Аймақтар • 10 Тамыз, 2022

«Сарқылмайтын мұхитқа» кеш арналды

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұхтар Әуезовтен біреу: «Мұха, Абайды сарықтыңыз ба?» дегенде ұлы жазушы: «пәлі, Абай мұхит емес пе, ал мұхитты сарқуға бола ма?» деген екен.

«Сарқылмайтын мұхитқа» кеш арналды

Сол айтпақшы сарқылмайтын мұхит қазақ даласын әлі де әрлендіріп, әлі көкірек көзін аша түсуде. Данышпанның бұдан 1,5 ғасыр бұрын айтқан сөздері де пенделердің көкірек көздерін ашуда. Оның туған күнінде еліміздің солтүстік қақпасы – Қызылжар қаласы да бір сілкініп қалды.

Алдымен Абайдың ескерткішіне қаланың зиялы қауым, жергілікті билік, бизнес және БАҚ өкілдері гүлдестесін қойды. Одан кейін С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Кемеңгерліктің биік шыңы» атты әдеби-музыкалық кеш болды. Онда М.Қозыбаев атындағы «Абайтану» орталығының басшысы Жазира Көкбас, Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Қалиева, жергілікті ақындар Күлайхан Рахмет, Марал Оспанова, Диас Аяған және т.б. өлеңдерін оқыды. Кәсіпкер Жомарт Омаров Абай өлеңдері өзіне ақыл беріп қана қоймай рухани қуат беретіндігі жөнінде ағыл-тегіл айтып берді. Ал Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары Кәрібай Ердәулет, Жансая Маңкошева, Дариға Серік, Әдемі Амангелді ұлы ақынның өлеңдерін оқыса Анеля Жақсылық «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамаша орындап берді. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның домбырашысы Бәйімбет Құбайдолла Абайдың көп адам біле бермейтін күйін тартып берді.

г

Кешті кітапхананың қызметкерлері Майра Тұрғынқызы мен Қайыржан Мәлікова ұйымдастырды. Олардың кітапхана қорынан жинаған «Абай мұрасы – асыл құндылық» деген көрмесі де келгендердің көзайымына айналды.

 

ҚЫЗЫЛЖАР