Тарих • 14 Тамыз, 2022

Мырзашөл-Шардара өңіріндегі ашаршылық

1453 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бүкіл Қазақстанды қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің зұлматты жалыны Оңтүстікті, оның ішінде Мырзашөл-Шардара өңірін де айналып өтпегені архив деректерінен белгілі. Бұл жылдары Мырзашөл-Шардара аймағы «Бетпақ дала» (Голодная степь) деп аталып, Түркістан өлкесіне қарасты Жызақ уезінің құрамына енген екен.

Мырзашөл-Шардара өңіріндегі ашаршылық

Самарқан облысы Жызақ уезінің жері 21 болыстыққа бөлінген. Ол кезең­де Жызақ уезінің орталығына жақын отырықшы қышлақтардан өзге болыстардың барлығын дерлік көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі қазақтар мекендеген. Тарихта осы өңірде 1916 жылғы патша үкіметінің тыл жұмыстарына алу жөніндегі маусым жарлығына қарсы Орта Азиядағы ең үлкен, қанды көтерілістердің бірі – Жызақ көтерілісі болғанын білеміз. Көтерілістің басталуына патшаның қара жұмысқа алу туралы жарлығы түрткі болғанымен, тарихи астары тым әріде жатыр еді. Патша үкіметінің отар­лау саясаты бойынша жергілікті оты­рықшы халықтың астық өсіруге қолайлы егіндік жерлері, су тоғандары мен арықтары, көшпелі қазақтардың шұрайлы жайылымдары тартып алынып, Ресейдің орталық аудандарынан әкелінген қоныстанушы орыс шаруаларына үлестіріліп берілді. Әп-сәтте дайын құнарлы егіс алқаптары мен шұрайлы шабындыққа ие болған орыс мұжықтары аз уақытта байып, аш-жалаңаш күй­де қазақ даласына сүйретіліп зорға жет­кенін тез-ақ ұмытты. Олар Ресейдегі 1861 жылға дейін басыбайлы құқық жойылғанға дейін өздеріне зәбір көрсет­кен қожайындарының іс-әрекетін осында дәлме-дәл қайталап, малы мен жерінен айырылып, қайыршылық күйге түскен жергілікті халықты құл есебінде жұмсай бастады. Дандайсыған кейбір мұжықтар егіндік-жайылымдық жерімді бүлдірді деген желеумен иелігіне жақын келген малдарын тартып алып, дауласуға келген «түземдіктерді» атып тастап отырды. Келімсектердің осындай жүгенсіз іс-әрекеттеріне тоқтау салудың орнына, оларды қолдап-қолпаштап, қолына қару беріп, жергілікті халыққа қарсы айдап салып басқарып отырған патша үкіметінің отаршылдық саясаты – жергілікті халықтың өкпе-ренішін қара қазандай қайнатып, шыдамының шегіне жеткізген еді. Жығылғанға жұ­дырық болғандай, осы кезеңде мемлекет мұқтаждығы үшін деп жергілікті ха­лық­тан алынатын жаппай реквизиция түріндегі салықтар көлемі де бірін­ші дүниежүзілік соғысқа байланысты шамадан тыс өсіп кеткен болатын. Осындай әлеуметтік шиеленісті жағдайда тыл жұмысына алу жөніндегі 1916 жылғы маусымдағы патша үкіметі­нің арнайы жарлығының шығуы тұтан­ғалы тұрған отқа май құйғандай әсер етті.

Жызақ уезі халқының наразылығы шілде айының 2-12 күндері аралығын­дағы ұйымдаспаған сипаттағы бой көрсетулерден басталды. Патша жарлы­ғы­ның мазмұнымен құлақтанып үлгер­ген жергілікті жұрт біртіндеп топтаса келе, 13 шілде күні жергілікті полиция приставының старшыны М.Құдияровтан қара жұмысқа алынатын азаматтардың аты-жөні жазылған тізімді жоюды талап етті. Талаптары орындалмаған ашулы халықтың наразылығы М.Құдияров бас­таған арнайы орган өкілдерін өлтірумен жалғасты. Әрі қарай қолына түскен шоқпар, таяқ сойыл, таспен қаруланған көтерілісшілер тобы уезд шенеуніктері отыратын әкімшілік ғимаратына шабуыл жасады. Әп-сәтте Жызақ уезінің басшысы, полковник Рукин мен пристав Зотогловтың көзі жойылды.

