Жасыл белдеулер деп отырғанымыз өндірістік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймағында отырғызылған ағаш талдары. Былтыр өңірлік экологиялық кеңесте облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов жергілікті экологтермен біраз мәселені қаузап, зияндылығы жоғары өндіріс орындары маңында жасыл желектерді көбейтуге мүдделі екенін байқатқан. Бұл бойынша кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып, оларға көктемде егілетін тал-бұталардың санын еселеуі керегі ескертілген. Әрі сол жиында «Берегиня – Био» қорының жетекшісі Татьяна Пономарева кеңес мүшелеріне ағаштарды күту мәселесі туралы еске салды. Ол соңғы уақытта қала аумағындағы жасыл желектерді суару жиілігі мен сапасы бойынша көптеген шағым жиналып қалғанын айтып, жасыл аумақта үш жылдық күтім жасау әдісіне қайта көшуді ұсынған.
– Соңғы жылдары байқалған жағымсыз үрдіс бар: қаржыландыру көлемі жасыл аумақтардың санына бөлінеді де, көшеттерді суару саны шығарылады. Алайда суарудың бұл түрі тіпті тиімсіз әрі ағаштарды суару өңірде өте кеш басталады. Сондықтан оның жүйесін өзгерту керек, – деген биолог.
Сол жолы зауыттардағы экология мәселесіне жауапты тұлғалар бас шұлғығанымен, артынан берген уәделерін ұмытып кетті ме, санитарлық аймақтардағы сұрықсыз жағдай баяғы қалпында қала берді.
Жуықта облыс орталығындағы экологтер кәсіпорындардың жасыл белдеулеріне мониторинг жүргізіп, тапсырмалардың орындалмағанына көз жеткізді. Егілген жас ағаштардың басым бөлігі уақтылы күтілмегендіктен тамыр ала алмай, қурап қалған. Негізі зауыттар мен кеніштердің жыл сайынғы экологиялық шараларға бөлетін қаражаттары аз емес. Мыңдаған тал отырғызылады. Алайда оларды күту, суару шаруалары бақылаудан шығып қалған. Яғни жоспарлы іс-шаралар айтарлықтай нәтиже бермей отыр. «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Светлана Могилюктің айтуынша, көптеген кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағында отырғызылған ағаштардың күйі көңіл көншітпейді.
– Өткен жылдың желтоқсан айында және ағымдағы жылдың қаңтар айында аймақтық экологиялық кеңес өтті. Жиында біз кәсіпорындардың жасыл белдеулерінде он мыңдаған тал-терек отырғызылғанын естідік. Ағаштардың жағдайын бағалау үшін павлодарлық экологтер арнайы әдістеме әзірледік. Біздің бұл ұсынысымыз кеңес мүшелері тарапынан мақұлданды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар барлық кәсіпорындарға көмек көрсетеміз деп міндет алған, –дейді эколог.
Маманның айтуынша, облыстық экокеңестің тапсырмасына кейбір кәсіпорындар мен мердігерлер мұрын шүйіріп қарайды. Экологиялық ұйымдар еңбек ұйымдарына боратып хат жазып, жағдайды түзеуді сұраған екен. Өңірге танымал төрт кәсіпорын қоғамдық ұйымның жазбаша хаттарына мүлде жауап бермепті. Сондай-ақ олардың қай жерге және қанша ағаш отырғызғаны туралы да ақпарат жоқ. Бұлар – «Майкубен Вест» ЖШС, «Майқайың алтын», «Каустик» және «Кастинг» кәсіпорындары.
«ЭКОМ» қоғамдық ұйымының хаттарына Екібастұз ГРЭС-1 стансасы мен «Павлодарэнерго» АҚ да жауап бермеген. Монополистер экологтермен ынтымақтастықтан бас тартып, егілген көшеттердің қайда орналасқанын да көрсетпеген.
Дегенмен кәсіпорындардың көпшілігі мониторинг жүргізуге көмектесуге келісіпті.
«Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, Павлодар мұнай-химия зауытындағы жасыл желектердің бестен екі бөлігі тамырланған. Тең жартысы қурап қалыпты. Ал «Нефтехим LTD» кәсіпорнына тиесілі санитарлық қорғау аумағында қураған ағаштардың үлесі кем дегенде 20 пайызды құрайды. Сау тал-теректер жалпы отырғызылған желектің шамамен 10 пайыздайы ғана. ГРЭС-2 стансасында тамыр алмаған ағаштар 40 пайыздай болды. Осыған ұқсас көрініс Ақсу ферроқорытпа зауытында да байқалды. Бірлестік мүшелері ол жерде «жансыз» ағаштардың 73 пайызға дейін жеткенін анықтады», деп қынжылды «ЭКОМ» ҚБ жетекшісі.
Светлана Могилюктің пайымынша, мердігерлер көшеттерді отырғызу орнының ерекшеліктерін ескермеген. Топырақтың құрамына алдын ала талдау жүргізілмей, ағаштарды отырғызу технологиясы бұзылған. Күтім жасауда да олқылықтар жетерлік.
Қоғам белсенділері атап өткендей, әзірге санитарлық қорғау аймағын көгалдандырумен айналысатын мердігерлерге қойылатын нақты талаптар жоқ. Сондықтан да тиісті бақылау жүргізілмейді. Жақында заң шығарушы органдарға бұл бойынша арнайы талаптарды бекіту туралы ұсыныстар енгізіліпті. Бұл ұсыныстар мердігер компанияларға міндеттемелерін орындау кезінде нұсқаулар беріп, экологиялық мәселелерді шешуге көмектеспек.
Павлодар облысы