Таным • 14 Тамыз, 2022

Күн гүлі

519 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тамылжыған тамызда Өскеменнен қай бағытқа шыға қалсаңыз да, жолды жағалай қаулаған күнбағысқа қарап таңғалар едіңіз. Бірақ мұндай сұлулықтың маусымы тым қысқа. Күнбағыс бір, бір жарым апта ғана гүл атып, құлпырып тұрады. Сондықтан да шығар, дәл осы уақытта фотографтар, мобилографтар күнбағыс алқабын арнайы шығып таспаға тартады.

Күн гүлі

Сап-сары дала. Қыздың кесте­сіндей көркем. Бұл майлы дақылдың тұқымы себілген соң тез қылтияды, тез көтеріледі. Аз ғана уақыт гүл жарып, жайқалады. Жайқалған тұсын­да маңайынан бал араның ызыңы жиілеп, көбелектер қонғыштайды. Өткен-кеткен жолаушылар аялдап, суретке түседі. Гүлі түсіп, дәні піскен тұста бастары салбырап, бүкірейеді. Бұл кезде құстар шоқып, кескін-келбетін одан сайын кетіреді. Ертең диқан келіп орып алғанша сүрең тартып, жүдей береді. Жүдеген сайын дәні піседі. Бейне бір адамның ғұмырындай...

Шығыс Қазақстандағы егістік ал­қабының көбін күнбағыс алып жат­қан секілді. Бәлкім, солай да шы­ғар. Ауыл шаруашылығы басқармасы ма­мандарының мәліметінше, биыл 189 мың 571 гектар жерге күнбағыс егі­ліпті. Аз емес. Соған қарай жер­гі­лік­ті жерде май бағасы арзандаса дей­сің ғой. Күнбағыс қамбаны толты­рып, қалтаны қампайтқанымен, топы­­рақ­тың бар нәрін сорып алады. Техно­логия бойынша бір рет егілген аумақ­­қа үш-төрт жылға дейін қайтіп күн­бағыс егуге болмайды.

Ал күнбағыстың тарихына үңілсек, еуропалықтар Американы ашқан кезде Мексиканың жазығынан басы күндей гүлдерді көрген екен. Әуелде оны «күн гүлі» деп атап, кейіннен пайдасын білген. Еуропа-Азияға алғаш осыдан 400 жыл бұрын келген күнбағыс бүгінде Қазақстанның Шығыс, Солтүстік өңірлерінде көптеп өсіріледі.

 

Шығыс Қазақстан облысы