Аймақтар • 11 Тамыз, 2022

Шабындық... бірде көл, бірде шөл

626 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шабындыққа шалғы түсіп, ауыл жұр­ты төрт түліктің қысқы жемшө­бін қамдаудың қамына кірісті. Биыл өңір бойынша 1 млн тоннадан астам шөп дайындау жоспарланып отыр. Дей тұрғанмен, жаздың құрғақ әрі ыстық болуынан шабындықтар айтарлықтай шығым көрсетпеуде.

Шабындық...  бірде көл, бірде шөл

Әсіресе Бая­науыл­да жағдай күрделі. Мұнда гектары­нан жиналатын шөп небәрі – 2-3 центнер. Аз ғана жемшөп үшін дү­ниенің трактор отынын шы­ғындаған шаруалардың еңбегі еш, тері сор болуда.

Ертіс-Баян өңірінде қыс ұзақ. Кейде сәуір айына дейін қалың қар ерімей, бауырлап жатып алатынына байланысты мал азығын молынан қамдаған дұрыс. Осыны негізге алған шаруашылықтар жыл сайын шөпті жоспардан асырып шауып жүр. Десе де биыл жауын-шашынның аздығынан аудандарда шөптің шығымы нашар.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқар­масы өсімдік шаруа­шы­лығын дамыту бөлі­­мі­нің басшысы Есентай Мүр­сәлімовтің дерегінше, қысқа 1 млн 104 мың тонна шөп қам­далуға тиіс. Бұл көлем шамамен 1,5 млн гектардан жиналады. Қазіргі уақытта 857 мың гектардан шөп шабылып, жалпы көлемі 500 мың тоннадай шөп маяланған. Оның 105 мың тоннасы Ертіс өзенінің жайылмаларынан шабылыпты. Шабындықтарға жалпы саны

1 786 шалғы түсірілген.

– Шөптің шығымдылығы бойынша Екібастұз ауылдық аймағындағы шабын­дықтар тәуір нәтиже көрсетіп отыр, гектарынан 20 центнерден айналуда. Тереңкөл, Май аудандарында да көрсеткіш жаман емес. Тауарлы-сүт фермаларын ұстап отырған шаруашылықтар қысқы уақытқа пішендеме дайындауға да кірісіп кетті. Успен, Шарбақты, Павлодар, Железин, Тереңкөл аудандары мен Ақсу ауылдық аймағы жалпы көлемі 78 мың тонна пішендемені қысқа сақтауға ниетті. Бұған қоса кейбір шаруашылықтар жылдағыдай сүрлем әзірлеуге асығулы. Оны толықтай жүгеріден бастыратыны себепті жазғы агротехникалық шаралардың толықтай аяқталуын күтіп отырған жайы бар, – деп баяндады Есентай Базарбайұлы.

Атап өтерлігі, өңірде бүгінде Ақтоғай, Май, Успен аудандары шөп дайындаудан алда келеді. Әрқайсысы 120 мың тоннадан астам мал азығын қамдап үлгеріпті. Ал 256 мың гектардан астам жерге көпжылдық шөптер еккен Павлодар мен Ақсу шаруалары да білектерін сыбанып, қалың шалғынға шалғы түсіре бастапты. Аталған қос өңірдің қажеттілігі суармалы шабындықтар есебінен жабылатынын ескерген жөн.

Өкінішке қарай, Баянауылдағы шаруа қожалықтары биыл жеткілікті шөп жинай алмайтыны белгілі болуда. Маусым-шілде айларында жауын-шашынның өте аз көлемде түсуінен шабындықтар күйіп кеткен. Тау бөктерлеріндегі көдені амалдап шауып жатқан мал иелері гектарынан ең көбі 3,3 центнер жинайтындарын айтып қынжылды. Амалы құрыған шаруалар қазір Аққулы мен Шарбақты аудандарынан еркекшөпті (житняк) бумалармен тасып жатыр. Жол шығынын есептеумен әр бума шөп шаруаның қорасына жеткенде 800-900 теңгеге бағаланады. Бір бумада небәрі 20 кг еркекшөп бар. Сонда бір тонна мал азығы үшін баянауылдық шаруалар орташа есеппен 42 500 теңге шығындалып отыр деген сөз.

– Алдағы қыс біздің шаруашылық үшін өте қиынға соғатынын білеміз. Шабын­дықтарымыз күйіп кетті. Сырт­тан шөп сатып алуға өте көп мөлшерде қаражат қажет. Өзіміз осыдан екі жыл бұрын ғана тыңнан ферма салып, қора-қопсымызды жаңадан тұрғыздық. Мал азығы мәселесі біздің аумақтағы шаруа баққан ағайынды күйзелтіп тұр. Үйдегілер ақылдаса келе қыстан қысылмай шығудың амалы – қолда бар түліктің санын азайту деген шешімге келдік. Қожалығымызда 100 бас қара мал бар. Биыл күзде оның біразын сатамыз деп бекініп отырмыз. Бұдан бірер жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып несиеге біраз мал сатып алып едік. Енді оны өтеудің өзі біз үшін үлкен ауыртпалық болайын деп тұр, – дейді Баянауылдағы «Нұрсат» шаруа қожалығының басшысы Әсет Садықов.

Ал Баянауыл ауданының әкімі Се­рік Батырғожинов Қаратомар, Күр­ке­лі, Жаяу Мұса ауылдары аума­ғын­да шөптің шығымы жаман емесін, жер­гілікті шаруашылықтар өзін қамти ала­тынын жеткізді. Мәселе, өңір­дің сол­түс­тігі мен солтүстік-батыс ау­мақ­та­рындағы елді мекендерде қалып­тасып отыр.

– Еркекшөпті тонналап алған тиімді. Аққулы, Ақтоғай, Май аудандарының шөп дайындаушылары тоннасын 30 мың теңгеден жеткізіп береді. Тек алдын ала келісу керек. Тұрғындарға ертерек қамдану қажет екенін ескертіп жатырмыз. Баянауыл төңірегінде 100 мыңнан аса қара мал, 105 мыңдай қой-ешкі және 50 мыңның үстінде жылқы бар. Осын­шама малды қыста азықпен қамту оңай шаруа емес. Дегенмен былтырғы қыс жылы болып, жеке аулалар мен шаруашылықтар қыс бойы төрт түлігін далада жайып шықты. Алдымызда қандай қыс келе жатқанын бол­жап айту қиын. Сондықтан бұл мәселе біздің назарымызда болады. Тамыз айы жаң­быр­лы басталды. Шабындық жерлер енді көтері­леді деген үмітіміз де жоқ емес. Жалпы, мал азығын дайындау науқаны алғашқы қар түс­кенше жалғаса береді, – дейді Серік Барлы­байұлы.

Ауыл шаруашылығы басқарма­сының мәліметіне сүйенсек, шөп шабу науқаны үшін Үкіметтен бөлінетін арзан жанар-жағармай сатып алуға өңір шаруаларынан өтініштер түскен. Жалпы саны 386 шаруа қожалығы жиыны 4 мың тонна трактор отынына тапсырыс беріпті. Қожалықтардың өтініштері Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберілген екен. Алайда ол жақтан әлі күнге жауап жоқ деп қол қусырады мекемедегілер.

 

Павлодар облысы