22 Мамыр, 2010

ӘЙЕЛ БОКСШЫЛАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРЫСЫ

596 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алдағы дүйсенбі күні елімізде бокстан әйелдер арасында тұңғыш рет Азия чемпионаты жалауын көтереді. 30 мамырға дейін, яғни бір жетіге созылатын байрақты бәсекеге сары құрлықтың көптеген елдерінің құрама командалары қатысатын болады. Бұл бәсекеге Қазақстан құра­ма­сы сапында өткен аптада Ақ­мо­ла облысы Щучье қаласында соң­ғы оқу-жаттығу жиындарын өт­кіз­ген боксшылар мына құраммен шаршы алаңға шығады. Ең жеңіл 46 кг. салмақта Назым Қызайбай, одан кейін Назгүл Боранбаева (48 кг.), Әйгерім Асқарова (51 кг.), Жайна Шекербекова (54 кг.), Оксана Королева (57 кг.), Гүлжан Уббиниязова (60 кг.), Саида Қасенова (64 кг.), Елена Кольцова (69 кг.), Дариға Шәкімова (75 кг.), Марина Вольнова (81 кг.) және 81 килодан жоғары салмақта күш сы­насып жүрген Юлдуз Маматку­ло­ва. Команданың аға бапкері В.При­сяжнюктің айтуынша, құ­раманың чемпионатқа дайындығы өз деңгейінде. Оның сапында рес­­­­публика чемпиондары, ірі халық­аралық жарыстардың жеңімпаз­дары мен жүлдегерлері бар. Со­нымен бірге, ол құрама команда­ның додаға дайындалуына барлық жағдайды жасаған Қазақстан бокс федерациясына алғыс сезімін білдірді. “Біздің боксшылар ха­лықаралық талаптарға сәйкес алдын ала жоспарланған кесте бойынша чемпионатқа жақсы дайындалды. Енді бізге аталмыш бәсекеде тек құрмет тұғырының ең биік сатысынан көріну ғана қалды”, – дейді ол. 11 мамырда, Азия чемпио­натының басталуына екі жетідей уақыт қалғанда Қазақстан бокс федерациясының аппарат жетек­шісі Жанболат Әміржанов Азия конфедерациясының ресми өкіл­дері, ерлі-зайыпты Ниева және Херберт Эмбулдения (Шри-Ланка) бастаған делегациямен кездесіп, құрлық чемпионатына дайындық барысы жөнінде мәліметтермен бөліскенін атап өткеніміз жөн. Оған Бокс федерациясының осы­нау бәсекені өткізуге жауапты үйлестірушілері де қатысып, өз пікірлерін жеткізді. Кездесуде ерлі-зайыпты ресми өкілдер Қазақ­станның аталмыш чемпионатты жоғары деңгейде өткізе және ал­да­ғы кезде бұдан да басқа ірі ха­лықаралық жарыстарды ұйым­дас­тыра алатынына сенімін білдірді.