Аймақтар • 10 Тамыз, 2022

Тозған жолда озған өмір қайдан болсын...

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бородулиха ауданындағы ауылды елді мекендерде жолдың сапасы сын көтермейді. Кейбір ауылдарда жол мүлдем жоқ десе де болады. Бұл туралы аудан халқы облыс әкімімен кездесуде айтты.

Тозған жолда озған өмір қайдан болсын...

Бородулиха Абай облы­сын­дағы ірі агроөнер­кә­сіптік аудан­дар­дың бірі саналады. Мұнда 70 ЖШС, 458 шаруа қожалығы жұмыс істеп келеді. Жалпы жер көлемі – 698 мың гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығына арналған жер – 474,2 мың гектар. Атап айтсақ, егіс­тік көлемі – 357,2 мың гектар, жайы­лым­дық жер – 108,2 мың гектар және ша­бындыққа арналған жер – 7,8 гектар.

«Кәсіби бағдарға сәйкес аудан­ның ауыл шаруа­шы­лы­ғында өсімдік ба­ғы­тына басым­дық берілген. Бірақ мал шаруа­шы­лығы да жол қойылған. Ауыл шаруашылығы жалпы өні­мінің құрылымында өсімдік шаруа­шылығы – 60%, мал шаруа­шы­лы­ғы 40%-ды құрайды.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі – 8 млрд 513 млн 500 мың теңгеге жетті (нақты көлем индексі 100,3%). Бұл облыстағы жалпы көлемнің 7,2%-ын құрайды.

Биылғы егістік көлемі 327 900 гектар (2021 жылмен са­лыс­тыр­ғанда 8,1 мың гек­тар­ға көп), оның ішінде жаздық дақылдар 297 600 гектарға егілді», деді Боро­дулиха ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин.

Аудан аумағындағы негізгі өнеркәсіп орны Жезкент кентін­дегі Орловка өнді­ріс­тік кәсіп­орны саналады. Қазір мұнда мердігер компаниялар қызмет­кер­лерін қоса алғанда 3 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Биылғы алты айда өндіріс көлемі 28 млрд 895 млн теңгеге жеткен. Өсу қарқыны – 112,4%.

Облыстың өзге аудан­да­рын­да­ғы се­кілді Бородулихада да жол мәсе­лесі өзекті.

«Буркутово ауылындағы кі­ре­­беріс жол – 23 шақырым. Сос­­новка мен Буркутовоны байла­ныс­тыратын жол 6 жыл бойы жөндеу көрмеген. Жолдың жартысы әбден тозған. Жүргізушілер айналма жолмен жүруге мәжбүр. Биыл тек шұңқырларды жөндеу жоспарланған. Бұл аталған мәселені түпкілікті шеш­пей­ді. Өйт­кені кепілдік мерзімі бір-ақ жыл. Біз жол жөндеу жұмыс­та­ры­на бюджеттен қаражат бөлуді сұраймыз. Бұл – сметаға сәйкес 860 млн теңге», деді Таврия ауыл­дық округінің тұрғыны Наталья Старожилова.

Аудан әкімінің сөзіне сүйен­сек, қазір аудандық маңызы бар 337 шақырым жолдың 250 ша­қы­рымы қанағаттанарлық жағ­дайда. Бұл – 74,1%.

«Аудандағы автомобиль жол­дары­ның жалпы ұзындығы – 718 шақы­рым, оның ішінде 96 шақы­рымы – рес­пуб­ли­ка­лық, 285 шақырымы – об­лыс­тық және 337 шақырымы – жергі­лікті маңызға ие жолдар.

Биыл жергілікті маңыздағы жол­­дарға орташа жөндеу жұ­мыс­­тарын жүргізу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, 144 млн 586 мың теңгеге (облыстық бюд­жет­тің қаражат есебінен) ұзақ­тығы 2,8 шақырым болатын Жезкент өткізу пунктіне дейінгі кіреберістегі (РФ шекарасы) автомобиль жолын орташа жөндеу, жергілікті бюджеттен 22 млн 950 мың теңге сомасына ұзақтығы 19,4 шақырым болатын Буркотово ауылына дейінгі кіреберістегі автомобиль жо­лына ағымдағы жөндеу, сондай-ақ жергілікті бюджеттен 72 млн 200 мың теңге сомасына ұзындығы 3,5 шақырым Переменовка-Ремки бағытындағы жолға орташа жөндеу жүргізіледі.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен жалпы сомасы 396 млн 900 мың теңгеге елді мекендердегі көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудандық ауруханаға жол жөндеу жобасы жарық шамдарын орнатумен бірге аяқталды.

Бородулиха, Петропавловка, Зен­ков­ка, Ивановка ауылдарында 23 ша­қы­­рымға созылған қиыршық тас және асфальт төселген көшелерді жөндеу жұмыстары іске асырылып жатыр», деді А.Нұрғожин.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Боро­ду­лихадағы жол проб­лемасы өңір­де­гі өзге де аудан­дарға тән мәселе екенін айтты. Өңір басшысы аталған мәсе­лені жіті бақылауына алатынын жеткізді.

«Біріншіден, тікелей өзім барып қайт­қан 6 ауданда осын­дай сипаттағы проблемалар бар екенін түсіну керек. Әл­бет­те, барлық жерге қыруар ақша қажет. Егер де жобалық-сме­талық құжат дайын болса, бұл мәселені міндетті түрде қадағалаймыз. Биыл, өкінішке қа­рай, жөндеу жұмыстарының жүр­гізілуі екіталай. Бірақ келе­сі жылы бұл мәселемен мін­дет­ті түрде айналысамыз. Сон­дай-ақ ха­лық айтып жатқан өңірдегі басқ­а да жолдар мен көпір­лер­ді қарап шығу керек», деді Н.Ұранхаев.

Бұдан басқа аудан тұр­ғын­да­ры газдандыру, жарық және сумен қамтамасыз етуге байла­ныс­ты мәселелердің қашан рет­те­летінін сұрады.

 

Абай облысы,

Бородулиха ауданы