Абай • 10 Тамыз, 2022

Бүгін – Абай Құнанбайұлының туған күні

765 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екі жылдан бері елімізде 10 тамыз - Ұлы ақынның құрметіне мерекелік дата ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін – Абай Құнанбайұлының туған күні

Ғылыми ортада қазақтан шыққан ұлы ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа тараса да, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бүгінгі айтулы күн күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілген.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі: мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын: «22-1. Абай күні – 10 тамыз». 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі», делінген Үкімет қаулысында.

Ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында 2020 жылы әлемнің 70-ке жуық елінде Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара өтті.

Абай Құнанбайұлы ғұлама ғалым, ойшыл ақын, ағартушы ұстаз ретінде ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы.

Абай шығармашылығы - әлемдік туындылар қатарында орын алған халқымыздың баға жетпес мұрасы мен рухани азығы.

Қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, бүгін елордада бұл бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде ақынға арналған «Абай дара, Абай дана қазақта» атты дәріс өтеді.

Сәкен Сейфуллин музейінде «Абай әлемі» атты поэзия кеші ұйымдастырылады. Кеш барысында зерттеушілермен, абайтанушылармен кездесу өтіп, ақынның шығармалары мен өлеңдері оқылады.

Орталық қалалық кітапханада сағат 11:00-де басталатын «Абай дана, Абай дара қазақта» атты поэзия сағатында ақын шығармашылығымен толығырақ танысуға болады. Осында сағат 12:00-де «Абай – ұлы тұлға» тақырыбында тағы бір іс-шара өтеді. Онда елорда тұрғындары көрнекті ағартушының ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін бағалауға, оның патриот, азамат және ақын ретіндегі тұлғасының маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік алады.

Сағат 12:00-де №2 қалалық кітапханада Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасына арналған әдеби сағат өтеді.

Ұлы ақынның қалыптасуы туралы тыңдап қана қоймай, өмірі туралы әдеби композицияны Қуыршақ театрында тамашалауға болады. Мұнда сағат 16:00-де К.Ежембектің «Жарық сәуле» қойылымы сахналанады.

Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары мен туыстары» көрмесін тамашалай алады. Көрмеде Абайдың туыстары мен ұрпақтарының фотосуреттері көрсетіледі.

Ал Орталық кітапхана «Аққуға үнін қосқан – кемел дарын» атты көрмелер циклін бастайды. Көрмеде Абайдың ғана емес, халқымыздың өзге де жазушылары мен ақындарының шығармашылығымен танысуға болады.