22 Мамыр, 2010

АСТАНАДА – АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жексенбі күні Астанада Туризм және спорт министрлігі, қала әкімдігі мен республикалық Таэквондо федерациясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет спорттың осы түрінің техникасын көрсету (пумсе) бойынша Азия чемпионаты мен WTF версиясынан ХІХ құрлықтық бәсекесі өтеді. Оған 20 елдің 380 спортшысы қатысады. Сонымен бірге, министрліктің Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, спортшылардан басқа чемпионатқа 28 елдің техникалық және төрелік жасайтын қызмет­керлері қатысып, тәжірибелерімен бөліседі. Осы тұста Азия чемпио­на­тының Астанада алғаш рет өткі­зілетіндіктен аталмыш министрлік­тің бастамасымен 14-18 мамыр күндері таэквондодан тұңғыш рет әлемнің 35 елінің өкілдері қатыс­қан төрешілердің халықаралық семинар мен Азия таэквондо одағы Бас Ассамблеясының кезекті мәжілісі өткенін атап өту жөн. Сәрсенбіде, аталмыш жиынның соңғы күні АТО басшысы Дай Сон Лей халықаралық семинар мен Бас Ассамблея отырысының жоғары деңгейде өткенін, онда Қазақ­стан­да спорттың осы түрінің дамуына қатысты бірқатар мәселелердің де қаралғанын атап өтті. Оның айту­ынша, қазіргі күні Қазақстан Азия құрлығы бойынша таэквондоны дамытуда бесінші, ал әлемде он жетінші орынды иеленіп отыр. Алдағы кезде АТО елімізде таэк­вон­доның насихатталып, оның да­муына қолда бар мүмкіндікті көр­сететін болады. Ал биылғы Азия чемпионатына келер болсақ, Қазақстан таэквондо федерациясының президенті Шам­сат Исабеков, мемлекеттік жаттық­тырушы Мақсұт Нарбаев пен ұлт­тық құраманың бас бапкері Қайрат Қырғызбаев елордада өтетін бәсе­ке­де ерлер және әйелдер құрама­сы­ның бүгінгі таңда құрлық бой­ынша ең үздік саналатын Оңтүстік Корея, Жапония, Иран мен басқа да елдердің спортшыларына лай­ықты деңгейде қарсылық көр­се­те­тіне сенім білдіруде. Естеріңізге са­ла кетсек, осы чемпионатқа ұлт­тық құрама сапында Бейжің Олим­­пиа­дасының қола жүлдегері, 87 кг. салмақтағы Азия чемпионы Арман Шылманов та қатысатын болады. Дастан КЕНЖАЛИН.