22 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚАРЫМЫ

547 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жақында Мәскеуде Ресей күрес федерациясы­ның президенті Михаил Мамиашвили, Беларусьтен үш дүркін Олимпиада, жеті дүркін әлем чемпионы Александр Медведь, Қазақстаннан Ресей астанасына арнайы барған Дүниежүзілік қазақ күресі феде­рациясының президенті Серік Төкеев және басқа да беделді мамандар қатысқан Халықаралық күрес федерациясының алқалы жиынында қазақ күресінің FІLA құрамына енгені туралы хабарланды. Осыған орай төл күресіміздің FІLA аясында 2011 жылы өтетін дүниежүзілік ойындар мен еуропалық ойындар бағдарламасына кіретіні, ал 2012 жылы Литваның Шауляй қаласында жалауын көтеретін Тафиса ойындарына да біздің ұлттық күрестен жарыстардың өтетіні белгілі болды. Сонымен бірге Мәскеуде өткен бас­қосуда мамандар халықаралық дәрежедегі төреші Серік Оңғарбаевтың олимпиадалық емес күрес түрлері бойынша FІLA-ның төрешілер алқасының төрағасы болып сайланғанын хабардар етті. Осы мәселеге байланысты жақында Мәскеуде өткен жиынға қатысқан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевпен әңгімелескенімізде, ол бізге былай деді: – 12-15 мамыр күндері Мәс­кеу­де Халықаралық күрес федера­ция­сының алқалы жиыны өтті. Бұл жиынға қазақ күресінің FІLA құ­рамына қабылдау жөнінде өтініш берген едік. Осы өтінішіміз бірау­ыздан қабылданды. Қазақ күре­сінің халықаралық кілемге шығуы біздің көптен бергі мақсатымыз еді. Мұның алдында өздеріңізге белгілі, төл күресімізден екі рет әлем, бірнеше рет Азия чемпиона­тын өткізген болатынбыз. Осы бә­се­келердің бәрі ұлттық күресі­міз­дің дамуына септігін тигізуде. Де­ген­мен, қазақ күресінің FІLA-ның құрамына қабылдануы бұл төл спортымыздың насихатталып, дамуына өзгеше серпін береді деп ойлаймыз. – Биылғы жиында қандай мә­селелер қаралды, оның өткен жыл­дарғыдан ерекшелігі болды ма? – Жиында FІLA-ның күрес түрлері жөнінен комитетінің пре­зиденті болып Вилейта Гинтаутас сайланды. Сонымен бірге халық­аралық федерация комитетінің жа­нынан төрт департамент құрылды. Спорт және ойындар департамен­тінің төрағасы болып Александр Мед­ведь, ұлттық күрес түрлері де­партаментінің басшылығына Алек­сей Кыласов, қаржы және марке­тинг департаменті төрағалығына Алмамбет Анапияев сайланды. Сондай-ақ, комитет жанынан бі­лім, медиа және насихат, до­пинг­ке қарсы және медициналық қам­та­масыз ету департаменттері құ­рылды. Осы жиында біздің еліміз үшін болған тағы бір қуанышты оқи­ға, мұнда FІLA-ның төрешілер алқа­сының төрағасы болып Серік Оң­ғарбаев сайланды. Ол Олимпиа­даға төрелік жасаған, 2003 жылы Бусанда өткен жазғы Азия ойын­да­рының бас төрешісі болған өте тә­жірибелі маман. Енді біз 15-16 мау­сым күндері Швейцарияда орна­ласқан Халықаралық күрес федерациясының штаб пәтеріне барып, FІLA-ның президенті Мартинеттиден қазақ күресінің сертификатын алатын боламыз. Осы құжат төл күресімізден дүние жүзінің әр түкпірінде құрлықтық федерациялар ашуға мүмкіндік береді. – Мәскеудегі жиында қазақ күресінің Тафиса ойындарының бағдарламасына енгені туралы да хабарланыпты. Осы мәселе жөнін­де айтып берсеңіз. – Бұл төрт жылда бір рет өте­тін ойын. Онда бағдарламаға енген әрбір халықтың ұлттық өнері көр­сетіліп, спорт түрлерінен жа­рыс­тар өтеді. Біз осы ойындарға FІLA-ның аясында қазақ күресінен жа­рыс­тар өткізуге мүмкіндік алып отырмыз. – Алдағы кезде қазақ күресін Ол­им­пия ойындарына енгізу мәсе­ле­сі шешіле ме? Осы мақсатта қазір қандай жұмыстар істелініп жатыр? – Біздің қазіргі мақсатымыз қазақ күресін дүние жүзіне кеңінен насихаттау, одан құрлықтық чем­пионаттар өткізу. Қазір күрестің Олимпиада бағдарламасына енуі үшін кем дегенде 100-ден астам елдер қатысатын әлем чем­пиона­тын өткізу керек. Бұл алдағы кезде шешілетін мәселе. Қазақ күресінің Олимпиадаға енуі үшін біз алғашқы белестен өтіп отырмыз. Төл күресіміз FІLA-ның құрамына қабылданды, ендігі мақсатымыз уақыт өте келе құрлықтық бәсе­ке­лер мен халықаралық турнирлерді көптеп өткізіп, қазақ күресін барынша дамыту. – Қазір екі жылда бір рет әлем, Азия чемпионаттары өткі­зіліп келеді. Биылғы жылы осы бай­рақты бәсекелер қай жерде өтетін болады? – Биыл Азия чемпионаты 10-17 маусым аралығында Өскеменде өтеді. Осы жерде құрлықтық бә­секені өткізуге қолда бар мүм­кін­дігін жасап жүрген Азия федера­циясының президенті, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рза­құл Нұртаев пен оның бірінші ви­це-президенті, осы облыстың дене тәрбиесі және спорт басқармас­ы­ның бастығы Садық Мұстафаевқа алғысымызды білдіргіміз келеді. Ал әлем чемпионаты 24-27 қы­р­күй­ек­те Астана немесе Ақтау қаласында өткізу жоспарлануда. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.