Ғылым саласы жолға қойылған моношаһардағы көпсалалы ауруханаға 10 мыңдай адам тіркелген. Алайда қажетті маманның тапшылығынан халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету қиын болып тұр.
Аталған медициналық ұйымның бас дәрігері Зәуре Садыбекова қазір ғимараттың екінші қабатында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Біздің аурухана 1980 жылы салынған. Курчатовта тек бір аурухана, яғни біздің ұйым ғана халыққа қызмет көрсетіп келеді. Алайда тіркелген халықтың саны – 10 мың. Мекемеде тәулік бойы қызметке арналған 35 төсектік орын, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі, қабылдау бөлімінің жұмысы және клиникалық-диагностикалық емхана жолға қойылған. Биыл екінші қабатқа 73 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 100 киловатт-сағат болатын дизель стансасы салынды. Сонымен қатар аурухана 24 млн теңгеге лифт жабдықтарымен қамтамасыз етілді», деді З.Садыбекова.
Бұл орайда медициналық ұйым ғимаратының басқа да қабаттары жөндеуді қажет ететіні айтылды. Сонымен қоса мұнда кейбір жабдықтар мен кадрлар жетіспейді.
«Үнемделген қаражат есебінен аумақта көркейту жұмыстары жүргізіліп, тас төсемдері орнатылды. Келесі жылы ғимараттың қалған қабаттарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Негізі жобалық-сметалық құжат дайын болған. Бірақ оның уақыты ескіріп кеткендіктен жаңасы дайындалып жатыр. Медициналық жабдықтар да қажет. Неге десеңіз, босандыру бөлмесін екінші деңгейге ауыстыру жоспарланып отыр. Сондықтан босандыру бөлімшесін балалар мен ересектерге арналған өкпені жасанды жеделдету аппаратымен жарақтау қажет.
Бұдан бөлек, кадр мәселесі өзекті. Мысалы, бізге хирург, педиатр, кардиолог және гинеколог сынды мамандар жетіспейді», деді аурухананың бас дәрігері.
Сондай-ақ медициналық ұйымның басшысы ауруханаға кіреберіс жолдың жоқтығын айтып, жарықтандыру мәселесі шешімін тапса екен деген өтінішін жеткізді. Себебі кешкі уақыттарда бұл маңнан ауруханаға апаратын жолды табу қиын.
Өңір басшысы Курчатовтағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, оның ішінде жергілікті денсаулық сақтау саласын реттеу үшін қалаға «ғылым қалашығы» мәртебесін беру керек деп санайды. Осы арқылы жоғарыдағы қордаланған проблемалар лайықты шешімін табар еді дейді облыс әкімі.
Абай облысы,
Курчатов қаласы