Көтеріліске қожа руынан шыққан атақ­ты ишандар – Нәзір қожа Әбдіс­ә­ламов, Әбдірахман Әбдіжаппаров, ха­лық судьясы Турадбеков, Қасым қо­жа, т.б. дін өкілдері басшылық жасаса, негізгі қозғаушы күшін егінші өзбек­тер, саудагер сарттар, малшы қазақ­тар құрады. Көтерілісшілер темір жол стансасына, әскери казармаға, телеграф желілеріне шабуылдап, жанар-жағар май құйылған қоймаларды өртеп, көзіне түскен әкімшілік адамдарын, әбден зәбірі өткен орыс мұжықтарын өлтіре бастады. Қарулы наразылықтың ауқымы Жызақ қаласының шегінен шығып, Санзар, Замин, Богдан деп ата­ла­тын болыстың аумағына да тарала бастады. Халық наразылығын басу үшін Ташкент және Жызаққа жақын қалалардан құрамында 6 зеңбірекпен қаруланған 13 рота, 3 казак жүздігі, 1 рота саперлік әскерилері бар тұтас армия әкелінді. Жай ғана топтық бас көтеруден патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы ашық соғысқа айналып үлгерген халық көтерілісін жазалау операциясын тікелей жүргізу үшін Жызақ уезіне Түркістан генерал-губернаторы А.Куропаткиннің өзі арнайы келді.

Орасан зор қаруы бар жаза­лау­шы отряд басшысы, полковник Ива­нов қарапайым қаруланған Жызақ қаласындағы көтерілісшілерді зұлым­дықпен басып-жаншып, наразылық қамтыған қышлақ-ауылдарды жаппай өртеп, халқын қанды қырғынға ұшы­рат­ты. Жазалаушы отряд көзге түс­кен «түземдіктерді» оңды-солды атып, әйелдерді қатыгездікпен зорлай­ды, жер­гілікті халықтың піскелі тұрған астығына өрт қойып, мал-мүлкін талау­ға салады. Жазалаудан аман қалған көтерілісшілер әскери сотқа тартылады. Жызақ уезіне қарасты көшпелі қазақтар мекендейтін Атақорған, Қызылқұм, Қорғантөбе, Шардара, Пістелітау, Көктөбе сынды 6 болыстың тұтастай халқы жазалаушы отряд қырғынынан бас сауғалап аман қалу үшін Бұқара хандығының иелігіне қарай үдере босуға мәжбүр болды. Жазалаушы отряд ойранынан өртке оранған ауылдар мен қышлақтар тізімі, әскери сот процестерінің үкімі, т.б. «Жызақ қырғынына» қатысты тарихи құжаттар қазіргі күнде Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің 11-қорында сақталған.

Осы ретте зерттеу және іздену жұ­мыс­тарының нәтижесінде Мәскеу қала­сында орналасқан Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивінен (РГАСПИ) осы тақырыпқа қатысты маңызды құжаттар табылды. Аталған архивтің 122-қор, 1-тізімдеме, 39-49 іс­терінде 1916 жылғы Жызақ көтерілісі кезінде көшпелі қазақтар мекендейтін 6 болыс халқының ауыр тұрмысы баяндалады. Архив деректеріне сүйенсек, арада жыл өткен соң, 1917 жылы би­лік басына келген Кеңес өкіметінің тұ­сында да Жызақ уезіне қарасты қа­зақ­тардың жағдайы оңалмай, қайта күрт нашарлай түскен. Осы жылдан бастап босқыншылық кезінде көшпей өз атамекендерінде қалып қойған көш­пелі қазақтардың арасында жаппай ашаршылық жайлайды. Өйткені Кеңес өкіметі жыл сайын әр көшпелі қазақ болыстарының халқына жеке-жеке 200 мың сом контрибуция (соғыс шы­ғыны) төлеуге міндеттеген екен. Мәсе­лен, Түркістан өлкелік мұсылман ұйым­дары бюросының мәліметінше, 1919 жылдың маусым айында Жызақ уезіндегі ашаршылықтан аман қалу үшін Ташкент уезіне жан сауғалап келген қазақ Сүлеймен Шүрековтің сөзінше, Атақорған, Қызылқұм, Қорғантөбе, Шардара, Пістелітау, Көктөбе болысы көшпелілерінің жағдайы ашаршылықтан қатты зардап шеккен. Осы жылдың тамыз айының 7-жұлдызында Жызақ қаласында ұйымдастырылған большевиктер партиясының уездік сьезіне деле­гат болып келгендер – Атақорған болысынан Ә.Қойбағаров, Қызылқұм болысынан Даңғылбай, Шардара болысынан З.Мамасалиев және т.б. жоғарыдағы деректерді растап сөз сөйлейді. Олардың айтуынша, 1917 жылы орын алған жұттың салдарынан шөп шықпай, күз айларында мал басы күрт кеми бастаған. Қыс мезгілінде көшпелі қазақтардың малы түгелімен қырылып қалған. 1918 жылдың сәуір айында қыстан титықтап әрең шыққан халықтан Кеңес өкіметі контрибуция ретінде әр болыстықтан 200 мың сом жинап беруін талап еткен. Малы қырылып, жұтап отырған қазақтар соғыс шығынын төлеу үшін амалсыздан барлық дүние-мүлкін (киіз үй, әшекей, киім-кешек т.б.) сатуға мәжбүр болған. Барлық дүниесін сатқанмен де соғыс шығынын төлей алмасын білген қазақтар көршілес жатқан Қаттақорған, Бұқар хандығы, Ташкент уезіне қарай бас сауғалап көшіп кеткен. Көшуге мүмкіндігі жоқтықтан өз атамекенінде қалып қойған кедей қазақтар тасбақа, сарышұнақты талғажау етіп, кеуірек, қоңырбас, құмаршық деп аталатын шөптерді жеп күнелткен. Салдарынан адамдардың іші кеуіп, түрлі жұқпалы аурулардың таралуы салдарынан халық жаппай қырыла бастаған. 1918 жылдың жаз айларының соңына қарай, құмды даланың өсімдігі құмтары піскен соң ғана халықтың бір бөлігі аман қалған. Бас көтерер ел азаматтары халықтың мүшкіл халінен хабардар ету үшін Жызақ уезінің атқару комитетіне келіп ашыққан қазақтардың тізімін ұсынған, соғыс шығынын алып тастауды және ашаршылықтан қынадай қырылған халықты аман сақтап қалуын өтінген. Алайда исполкомдағы әпербақандар олардың сөзін тыңдамай, кеңседен қуып шыққан, әкелген тізімдерін жыртып тастаған.

