Аймақтар • 12 Тамыз, 2022

Солтүстікке көшіп келушілердің жағдайымен танысты

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Келлеровка ауылында болып, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру аясында өңірге оңтүстік облыстардан көшіп келген азаматтардың өмір сүру жағдайымен танысты.

Солтүстікке көшіп келушілердің жағдайымен танысты

Т.Дүйсенова Тайынша ауданы Келлеровка ауылының активімен кездесу өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласы, халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту шаралары жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы айтты.

Министр сондай-ақ еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру аясында республиканың оңтүстік өңірлерінен Солтүстік Қазақстанға көшіп келген ауыл тұрғындарын аралады.

2016 жылдан бастап, жұ­мыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуы бойын­ша іс-шаралар жүзеге асырыла бастағаннан бері Солтүстік Қазақстан облысына 287 отбасы (959 адам), оның ішінде 2022 жылдың басынан бастап 25 отбасы (94 адам) көшіп келді. Келлеровка ауылдық округіне 22 отбасы (85 адам), оның ішінде осы жылы 4 отбасы (17 адам) келді.

Келлеровка ауылында қалу туралы шешім қабылдаған барлық қоныс аударушы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Еңбекке қабілетті жастағы 34 қоныс ауда­ру­шының 23-і тұрақты жұмыс орын­дарына орналастырылды, 5 адам өз ісін ашты, 6 адам бала күтімімен және үй шаруашылығын жүргізумен айналысады.

Қоныс аударушылар отба­сыларының балалары балабақша мен мектепке орналастырылған.

Қоныс аударушылардың өмір сүру жағдайымен та­нысқан Т.Дүй­сенова еңбек ресурс­тарының ұтқы­р­лығын арттыру шеңберіндегі шара­ларды іске асырудың оң нәти­желерін атап өтті.

«Бастапқыда бұл шаралар Нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде көз­делген болатын. Биылдан бастап бұл «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылуда. Ерікті түрде қоныс аудару екі мәселені шешуге мүмкіндік береді: өз өңірлерінде жұмысқа орналаса алмаған қазақстандықтарды жұмыспен және жұмыс берушілерді қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету. Келлеровка ауылының үлгісінде қоныс аударушылар үшін жақсы өмір сүруге барлық қажетті жағ­дайлар жасалғаны байқалады», деді Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау ми­нистрі.

Естеріңізге сала кетейік, өңір­аралық ерікті қоныс аударуға жұ­мыс іздеп жүрген адамдар, жұ­мыс­сыздар және олардың отбасы мүшелері қатысады.

«Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасымен (бұдан әрі – ұлттық жоба) Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түр­кістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды. Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау өңірлері: Ақмола, Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары.

Ұлттық жоба шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидиялар түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

- отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржол­ғы төлем (2022 жылы – 222,6 мың теңге);

- тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді. Төлем мөлшері қалаға қоныс аударғандар үшін бір адам үшін 20 АЕК-тен (61,3 мың теңге), отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп адам болса 30 АЕК-ке (91,9 мың теңге) дейін, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін – бір адамға 15 АЕК-тен (45,9 мың теңге) бастап, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болса 21 АЕК-ке дейін (64,3 мың теңге) құрайды.

Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады.

Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс беру­шілерге кемінде 2 жыл мерзімге тұ­рақты жұмысқа орналасқан және тұрғын үймен қамтамасыз етілген әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекет жұмыс берушілерге қоныс аударушылар үшін ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үй салуға жұмсалған шығынның 50%-ына дейін субсидиялайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы