Бағбан мол өнімді төгіп-шашып алмай, ішкі нарыққа шығарып, келер жылға қам жасағысы келеді. Бірақ көп қөңілінде импортты шектейміз деп алмасыз қалмаймыз ба деген қауіп бар. Алма – бағасы қолжетімді, үлкен-кіші сүйсініп жейтін жеміс түрі. Жыл сайынғы алма экспортына жұмсалатын шығын 1 млрд доллар екені осыған дейін де айтылған. Бау-бақша дақылдары сегментінің ойыншылары осы қаржының кем дегенде 50 пайызын елде қалдыруға мүмкіндік барын, оны уыстан шығарып алып отырғанымызды айтады. Басты кемшілік – мемлекеттің ауыл шаруашылығындағы басымдықты тек екі бағытпен шектеп қоюда. Таратып айтсақ, бізде ауыл шаруашылығы дегенде еске түсері – мал мен егін шаруашылығы. Қалғанын арбаның бесінші доңғалағы ретінде қарастыратын көзқарас қалыптасқан. Мұндай көзқарас өз жерімізде өскен бау-бақша дақылдарын импорттан қорғауға кедергі болып отыр.
Dala-Fruit.kz компаниясының негізін қалаған қазақстандық фермер, Алма өсірушілер қауымдастығының төрағасы Болатбек Әлиев Алматыда журналистермен кездескен кезде елде бау-бақша дақылдары, оның ішінде алма піскен кезде алма импортын шектеу қажет деген мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, шектеу мерзімі уақытша, тамыз бен желтоқсан арасын қамтуға тиіс. Себебі тамыз айында өз жерімізде бау-бақша өнімдерінің барлық түрі пісіп, қамбаға түседі. «Алма әлеуметтік маңызы жоқ бау бақша дақылы болғандықтан, мемлекет оның бағасын назарда ұстауға да, рететуге де мүдделі емес. Құзырлы орындарда жергілікті бау-бақша өсірумен айналысатын бағбандарды қолдасақ, Қытайдағы немесе Ирандағы бағбандар өкпелеп қалуы мүмкін деген қорқыныш бар сияқты. Себебі Ресей мен Өзбекстан үшін біз ең басты импортер елміз. Оның кейбір қырлары мемлекеттік келісімдер шеңберінде хатталып қойған. Бірақ соған қарамай алма өсірумен айналысқысы келетіндердің қатары өсіп келеді.
«Алма импортына шектеу отандық нарықты қолдау үшін керек. Ал қазіргі ұстаным фермерлерді ынталандыра алмайды. Импортты шектеу туралы ұсыныс Үкіметтің экономикадық блогына ұнайды деп ойлаймын. Өзін-өзі сақтау немесе төтенше жағдайлардан сақтандыру сезімі тек фермерде емес, шенеунікте де болуы керек еді. Алманың отаны деген атымыз бар. Бағаға тариф арқылы қолдау білдіру экономикалық саясаттың басым бағыты болу керек», дейді Б.Әлиев.
Қазір алма жиын-терін маусымы басталды. Бірақ көктемгі айтылған ұсыныс сол күйінде қалды. «Енді не істемек керек» деген сауалға да жауап берілген жоқ. Алмадан тосап немесе сусын дайындап алуға қант та тапшы, қайта өңдеумен айналысатын зауыттар да аз. Алманы аз көлемде болса да сақтауға, одан қанты аз шырын дайындауға мүмкіндік барлар бірен-саран, ал өзгелер қайтпек?
Уақытша және ішінара шектеу ЕАЭО тәжірибесінде бар. Мысалы, Ресей биыл Одаққа мүше елдер арасындағы келісімге сәйкес тамыз-желтоқсан айларында Қытай мен Польшадан келетін алма импортына ішінара шектеу қойған. Себебі биыл Ресей үшін алмалы жыл болды. Әзірге алмадан әлемдік экспорттың шамамен 15 пайызы КХР-дың үлесінде. Қытайдың алма өсіретін жері дүние жүзіндегі жалпы алқаптың шамамен 50 пайызын құрайды. Ал Италияның үлесі – 10 пайыз. Аталған елдердің бәрі науқан кезінде импортты шектеу арқылы ішкі нарықты қорғайды, фермерлерін қолдайды. Дәмі бал татыған алма әлем үшін қат. Мұндай алма сұрыптары Қазақстанда бар. Сол себепті Қазақстанда өсірілген алманың тең жартысы импорт асты немесе алманың дәмі емес, түріне басымдық беріп, қазақтың «асқазанына жат» алма сұрыптарын өсіруге басымдық бере бастады.
