Экология • 09 Тамыз, 2022

Тұяқты аңның өсімі тұрақты

757 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей өңіріндегі ерекше қорғаудағы табиғи аумақтарда тұяқты аңдардың көбейгені байқалып келеді. Айталық, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәліметіне сүйенсек, қазір бұлан, сібір елігі, қабан сынды аңдардың популяциясының өсімі тұрақты.

Тұяқты аңның өсімі тұрақты

Аталған резерваттың мамандары айтқандай, сол секілді қызыл кітапқа енген марал мен арқар да жиі кездесетін болыпты.

Ормандағы тіршілік иелерінің санын, сондай-ақ шоғырланған жері мен жүретін орындары тура­лы деректерді жинау мақ­сатында «Семей орманы­на» қарасты шаруашы­лық­тарда жыл сайын жаба­йы жануарлардың есебі жүр­гізі­летінін айта кеткен орынды.

«Үкіметтің 2006 жылы «Ерекше қорғалатын таби­ғи аумақтар туралы» заңын қабылдауына сәйкес атал­ған аумақтарда аң аулауға ты­йым салынып, сақтық ша­ра­ларының күшейтілуіне бай­ла­нысты Семей өңірі бойынша бұлан, сібір елігі, қабан сияқты тұяқты аңдардың өсімінде оң динамика бай­қа­лып отыр. Бұған қоса Қызыл кітапқа кірген марал мен арқар да жиі кездесе бас­тағанын айта кету керек.

Кейінгі жылдардағы де­ректерді талдай келе түлкі мен сілеусіннің де саны көбейіп келе жатқаны анықталды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоян тәрізді аңның популяциясы салыс­тырмалы түрде тұрақты болған соң ақ қоян мен то­лайдың өскені байқалады. Алайда ор қоянның азай­ғанын айтып өтуіміз керек. Қасқыр, қарсақ және тиіннің саны да төмендеп келеді», делінген «Семей орманы» МОТР Семей филиалы­ның орманды қорғау және күзету инженері Олжас Сейітқалиев.

Биыл сәуір-мамыр ара­лығында кешкі және таңғы уақыттарда арнайы дыбыс пен визуалды бақылау ар­қылы қауырсынды қара­торғайлар мен қырғауыл­дарды есепке алу жүргізілді.

Жылдың басындағы жа­байы аңдардың есептік де­рек­терін талдаудың нәти­же­сінде резерваттың аңшы­лық ша­руашылық маманда­ры борсық (+27 дарақ), құр құсы (+98 дарақ) мен сұр кекіліктің (+60 дарақ) көбейгенін анық­таған. Бі­рақ ақ кекіліктің (-8 да­рақ) керісінше азайғаны байқалып отыр.

Ал Қызыл кітапқа енген қара ләйлектің популяциясы бұрынғы қалпында.

Мамандардың айтуынша, жабайы жануарларды есепке алу биотехникалық іс-шаралар көлемін жоспарлау үшін де қажет. Соған сәйкес бұтақты жем мен шөпті дайындау, сортаң жерлерді қалпына келтіру және жаңарту, бұландар мен еліктердің минералды балансын қалпына келтіру үшін тас тұзын қалау, суаттарды салу мен жаңалау, сол секілді аңдарды ас­тық және тамыр дақылдары мен қосымша азықпен қам­тамасыз ету амалдары қолға алынады.

«Семей орманына» қа­расты 10 филиалдың орман күзетінің мемлекеттік инспекторлары аңшылық шаруашылық мамандарымен бірлесіп, бұл бағыттағы жұмысты үздіксіз жүргізіп келеді. Өйткені Ертіс өңі­ріндегі қарағайлы орман фаунасының алуандығы мен қолайлы қалыптасуы орындалатын биотехникалық іс-шара­лардың сапасы мен уақтылығына байланысты.

 

Абай облысы