Қоғам • 12 Тамыз, 2022

Оныншы қабаттан құлаған баланы қағып алған

231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда тұрғыны Талғат Әбдіханұлы 10-қабаттан құлаған баланы қағып алған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Оныншы қабаттан құлаған баланы қағып алған

«Осы жылдың 31 шілдесінде сағат 20:50-де құтқару қызметіне жедел жәрдемнен қоңырау түсті. Онда Қабанбай батыр даңғылы, 42 мекенжайында орналасқан үйдің 10-қабатынан бала құлағаны айтылған. Биіктен құлаған бала 2017 жылы туған. Оны сол үйде тұратын 1988 жылғы азамат жолай өтіп бара жатып кездейсоқ көріп, дереу баланы қағып алуға тырысқан. Ол осылайша баланы жерге қатты соғылудан сақтап қалды. Дегенмен бүлдіршін қазір №2 аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр», деді ТЖД баспасөз қызметі.

Департамент өкілдері баланы құтқарып қалған Талғат Әбдіханұлын марапаттауды жөн көріп, оған хабарласқан. Алайда ол бүлдіршіннің ауыр халде жатқанын алға тартып, марапаттан бас тартыпты.

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы құлап кеткен бес жасар қыздың жағдайы туралы айтты.

«31 шілдеде ауруханаға 2017 жылы туған науқас жеткізілді. Бала нейрохирургия бөлімшесінде емделіп жатыр. Ол түрлі дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта баланың жағдайы ауыр. Ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бала толықтай емделіп, тексерілуде», деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

ТЖД өкілдерінің сөзіне қарағанда, терезеден құлау – балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Негізінен, 3 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден құлау қаупіне ұшырайды. Елордалық ТЖД бұл баланың өзі терезе алдында ойнаудың қауіптілігін әлі бағалай алмайтын жас екенін атап өтті. Құлау жағдайларының көпшілігі ата-аналар балаларын қараусыз қалдырған кезде орын алады.

Қалалық ТЖД-да ата-аналар балалармен тұрақты негізде әңгіме жүргізіп, оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, кішкентай балаларды терезелері ашық бөлмеде жалғыз қалдырмау керегін атап өтті. Оның ішінде балалардың төсекте немесе терезенің жанында орналасқан басқа жиһазда ойнауына жол бермеу керек.

«Ешқашан москит торларына сенбеңіз. Бұл құлаудан қорғауға арналмаған. Керісінше, мос­кит торы қайғылы жағдайға ықпал етеді. Өйткені бала өзін қауіпсіз сезінеді және терезеге де, оған да сүйенеді. Көбінесе балалар осы торлармен бірге құлап кетеді. Мүмкіндігінше, терезелерді (желдеткіштерді) төменнен емес, жоғарыдан ашыңыз. Егер үйде кішкентай балалар болса, терезелерге құлпы бар арнайы тұтқаларды (торды) және кішкентай балалардың терезені ашуына жол бермейтін басқа құрылғыларды орнату қажет», деп атап өтті Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД өкілдері.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 101, 112 нөміріне қоңырау шалу керек.