыратын рухани қазыналар көбейе бергей.

 

АЛМАТЫ