Съезд делегаттарының көшпелі қа­зақ­тардың жағдайын егжей-тегжей сипаттаған баяндамаларын аяқтаған соң жарыссөзге уезд басшылары шығады. Өз кезегінде ашаршылық жайлаған Ата­қорған, Қызылқұм, Қорғантөбе, Шар­­дара, Пістелітау, Көктөбе болыста­ры­ның үстінен қарайтын милиция бас­ты­ғы Чалов сөз алып, аталған болыс қазақтары бай тұратынын, 1500 қойы және 500 түйесі бар қазақтар көп екенін, ең кедей қазақтың өзінде 50 қой мен 10 түйесі бар екенін айтып бөседі. Қа­зақ­тар табиғатынан контрреволюционер, Кеңес өкіметін мойындағысы кел­мейді, сол себептен оларға аяушылық танытудың өзі артық деп сөзін бітіреді. Съезге қатысып отырған исполкомның бастықтары – Устабаев, Миржамаловтар астам­шыл шовинист Чаловтың сөзін қуат­тай кетеді. Көшпелі қазақ болыстары­нан съезге арнайы делегат болып келген өкіл­дер мен Жызақ уездік атқару коми­теті бас­шыларының арасында дау туындайды.

о

Осы съезге арнайы Ташкенттен келіп отырған Ұлт істері комиссариатының арнайы өкілі Балапанов, аштыққа қар­сы күрес бөлімінің басшысы Лаб­зи­на, уездік исполком мүшесі А.Абду­жаппаров және т.б. азаматтардан құрал­ған арнайы топ мәселенің мән-жайына қанығу үшін көшпелі қазақтар мекен­дейтін аймақтарға іссапарға аттанады. Олар 1919 жылдың тамыз-қазан айларының аралығында көшпелі қа­зақ­тар мекендейтін 6 болысты аралап, халықтың жағдайын өз көзімен көріп қайтады. Іс-сапардан келген соң Балапанов Түркістан өлкелік Ұлт істері Комиссариаты басшыларының атына 23 қазан күні №134 санды 16-беттік баян­дау хатын жазады. Баяндама хаттың қысқаша мазмұны мынандай:

1.Көктөбе және Пістелітау болыстарында 1918-1919 жылдар аралығында көшпей қалып қойған 3000 шаңырақ қазақтардың 1400 шаңырағы (әр шаңы­рақта орташа 6-7 адам) аштықтан қырылып қалған. Көпшілігі тамақ іздеп жан-жаққа босып кеткен. Аталған болыс шегінде қазіргі таңда 300 киіз үйлі қазақтар ғана көшіп-қонып жүр. Ашыққан халық құмаршық жеп күнелтіп жүр. Қыс мезгіліне қажетті азық-түлік қоры жоқ, киімдері шұрқ тесік, жұпыны.

