Ахмет Байтұрсынұлы • 10 Тамыз, 2022

Ұлт ұстазы және Батпақты мектебі

672 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

1895 жылы Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер семинариясын аяқтаған 23 жас­тағы Ахмет Байтұрсын­ұлы Ақтөбе уезі Самбай болысында жаңа ашылған ауыл мек­тебінде екі жыл жұмыс істеп, 1896 жылдың қара күзінде Қарқаралыға жол тартады. Ұлт ұстазы 1895-1909 жылдар аралығында үлкен саясатқа араласқанға дейін Ақтөбе, Қарқаралы, Қостанай уездеріндегі мектептерде, екі кластық училищелерде сабақ берген. Самбай мектебінде оқыған алғашқы шәкірттері кімдер? Кейін Кеңес өкіметінен Байтұрсыновтан дәріс алған қанша ауылдың момын жастары зардап шекті? Олардың кейінгі тағдыры қалай болды? Бұл – жиналмай қалған деректер.

Ұлт ұстазы және Батпақты мектебі

«Қарағашта қалған іздер» атты мақаламызда («EQ» 16.02.2022 ж.) 1989 жылдың 3 қарашасы күні Шол­пан Ахметқызы Байсалова-Байтұрсы­но­ваның Ақтөбе об­лыс­тық партия коми­тетінің бі­рінші хатшысы Е.Золо­тарев пен облыстық атқару кеңесінің төрағасы С.Сағынтаевқа жазған хатын жариялағанбыз. Осы хат­та Шолпан апай әкесінің Ақ­төбе уезіндегі шәкірттері күні кешеге дейін «Тіл құралды» үй­лерінде тығып сақтап, мысал әң­гімелері мен өлеңдерін жатқа айтып келгенін жаза отырып, осы қарттардан дерек жинау­ды тапсырады. Апай мағлұмат білетіндер Қандыағашта тұратын журналист Ақлепес Нәубетияровқа хабарласса деп өтініш айтқан. Бұл хаттың да жауабы болмай­ды. Апай дүниеден өткен соң Ахмет Байтұрсынұлынан оқы­ғандардың естеліктері жиналмай қалды. Содан бері де талай ұрпақ алмасты. Біз Алға ауданы Қарағаш ауылдық округінің Самбай ауылында ұлт ұстазы дәріс берген мектеп орнын із­деп, шәкірттерінен тараған ұр­пақтарды іздестіріп қайттық. Бір­неше тың дерек таптық.

Ахмет ұстаз бен Ахметкерей болыс

Самбайдың ескі атауы – Бат­пақты. Ахметкерей Қосуақов (1857-1924 жж.) – 1895-1915 жылдары Ақтөбе уезінің Батпақты, Бестамақ болыстығын 19 жыл басқарған ықпалды тұлға. Кеңес өкіметіне дейін Орынбор губерна­торының кеңсесінде жұмыс істеп, елге оралған. Ахметкерей болыс туралы ел ішінде «Жазда жарлы-жақыбайларға сауынға сиыр, мінуге ат беріп, күзде төлдерін қалдырып, басын қайтарып алатын мырза-правитель» деген сөз қалған. Орынборда, кейін Ақтөбеде судья болып қызмет атқарғанда, заңды білмей ұтыл­ған қараңғы қазақтың шаруасын жөнге келтіретіні өз алдына, ауылішілік ұсақ-түйек жұмыс­тарды да аса байыппен шешетін, көп сөйлемейтін сабырлы адам болған екен. Заң-құқық жағынан өте сауатты болыс 1917 жылы Уа­қытша үкімет орнағанда уездік басқарманың орынбасары болып бекітілген. 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өт­кен съезге қатысып, Алаш пар­тиясының шаруасына да аса ыждағаттылықпен ара­­лас­­қан. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында 1917 жылдың желтоқсанында Орын­борда өткен жалпықазақтық съезге ресми шақырылғандардың арасында Ахмет­керей Қосуақов болғаны айтылады. Болыс 1924 жылы Ақтөбеде қайтыс болып, Батпақтыға жерленеді. Әкесінен жас қалған ұлдары – Сәду, Сұл­тан Екінші дүниежүзілік со­ғыстан оралмайды. Жалғыз қы­зы Ақтөбеде беріректе қайтыс болған.

1895 жылы Батпақтыда ашыл­ған төрт сыныптық орыс-қа­зақ мектебіне сол төңіректегі Құм­дақтықыр, Суықсу, Ақжар, Қарағаш, Қызыләскер (кейінгі атауы) ауылдарынан 8-9 жастағы 16 бала оқыған. Бұл шәкірттер – шамамен 1886, 1887 жылы дү­ниеге келгендер. Сабақ ерте көктемнен басталып, жаз-күз бойы жалғасып, қыс қаһарына мінгенде балалар үйлеріне жібе­рілетін. Сол уақытта мектеп есігін ашқан ұландар 1917-1918 жылдары 30 жаста болғанын ескерсек, олардың Кеңес өкіме­тінің барлық ауыртпалығын бас­тан өткерген ұрпақ екендігін сезінеміз. Ауылдың момын адамдары солақай саясаттың салдарынан алашшыл, ұлтшыл, колхоз мүлкіне зиян келтіруші, ескілікті аңсаушы, топшыл атанып, саяси қудалауға түскен.

