Скринингтен өту үшін емделуші тұрғылықты жері немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханаға хабарласуы керек. Дәрігерлердің айтуынша, профилактикалық медициналық қаралу толығымен ақысыз. Тексерісті қаржыландыру міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан скринингтен өту үшін сақтандыру мәртебесі болуға тиіс. Аталған медициналық тексеріс нақты бір аурулар үшін және белгілі бір жас топтары үшін жүргізіледі. Алдымен 18 жасқа дейінгі балаларға педиатрдың, өзге де дәрігер мамандардың қарауы, қан мен зәр талдауы, медициналық-аспаптық тексерулер жүргізіледі. Сәйкесінше, балалар жыл сайын кәмелетке толғанға дейін профилактикалық тексеруден өтуі шарт. Содан соң 30 жастан 70 жасқа дейінгі ересектер қамтылады. Тексерудің бұл түріне салалық мамандардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді. Ал 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер қан айналымы жүйесі ауруларын (артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы) және қант диабетін ерте анықтау үшін тексерістен өткені абзал. Сондай-ақ көз ауруы – глаукоманы ерте анықтау үшін диспансерлік есепте тұрмаған азаматтар, сүт безінің қатерлі ісігі мен жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін 30-70 жастағы әйелдер емханада күтіледі.
– Біздің емханамызда қала бойынша 70 347 адам тіркелсе, соның 22 мыңнан астамы биыл скринингтік тексеруден өтуге тиіс. Скринингтік тексеру әр жас шамасына қарай түрлі диагноздарды анықтау мақсатында жүргізіледі. Мәселен, әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау үшін 30 жастан бастап тексеруден өткіземіз. Сүт безінің қатерлі ісігіне тексеру 40 жастан басталады. Ал ерлер мен әйелдер 50 жасқа толғанда тоқ және тік ішек қатерлі ісігі бойынша тәуекел тобына жатқызылады. Сондықтан бұл шамадағы емделушілерге міндетті түрде скринингтен өтіңіздер деп ескертеміз, – дейді Павлодар қаласының №4 емханасындағы профилактика бөлімінің меңгерушісі Айгерім Қайырова.
Жыл басынан бері бұл емханада колоректальді қатерлі ісігіне қатысты гомокульт-тестін тапсырған 122 адамда ауру көрсеткіштері байқалған. Тоқ және тік ішектің қатерсіз ісігі 69 адамда анықталып, бір тұрғында онкологиялық дерттің қатерлі түрі тіркеліпті. Сүт безі қатерлі ісігі бойынша 826 адам тіркеуге алынса, жатыр мойнының онкологиялық ауруларына қатысты – 91, қан айналым жүйесінде дерті асқынған 748 адам диспансерлік есепте тұр.
«Қант диабетіне шалдыққан, глаукома диагнозы қойылған тұрғындар да мезгіл сайын тіркеледі. Бұл адамдардың барлығы диспансерлік есепке қойылып, қажетті ем-дом жазылады. Онкологиялық ауру анықталған науқастардан биопсия алынып, бірден облыстық онкологиялық диспансерге жібереміз. Ол жақта тексеруден өтіп, ісікке қатерлі немесе қатерлі емес деген сипаттама беріледі», деп түсіндірді дәрігер маман.
Ал облыстық онкологиялық диспансердің есебіне сүйенсек, өткен жеті айда өңір бойынша 98 757 мың адам колоректальді қатерлі ісік, сүт безі обыры және жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша тексеруден өткен. Нәтижесінде, мамандар аталған негізгі үш обыр түріне жаңадан 82 адамның шалдыққанын анықтапты. Негізгі деп отырғанымыз, Павлодар облысында жоғарыда аталған қатерлі ісіктің осы түрлері кең таралған. Онкологиялық диспансердің ұйымдастыру-әдістемелік көмек бөлімінің меңгерушісі Әсем Асқарова бүгінде әйелдердің сүт безі обырына – 2 966 ана, жатыр мойны қатерлі ісігіне – 1 041 және колоректальді қатерлі ісік түрлеріне 599 тұрғын шалдыққанын айтады.
– Әйелдерде кездесетін қатерлі ісік көбінде 45-55 жастағыларда анықталуда. Тік және тоқ ішектің обыры ер және әйел адамдарда 50-55 жаста дами бастайтынын байқаймыз. Осы жасқа жақындап қалған аға-апаларымыз сақтанып жүргені дұрыс. Ауру айтып келмейді. Адам өзінің дертке шалдыққанын білмей жүре беретін жағдайлар жиі кездесуде. Біздің диспансерімізде ай сайын «Ашық есік» күндері өткізіліп, мамандарымыз келушілерге түрлі консультация береді. Осыны пайдаланып, егде жастағы тұрғындар денсаулығын күтудің жолдарын іздестіргені абзал, – деп кеңес берді бөлім меңгерушісі.
Атап өтерлігі, облыста жыл басынан бері «жасыл дәліз» қағидаты негізге алынған. Яғни науқас адам мамандардан кеңес алып және амбулаториялық жағдайда қатерлі ісік болуы мүмкін деген күдікке ілінсе, ол түрлі тексерулерге кезектен тыс бағытталады. Барлық диагностикалық анықтау шаралары жиыны он сегіз жұмыс күні ішінде жүргізіледі екен. Бұл жаңашылдық қатерлі ісік диагнозын қою кезінде емделушілердің диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Өкінішке қарай, жыл басынан бері өңірде обыр ауруынан 465 адам қайтыс болған. Мамандар қатерлі ісікке шалдыққандардың дені Павлодар қаласында тұратынын айтады.
Павлодар облысы