2.Атақорған, Қызылқұм, Қорғантөбе болыстары қазақтары да ашаршылықтан қатты зардап шегіп отыр. Мәселен, Атақорған болысындағы 1500 шаңырағы бар көшпелі халықтың 900 отбасы мүшелері түгел қырылып қалған. Болыс аумағында осы күнде 200 киіз үйлі қазақтар көшіп-қонып жүр. Қызылқұм болысындағы 1200 үйлі қазақтардан 500 шаңырақ адамдары аштықтан түгел қаза тапқан. Қазіргі күнде 400 отбасы ғана қалған. Олардың өзі аш-жалаңаш.

3.Жызақ уезі исполкомының мүшесі Есалы Оразбаевпен бірге Шардара болысы халқының жағдайын зерттеген Балапанов 2000 үйлі көшпелі қазақтың 1000 шаңырағының отбасы мүшелері аштықтан түгел опат болғанын баяндайды. Қазіргі күнде көшіп кетуге шамасы жоқ 500 үйлі қазақтар құмаршық жеп, Сырдария өзені жағалауында қауын егіп күн көруде. Қыс айына қамданбаған. Сонымен қатар Бетпақ дала (Голодная степь) уездік коммунарлар бастығы Қосбармақовтың айтуынша, оған қазан айының ортасында Шардара болысының бір топ қазағы арызданып келген. Арызданушылардың көрсетуінше, Жызақ исполкомы Шардара болысы қазақтарына 200 мың сом контрибуция салық салып, оны көшпелі қазақтардан мәжбүрлі түрде өндіріп алуға кіріскен. Басқа болыстарға да осындай көлемде соғыс шығынын төлеуді талап еткен.

Баяндамашы Балапанов хатының соңында ашаршылықтың салдарынан 1916-1919 жылдар аралығында Жызақ уезіне қарасты 6 болыс қазақтарының 2/3 бөлігі қырылып қалғанын айта келе, халықтың бір бөлігін аштықтан аман сақтап қалу үшін Кеңес өкіметіне бірқатар шараны жедел қолға алу қажет деп ой түйіндейді. Атап айтқанда, соғыс шығынын өндіріп алуды дереу тоқтатып, ашаршылықтың ең өткір кезеңдері – қыс және көктем мезгілдерінде азық-түлік түрінде көмек беруді ұсынады. Сондай-ақ көшпелі қазақтардың егін шаруашылығымен айналысуы үшін қажетті тұқыммен, күш-көлікпен қам­та­масыз етіп, Сырдария өзенінен арық қазуға көмектесу қажет екенін негіз­дейді. Қазақ әйелдерінің арасында ерте кезден бері кең тараған, бірақ қазіргі күні тоқырап қалған тоқыма өнерін қайта жандандыру үшін қолөнер жабдықтарын таратып берудің маңызы зор екенін дәлелдеуге тырысады.

Алайда аталған архив құжаттарын­да баяндау хатта жазылған осы ұсы­ныс­тардың іске асқаны немесе еске­русіз қалғаны жөнінде деректер ұшырас­пады. Бірақ кейінгі жылдардағы осы 6 болыстағы көшпелі қазақтарының өсіміне қарасақ, халықты ашаршылықтан аман сақтап қалу үшін Кеңес өкіметі бірқатар шараны жүзеге асырғанын байқаймыз. Бірақ арада 10 жыл уақыт өткен соң Мырзашөл-Шардара өңірінің көшпелі қазақтары ұжымдастыру арқылы отырықшылыққа мәжбүрлеп көшіру зобалаңы салдарынан тағы да бір алапат ашаршылыққа ұшырағанын архив деректері дәлелдейді.

ТҮЙІН. 1916-1919 жылдар мен 1929-1933 жылдардың зұлматты кезеңінде аштық салдарынан қынадай қырылған ата-бабамыздың рухына тағзым етіп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін Мақтаарал, Шардара және Келес аудандарының шекаралары түйіскен тұста орналасқан, жергілікті халық «Банды үңгірсай» деп атап кеткен жерде мемориалды кешен салынса, тарихи санамызды жаңғыртатын сауапты іс болар еді. Себебі бұл аймақ патша өкіметінің, одан кейін олардың отар­лау саясатын жаңаша мазмұнда әрі қарай қайта жалғастырған қызылдардың қырғынының куәсі ғана емес, 1723-1728 жылдары ақтабан шұбырындыға ұшырап, Сырдария өзені маңындағы Алқакөлдер бойында сұлап жатқан дәрменсіз қазаққа пана болған киелі атамекен, қасиетті жер.

 

Ержан ПАЗИЛОВ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы,

Шымкент қаласы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі