Медицина • 11 Тамыз, 2022

Скринингтік тексеру нәтижесі: Жүрек-қан тамырлары аурулары азаймай тұр

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күнделікті күйбең тіршіліктің соңына түскен халық кейде бойын дерт меңдегенін байқамай да қалады. Байқаған күннің өзінде «әне қараламын, міне көрінемін» деп ерініп жүріп, сырқатын екі есе асқындырып алып жататыны тағы бар. Ал асқынған аурудың адамды әбігерге салатыны, тіпті кейде дерт қатты жаулаған жағдайда кісі шығыны орын алатыны белгілі. Сол үшін де тұрғындар уақытты сағызша созбай, уақтылы скринингтік тексерулерден өткені ләзім.

Скринингтік тексеру нәтижесі: Жүрек-қан тамырлары аурулары азаймай тұр

Өңірде алғашқы жарты жыл­дың қорытындысы бойынша қанша адам скринингтік тек­се­ру­ден өтті? Аза­мат­тардың ба­сым бөлігінен қандай ауру түр­лері анықталды? Жалпы, ск­ри­­нингтік тексеруден өтудің пайдасы қандай? Осы сауалдарды облыстық денсаулық басқармасының басшысы Әсет Қалиевке қойған едік. Бас­қар­ма басшысының айтуын­ша, бұрынғыға қарағанда жам­был­дық жұртшылық скринингтік тексеруден өтудің маңызы зор екенін тереңірек түсіне түскенге ұқсайды. Содан да болса керек, өңір тұрғындарының белсенділігі артқан. Әйтсе де, аурудың кейбір түріне шал­дық­қан азаматтардың қатары сирейтінге ұқсамайды.

«Ілгеріде азаматтар ауруды әбден асқындырып барып қана дәрігерлердің көмегіне жүгініп жататын. Бұл әлбетте дұрыс емес. «Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» деген сөздің мә­нісін қазір халық та жақсы түсіне бастады десек, қателесе қоймаспыз. Қолда бар деректерге көз жүгіртсек, өңір тұрғындары денсаулыққа баса назар аудара бастағанын түсіне түсеміз. Жалпы, скринингтік тексеру бірнеше бағыт бойынша жүргізілетінін айта кеткен жөн. Профилактикалық тексеруден 0-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер өтуге тиіс. Өңір бойынша 344 425 бала осы бағыт бойынша тексеруден өтуі қажет болса, бүгінге дейін олардың 164 545-і қамтылды. Нақты нәтижеге зер сал­сақ, 14 822 баланың түрлі дертке шал­­дыққаны анықталғанын көреміз. Олар­дың барлығы да есепке алынды. Тексеру нәти­жесінен аңғарғанымыз, бала­лар­дың басым көпшілігінің кө­зінде ақау бар екен. Сондай-ақ тірек-қимыл жүйесіндегі әртүрлі өзгерістер де сол санатқа жатады. Бүгінгі таңда оларды оңалту бойынша нақты жұ­мыс­тар атқарылуда», дейді басқарма бас­шысы жағдайды түсіндіріп.

Ә.Қалиевтің айтуынша, ере­сек­тер арасында жүргізілетін скри­нингтік тексерулер бір­неше бағыт бойынша ұйым­дас­ты­ры­лып келеді. Ал өңір тұрғын­да­рының басым көпшілігі жүрек-қан тамырлары ауруына жиі шал­дығады.

«Ересектер арасындағы скри­нинг­­­тік тексеру негізінен алты бағыт бо­йынша жүргізіледі. Олардың қатарына жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома, жатыр мойнының қа­тер­лі ісігі, сүт безі, тоқ ішек және тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау кіреді. Аталған ба­ғыт­тар бойынша бү­гінде нақты жұмыстар қолға алын­ған. Жалпы, өңір бойынша осы жылы 201 864 тұрғын скринингтік тексеру­ден өтуі керек. Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша 141 264 азамат дер кезінде тексерілді. Нәтижесінде, 13 253 азаматтың бойында түрлі дерт бар екені анықталды. Облыс тұр­ғын­да­ры негізінен жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, глаукома секілді дерттерге көптеп шалдыққан. Әсіресе аза­мат­тар­дың жүрек-қан тамырлары ауруына жиі шалдығатыны белгілі болып отыр. Артериялық қан қысымы жоға­ры­лағандардың қарасы басым. Атал­ған азаматтардың барлығы да есепке алынды. Тек­серу нәтижесінде сүт безі бойынша 39 713 тұрғынның 26 904-інің жағдайын зерделедік. Нәти­же­сінде, 4 752 азаматтың дертке шал­дыққаны нақтыланды. Бұл жерде аталған азаматтардың барлығы бірдей қатерлі ісікпен ауырып отыр деуге келмейді. Тұрғындарды дер кезінде есепке алып, жұмыстар жүргізген ләзім. Оны жақсы түсінеміз. Ерте қам­дан­ған жағдайда аталған ауру қатерлі ісікке ауысқан күн­нің өзінде емдік шаралар жасап, жағдайды оңалтуға болады. Ал глаукома мен қант диабеті секілді дертке шалдыққан нау­қас­тардың саны аз. Бізде жыл­дың соңына дейін уақыт бар. Скринингтік тексеруден өтуге тиіс тұрғындардың барлығын жылдың ая­ғы­на дейін қамтитын боламыз», дейді басқарма басшысы.

Ә.Қалиевтің айтуынша, скри­нинг­тік тексеруден өтудің тұр­ғындар үшін мол пайдасы бар. Уақтылы тексерілген жағдайда адам­дар қандай сырқатқа тап бол­ғандарын дер кезінде біліп, ер­терек емдеу шараларымен қам­тылмақ.

Өңірде адам өлімі көбінесе жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан тұрғындар арасында жиі ұшырасады. Сондай-ақ тыныс алу жүйелері зақым­­дан­ған, онкологиялық дертке шал­дыққан, жол-көлік апатына ұшыра­ған­дардың да өмірмен қош айтысуы жиілеген.

«Өңір тұрғындары скрининг­тік тек­серудің маңызы өте зор екенін тереңі­рек түсінсе дейміз. Ауруды бас­тапқы кезеңде анық­та­ғаннан ешкім ұтылмайды. Тиісінше науқас адамның емде­луі­не мүмкіндік мол болса, біз­дің мамандар да аянып қалмақ емес. Жұрт айтып жүргендей он­ко­логиялық ауру салдарынан бақилық болғандардың басым бөлігі үшінші және төртінші сатыға өткен азаматтар арасында тірке­леді. Сондықтан да азаматтар дер ке­зінде тексеріліп тұрғаны жөн», дейді Ә.Қалиев.

Расында да қамданған қарап қал­май­тынын нақты түсінетін кез келіп жетті. Тұрғындардың бұрынғыға қара­ғанда белсенділік таныта баста­ғаны қуантады. Әйтсе де, кейбір азаматтардың ауруды асқындырып алатын жағдайлары аз емес. Олар да дер кезінде емделудің пайдасы зор екенін түсінсе дейсің...

 

Жамбыл облысы