Технология • 09 Тамыз, 2022

Жасанды интеллект дәуірі

1104 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Келешекке көз жүгіртуде ғылыми пайымға сүйенетін мамандар XXI ғасырдың жасанды интеллект ға­сыры болатынын айтып жүр. Үлкен өлшеммен алғанда ғасыр енді ғана басталды. Ал жасанды интеллект саласының алғашқы қарлығаштары әлемде бірқатар салаға енгізіле де бастады.

Жасанды интеллект дәуірі

Жасанды интеллект шешімдерінің әлем­дік нарығы, соның ішінде бағдар­ла­малық жасақтаманы, аппараттық құрал­дар­ды және қызметтерді қоса алғанда, 2022 жылдан 2026 жылға дейін жылына орта есеппен 18,6 пайызға өсім көр­сет­пек деп болжайды International Data Corpo­ration (IDC) зерттеу ұйымы. 2026 жыл­ға қарай бұл нарықтың айналымы
900 млрд долларға жетпек.

«COVID-19 пандемиясы қазіргі жүйе­леріміздің біз ойлағандай төзімді емес екенін көрсетті. Цифрлы трансформация айрықша қажеттілікке айналды. Қазір тасымалдауда проблемалар туындап, білік­ті маман тапшылығының туындап жат­қанын байқап отырмыз. Сондай-ақ нақты деректерді алу бойынша да түйткіл көп. Ал жасанды интеллект технология­лары нақты өмірдегі көп проблеманы ше­шіп бере алатынын дәлелдеді», дейді кор­по­рацияның нарық бойынша аналитигі Мартин Нуска.

Сарапшылардың болжауынша, жақын келешекте жасанды ақыл-ой технологиялары болжап біле алмас оқиғаларда көмекке келуі мүмкін: мәселен, табиғи апат, соғыс жағдайларын алдын ала зерделеу, медицина жүйесіне терең әрі жедел талдау жасау, сон­дай-ақ электронды коммерция және қауіп­сіздік саласы үшін тану жүйесін дамыту бойынша. Корпорация дерегінше, Еуропа, Таяу Шығыс және Африкадағы жасанды интеллект шешімдері нарығының жиынтық көлемі 2023 жылы 100 млрд дол­ларға, ал 2026 жылы 200 млрд долларға жетеді.

Қазақстан да жасанды интеллекті да­мытуға бей-жай қарамайды. «Жасанды интел­лект саласындағы зерттеулер мен әзір­лемелерді қолдау қорының» дерегінше, қазір отандық ғылыми зертханаларда жасанды интеллект саласындағы зерттеулер жүргізіліп жатыр. Оған бірқатар жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу орталықтары да қосылған. Оның әдепкі нәтижелері де көрініс бере бастады.

Мысалы, Алматы лабораториясында Cerebra жобасы дайындалды. Қазір ол әлемнің үздік MedTech-жобаларының қатарына кіреді. Жасанды интеллекті пай­далана отырып жасалған жоба бойын­ша дәрігерлер науқастың бойынан инсульт белгілерін бастапқы кезеңде-ақ айқындай алады. Оны денсаулық сақтау жүйесінде қолданудың тағы бір мысалы – радиологиялық кескіндердің орта­лықтандырылған медициналық архивінде PACS жасанды интеллекті тәулігіне 300-ге жуық рентгендік суреттерді қарап, 84 пайыз дәлдікпен өкпе ауруларының жиі кездесетін 14 белгісін анықтап береді. Нәтижелерді өңдеу және сақтау дәрігердің қатысуынсыз автоматты түрде жүреді.

Жасанды интеллектке үрке қараушылар қатары да басым. Әрине, түсінуге болады. Адам қабілетін, адам мүмкіндігін толы­ғымен алмастыру мүмкін емес, түптеп келгенде қажет емес те шығар. Роботтардың әлемді басқаруы секілді тұжырымдардың біртіндеп утопиядан шындыққа айнала бастауы аздап көңілге кірбің де ұялатады. Бірақ заманауи үрдіс өз дегенін жасамай қоймайды. Солай екен, демек оның жақ­сы, қажетті қырын меңгеріп, жасанды интеллект маманға көмекші боларлық­тай нұсқаларын қарастыру жөн болатын сияқты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы­ған дейін Қазақстанның технологиялық серіктестік тұрғысынан брендке айналуы қажет екенін айтты. Бұл әсте тегін сөз емес. Бізде цифрлы трансформацияны жүзеге асыру үшін қолайлы алғышарттар бар. Білікті, қолынан іс келетін жас та көп. Жасанды интеллект бізде адам қауіп­сіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан, экономика өнімділігін арттыру тұрғысынан көмектесер болса, онда оны енгізу жолында аянып қалуға болмас.