Кино • 10 Тамыз, 2022

Фильмге арқау болған жанкешті ерлік

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында отандық бір телеарнадан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізден қиырдағы Украинаға мал айдап барған қазақстандықтар туралы «Ұзақ құс жолы» атты көркем фильм көрсетілді. Бұл туынды 1983 жылы жарыққа шыққан, оны түсірген – қазақ киносының қазынасын «Ақырғы аманат», «Охрана бастығы», «Ебелек», «Кімсің сен, шабондоз?» атты бірегей туындыларымен байытқан айтулы режиссер Амангелді Тәжібаев еді.

Фильмге арқау болған жанкешті ерлік

Бұған дейін де аталған фи­льм­ді талай мәрте көрдім. Әсі­ресе маған аңқау, ақкөңіл Мә­лікті ойнаған талантты актер Мейірман Нұрекеевтің рөлі ерекше ұнайтын. Жалпы, бұл туындыда соғыс аяқталуға жа­қын қалған 1944 жылғы оқиға қамтылған. Неміс әскерлері кейін шегінгенде өздері басып алған қалалар мен селоларды өртеп, жергілікті халықты зор шығынға ұшыратады. Сон­дық­тан Қазақстаннан достық көмек ретінде Украина халқына мал айдап апару ұйғарылады. Негізі, бұл болған оқиға. Сондықтан фильм сюжеті соның желісінен алынған. Осы жайында фильм режиссері Амангелді Тәжібаев ертеректе «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында айрықша тоқталған.

«Титрда сценарий авторлары Болат Ғабитов және Сергей Бодров деп жазылғанымен, шын мәнісінде, сценарийдің басым бөлігін жазған Олжас Сүлей­менов еді. Бұл өзі шынайы оқиғаға негізделген дүние. Әуелде «Правда»газетіне Қазақ­­станнан Украинаға ірі қара­лар айдап апарылғаны туралы мақала шығады. Сол бойын­ша сценарий жазылып, оны Мәскеу бекітеді. Түсіру жұмыс­тарына кіріспес бұрын мен оның жөндейтін жерлері бар екенін айттым. Мысалы, «Алпамыс болсаң да, сиырды үш жарым мың километр­­ге емес, 30 километрге айдап көрші, не болар екенсің! Ит-құс бар, жем-шөбі бар, ол деген оңай шаруа емес, ешкім сенбейді, босқа күлкі боламыз», деймін ғой баяғы. Содан сиырлардың қалай айдалғандығы жөніндегі құжаттарды іздестірдік. Сөйт­сек, мал айдайтын адамды Қос­та­найда екі ай бойы арнайы оқытып­ты...», дейді.

Аталған фильмде басты рөл­дерді Ж.Құдайбергенов, М.Нұ­рекеев, Ж.Керімтаева, П.Сол­датов, С.Қуанышбаев, Д.Ме­дет­баев секілді белгілі ак­тер­­лер сомдайды. Режиссер Аман­­гелді ағаның өзі «Тұраш» рөлін келісті бейнелеген. Туын­дыны түсіру барысында жа­зылған сце­нарийге бірқатар өзге­ріс­ енгізіледі. Мәселен, Мәлік бейнесі бастапқыда эпи­зод­тық рөл болғанымен, фильм­ді түсі­ру кезінде ол бірте-бірте бас кейіп­керге айналады.

Жалпы, бізді қызықтырған көркем фильм ғана емес, осыған негіз болып алынған оқиға еді. Әрине күркіреп соғыс жүріп жатқанда Қазақстаннан сонау жер түбіндегі Украинаға жаяу мал айдап бару оңай емес. Үкімет адамдары малды қалай жеткіземіз деп мың сан ойға батқан. Пойызбен жеткізуге талай вагон мен қаржы қажет. Сол кезде Әліби Жангелдин: «Қазақ – мал жайын жақсы білетін халық. Олар көшіп жүріп мал бағуға үйренген. Жермен айдап барса болады» деген ұсыныс айтады. Сөйтіп Қостанай облысының Әулиекөл ауданына жан-жақ­тан жиналған бес табынды Ук­раинаға айдап апаруға шешім шығады. Осы тарихи оқиға туралы мерзімді баспасөзде алғаш қалам тербеген журналистің бірі, көрнекті публицист Нұр­ма­хан Оразбек ағамыз. Ол кісінің алпысыншы жылдары «Лениншіл жаста» жарық көрген мақаласы орысшаға аударылып, «Ленинская смена» газетінде жарияланды. Нұрмахан ағамыз бұл тақырыпқа кейін қайтып оралып, 2009 жылы шыққан «Көрген жерден көз кетпейді» атты кітабында осы жанкешті іске басшылық жасаған Нұрахмет Нұржанов ақсақалмен кездесіп, сол оқиғаны айна-қатесіз жазып алған.

«Маршрут картасы бойынша барар жеріміз 2500 километр, – деп бастады әңгімесін Нұрахмет ақсақал, – ауданнан 600 тұяқ қашар, 113 мама сиыр бөлінді. Қашарлар алдына төрт табын, мама сиыр бір табын, барлығы бес табын етіп айдап шықтық. 50-ден аса адамбыз, ортамызда жол шолушылардың мінісіне төрт ат, тамақ, жүгімізді артатын бес арба, бес шатырымыз бар. 1944 жылдың 10 майы. Жау жаралы жыртқыштай қайырыла қашып бара жатқан кез. Әйтеуір құрғақ тамақ, шай-құрт ірімшік дегендей ғой. Аудан орталығында митинг болып, аупартком хатшысы, ауатком председателі сөйледі. Туысқандық көмектің мән-мағынасын, барар жолдың қиындығын, мақсат-міндеті­мізді түсіндірді», деген оқиға кейіп­кері сөзін әрі жалғап: «Кү­ніне 15-16 киломер аламыз. Жаяу айдап, малды тойдыра, суын қандыра жүріп отырамыз. Сон­дықтан одан тез жүруге бол­май­ды. Алғашқы межеміз Жіті­қара-тын. Алғашқы бір-екі күнде айдаушылар сыр бере қоймаған. «Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда» дегендей, бес-алты күн қатарынан жүргесін айдаушылар салбырады да қалды. Әй, зәрем ұшты-ау. Жеткізе алмай, ел-жұртқа масқара болармыз, малдан айырылып қара басар деп қатты қорықтым. Барынша баппен жүруге ұтырлы жерлерді таңдауға тырыстым. Амал не, бұрын ұзақ жолға жаяу жүрмеген жастар, аяқтарын алдырып қойды. Қатты қиналдық. 20-25 күнде барып үйренді-ау жұрт. Содан кейін жүріс қиын болмай қалды», деп еске алыпты сол сұрапыл кезеңді Нұрахмет қария.

Украинаға мал айдап апар­ған азаматтар жолда түрлі қиын­дықты бастан кешеді. Қапы­лыста, жолда жарылған сн­аряд салдарынан 11 адам қаза болады. Күз түсіп, күн салқын­дайды. Алайда ірі қара қаншама шақырым жүрсе де онша қоңын бермейді. Сөйтіп бес жарым ай дегенде олар сол кезде Воро­шиловград деп аталған қалаға аман-есен жетіп, апарған малды Украина жұртына аман-есен тапсырады.

Айтпақшы, «Ұзақ құс жо­лы» фильмі 1984 жылы Киев қаласында өткен XVII Бүкіл­одақтық кинофестивальде қазы­лар алқасының арнайы жүлдесі мен «Бауырлас елдердің достығы тақырыбын шынайы меңгергені үшін» Украина Жазушылар одағының жүлдесін иеленді.