Самбай ауылына бізбен бірге барған Алға аудандық кітап­ханасының бұрынғы директоры, зейнеткер Гүлсім Маханова біраз дерек айтты. 1993 жылы кітапхана оқырмандарымен кездесу өткізгенде, Әшім Сейітов деген ақсақал 9 жасында Сам­бай ауылындағы Әмірхан деген кісінің үйінен Ахмет Бай­тұрсынұлын көргенін айтады. Әшім Сейітұлы 1904 жылы дүниеге келіп, 1994 жылы 90 жасында қайтыс болған. Яғни ол кісі Батпақтыда мектеп ашылғанда әлі өмірге келмеген. Соған қарағанда ұлт ұстазы ауылға 1913-14 жылдары бірнеше рет келген болып шығады.

Ахмет Байтұрсынұлын Батпақтымен не байланыстырды?

Ахмет Байтұрсынұлы Ресей­дегі саяси төңкерістен кейін сая­сатта аласапыран басталғанда Ақтөбе, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Темір уездеріне талай келіп, Алаш қозғалысының ұйымдастыру шаруа­ларымен айналысқан. Қазақтың тағ­дыры қыл үстінде тұрғанда, Алаш қозғалысы 1905-1920 жылға дейін белсенді жұмыс істеді. 1917 жылдың ақпанынан қозғалыс жанданды, партия құру ісі белсенді жүр­гізіліп, өңірлік комитеттер құрылды. Қазақ даласында қай­наған саяси өмірдің барлық түйіні Орынборда шешілетін. Ал Батпақты мен Орынбордың екі арасы – 200 шақырым. Орталыққа атпен, күймемен шұғыл жетуге болады.

Гүлсім Маханова: «Мені анам 5-6 айлығымда нағашы атам Аманқұл мен Гүлшара әжемнің тәрбиесіне берген. Аманқұл атам 1898 жылы, Гүлшара әжем 1912 жылы дүниеге келген. Кіш­кентай кезімізде үйімізге үлкен кісілер көп келетін. Әсіресе Тоқман­сайдан Жақып Ізбасқанов ата кел­генде, нағашы атам екеуі түні бойы әңгімелескенде, мен құ­ла­ғымды жиі тосатынмын. Атам: «Ахаң мені Орынборға шақыртып оқытты, тағылған жаладан құт­қарды. Ақталып шыққан соң Қос­танайға жұмысқа шақырды», деп айтқаны бар. Атамның тағдыры оңай болмаған. 1928 жылы әйелі қайтыс болып, одан екі бала қалады. Атам балала­рын нағашыларына тас­тап, Орынборға оқуға кетеді. Осы қалада Хұсейін-Ләтипа деген кісілердің үйінде тұрып, со­лардың жалғыз қызы Гүл­ша­раға үйленеді. Оқу бітіріп, елге оралар тұста Ләтипа әжем қызына самаурын, екі метр текемет, бір галош ұстатады. Темір қаласына оралған соң атам аудандық «Кедей» газетінің шығарушысы болып жұмыс істейді. Бірақ 1938 жылы «Орынбордағы кулактың қызына үйленді» деген жаламен айыпталып, бес жылға Мақтааралға жер аударылады. Жаладан 1940 жылы құтылып, Темір баспаханасындағы жұ­мысына қайта кіріседі. Алайда 1947 жылы тағы қуғын бастал­ғанда, әкем бәрін тастап, Алға ауданының Тоқмансайына көшіп келіп, қамба күзетшісі болып орналасады. Өзі қиналып жүрсе де, жетім-жесірге көмегін аямаған. Сағидан деген қарт атамның ағайынды төрт жетімге қамбадан түнде бидай беріп, балалар оны суға бөктіріп, жерге көміп, бір жеті азық қылғанын айтқан», дейді.

