Жексенбі күні Астанада Туризм және спорт министрлігі, қала әкімдігі мен республикалық Таэквондо федерациясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет спорттың осы түрінің техникасын көрсету (пумсе) бойынша Азия чемпионаты мен WTF версиясынан ХІХ құрлықтық бәсекесі өтеді. Оған 20 елдің 380 спортшысы қатысады.
Сонымен бірге, министрліктің Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, спортшылардан басқа чемпионатқа 28 елдің техникалық және төрелік жасайтын қызметкерлері қатысып, тәжірибелерімен бөліседі. Осы тұста Азия чемпионатының Астанада алғаш рет өткізілетіндіктен аталмыш министрліктің бастамасымен 14-18 мамыр күндері таэквондодан тұңғыш рет әлемнің 35 елінің өкілдері қатысқан төрешілердің халықаралық семинар мен Азия таэквондо одағы Бас Ассамблеясының кезекті мәжілісі өткенін атап өту жөн. Сәрсенбіде, аталмыш жиынның соңғы күні АТО басшысы Дай Сон Лей халықаралық семинар мен Бас Ассамблея отырысының жоғары деңгейде өткенін, онда Қазақстанда спорттың осы түрінің дамуына қатысты бірқатар мәселелердің де қаралғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі күні Қазақстан Азия құрлығы бойынша таэквондоны дамытуда бесінші, ал әлемде он жетінші орынды иеленіп отыр. Алдағы кезде АТО елімізде таэквондоның насихатталып, оның дамуына қолда бар мүмкіндікті көрсететін болады.
Ал биылғы Азия чемпионатына келер болсақ, Қазақстан таэквондо федерациясының президенті Шамсат Исабеков, мемлекеттік жаттықтырушы Мақсұт Нарбаев пен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Қырғызбаев елордада өтетін бәсекеде ерлер және әйелдер құрамасының бүгінгі таңда құрлық бойынша ең үздік саналатын Оңтүстік Корея, Жапония, Иран мен басқа да елдердің спортшыларына лайықты деңгейде қарсылық көрсететіне сенім білдіруде. Естеріңізге сала кетсек, осы чемпионатқа ұлттық құрама сапында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, 87 кг. салмақтағы Азия чемпионы Арман Шылманов та қатысатын болады.
Дастан КЕНЖАЛИН.