Ахаң мектебі

Қарағаш ауылдық округінің орталығы – Самбай мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауыл. Ескі атауы – Батпақты. Ауылдың айналасын Батпақты өзені қоршап жатыр. Ахметкерей болыс заманын­да өзеннің екі жағында жиырма үйлі ауыл отырған. Самбайға кірген бойы «Бала кезімде Ахмет Байтұрсынұлын Әмірхан ағайдың үйінен талай көрдім» деп айтқан Әшім Сейітовтың балаларын іздедік. Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы мектепке аялдадық. Бұл жерде қызу жұмыстар жүріп жатыр. Алдымыздан мектептің шаруашылық меңгерушісі шықты. Жөн сұрап едік, біз іздеп келе жатқан Әшім ақсақалдың кенже ұлы болып шықты. Есімі – Жангелді. Ол бізді Ахметкерей Қосуақовтың үйлері, ескі мектеп орнына әкелді. Ауыл үйлерінің ортасындағы алаңқайдан Ах­мет­керейдің өзеннің қалақ та­сынан өрілген жылқы қорасы­ның іргетасы көрінеді. Бұл – Ахметкерей болыстың 500 жыл­қысы қыста қамалып, жазда биесі байланған атшаптырымдай аумақ. ХХ ғасыр басында Батпақтының екі жағалауында лай кесектен салынған қазақы қыстаулар тұрған. Қазір орындары жоқ. Ескі мектептің орны да жоғалған. Тек шетте саз кірпіштен қаланып, төбесі сабан араластыра лаймен құйылған, ескі терезелері сығырайған тоқал там тұр. Үй 1947 жылы салынған. Ах­мет Байтұрсынұлы түскен Әмірхан атаның үйі де осы қатарда орналасқан. Жангелдіге әкесі Әшім ата көрсеткен. «Осы жерде ағайынды Әмірхан, Темірхан және Ізбасар, Шотбас деген кісілердің үйі қатар тұрды. Үй алдында бұлақ ағып жататын. Ауыл жұрты сол бұлақтың суын ішетін. Тап осы маңда Ахметкерей Қосуақовтың шегенделген құдығы болды», дейді Жангелді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Батпақты жұрты суы балдай «Ахметкерейдің шегенделген құдығын» жоғалтқан. Құдықтың жайын осы ауылдың тұрғыны Мейірболат Сұлтангереев айтып берді.

 Жангелді Сейітұлының айтуынша, Әшім ағайға Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда оқуға жолдама берсе де, ол отбасы жағдайымен алысқа ұзай алмаған. Батпақты көпірінің арғы жағын­дағы ескі көпірден 1917-1919 жылдары ақтар мен қызылдар кезек-кезек бірін-бірі қуып өткен. 1919 жылдың жазында Ембі майданында Фрунзенің қызыл әскерінен ойсырай жеңіліп, кері қашып бара жатқан ақтардың отряды арба-керуенімен осы тұста суға кеткен. Жас кезінде Батпақтының жағалауындағы қалың жырадан ауыр, ұзын қайқы қылыш та­уып алған.

Самбай ауылының тұрғыны Мейір­болат Сұлтангереев жас­тайынан қарт­тардың әңгімесін құлағына құйып өскен жігіт. «Ертеде ауылдың жанындағы ескі көпір жанындағы сайда үлкен құдық болды. Осы құ­дықты Ахметкерей Қосуа­қов қаздырған, ел ішінде Ах­меткерейдің шегенделген құ­дығы атанған. 1919 жылы ақ­тар мен қызылдар көпірден өткен­де құдық басына аялдама­сын деп, судың бетін мал терілерімен жаптырып, көміп тастаған. Ал жылқыларын «Үкі­мет құртқанша, сендер пай­даланыңдар» деп ауыл-елге таратқан. Ауылда астық қойма­сына жиналған астықтан азығы жоқ үйлерге бір-бір кеседен бидай беріп, 1920 жылдары аштық­тан сақтаған.

Сол заманда Темір, Ойыл уездерінде Алаш партиясының оқығандары қызмет етіп, шар­­уа­шылық ұйымдастыру, оқу-ағарту жұмыстары, шекара белгілеу сияқты жұмыстардың басы-қасында жүрген Ахмет Байтұрсынұлы ел ішіндегі азаматтармен тікелей байланыс орнатқан. Сол уақытта ақтар мен қызылдардың шайқасынан майдан жолы бойындағы ауылдарды қорғау сияқты нәзік шаруаларды да аса білгірлікпен атқарғанын тұрғылықты жұрт айтып берді. Міне, осындай жағдайда ел ішінде сауатты мамандар табу күрделі мәселеге айналды. Төңкеріс жылдары елде мамандар тапшылығы сезілген тұста, жастарды жеделдетіп оқыту арқылы барлық салаға мамандар даярлау ісін ұйымдастырудан Ахмет Байтұрсынұлы аянып қалған жоқ. Аласапыран шақта ел адамдарының ауызбіршілігінің арқасында ауыл ақтар мен қызыл­дардың айқасынан, індеттен, басқа да түрлі тосқауылдардан аман қалды, 1923 жылға дейін оларға Кеңес өкіметінің шолақ белсенділері кедергі бола алмады. Осы кезге дейін Самбай тұрғындары көп ауылдардан өзгеше. Ауызбіршілігі мол, адамдары еңбекқор, жасы кіші үлкенін сыйлайды, жастары жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстайды. Сырт адам бір­ден байқайтын жайттар өткен ғасырдың басында осы ауылға білім дәнін сепкен ұлт ұстазының шәкірттерінен қалған өнеге деу­ге болады. Өйткені зиялылық пен парасаттылық басым тұрған жерде, берекесіздік пен кері кету болмайды. Ынтымағы жарасқан ауылдың елеусіз тарихы осылай үнсіз сыр шертеді.

 

Ақтөбе облысы,

Алға ауданы,

Самбай ауылы