«Мұндай шектеуді біздің елдің де қолданғанын қалаймыз. Шаруаны қолдау мемлекеттік субсидиямен шектелмейді. Импортты уақытша шектеу бау-бақша дақылдары сегментін дамытады, жеке қосалқы шаруашылықтардың бағытын заманауиландырады», дейді Б.Әлиев.
Жаздың соңы мен қара күзде ішкі нарықтағы алма бағасына инфляция да, девальвация да әсер еткен жоқ. Баға үш жылдан бері тұрақты – килосы бағасы мен сортына қарай 300-450 теңгенің арасында тұрақталды. Елімізде өскен алманың нарықтағы үлесі жыл сайын артып келеді. Бау-бақша дақылдары өнімдерін мемлекеттік қолдаудың тетіктерін өзгертетін кез келді. Айталық, бау-бақшамен айналыс деп жер береді, арзандатылған несиемен қамтамасыз етіледі, шығынның біраз бөлігі инвестициялық субсидия есебінен жабылады. Бірақ ішкі нарықты көрші мемлекеттердің арзан және сапасыз өнімі жаулап алғанда, мемлекеттің берген көмегі әлсіреп, импортпен текетіресе алмай қалады. Салыстырар болсақ, Түрікменстандағы мемлекеттік қолдау көлемі бізбен салыстырғанда аздау. Бұл елде су мен газ тегін.
«Біз басқа да шараларды, мәселен, тарифтік емес реттеуді енгізуді сұраймыз. Бұл кеден қызметі, мемлекеттік кірістер комитеті арқылы реттеледі. Ішкі экономиканы сыртқы факторлардан осындай тетіктер арқылы ғана қорғай аламыз. Бұл арада өз жерімізде өсетін бау-бақша өнімдеріне қатысты қолдауды айтып отырмын. Мысалы, отандық бағбандар цитрус жемістерін өсіруге маманданбаған. Оған ешқандай шектеу болмауы керек», дейді Б.Әлиев.
Қазақстанның бау-бақша сегменті өкілдері үшін басты проблема – қолжетімді нарық көзі. Фермерлерлердің сөзіне ден қойсақ, алманың бастапқы бағасы – 120-200 теңге. Бұл фермердің қалтасында қалатын қаржы. Қара базардағы баға – 400-500 теңге, дүкен сөрелеріндегі баға одан да қымбат. Арадағы айырмашылық делдалдардың қалтасына кетеді. Сайып келгенде делдал табысы фермер табысынан екі есе көп. Нәтижесінде, елімізде әр адамның орташа алма тұтынуы жылына 8 кило деңгейінде қалып отыр. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 120 кило. Ал Ресейде 25 кило болса, Өзбекстанда – 90 кило.
Қазақстан алмаға деген ішкі қажеттіліктің 70 пайызын сырттан импорттайды. Бұл мүмкіндігіміздің кемшіндігі емес, алманы сақтайтын қоймалардың тапшылығы. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде бау-бақша алқаптарын кеңейту арқылы жеміс-жидек импортын алмастыруға жол ашылатыны осыған дейін де талай рет айтылғанмен, оны сақтау мәселесіне келгенде үніміз шықпай қалды.
Түркістан облысындағы «Амангелді» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Құраловтың айтуынша, бау-бақша дақылдары сегментін дамытуға кешенді түрде қарау керек. Сауда және интеграция министрлігі 500 млрд теңге инвестициялау арқылы көтерме сауда орталықтары желісін салуды жоспарлап отыр. Бірақ фермерлерде онда отандық өнімдерге орын бар ма деген күдік бар. Ел ішінде қара күзде алыс-жақын шетелдердің дәмі татымайтын арзан жемістерін төмен бағамен сатып алып, ерте көктемде саудаға шығара ма деген қауіп бар. Себебі көтерме сауда желісі құрылысын бастауды қолға алған Үкімет фермерлермен қандай келісімшартқа отыру қажетін, тіпті ортадағы делдалдардың үлесіне дейін осы сегменттің өкілдерімен бірге ақылдасып отырып шешуі керек.
Стратегиялық басым бағыт болмағандықтан жеміс-жидекке қажеттілік импорт арқылы шешілді. Өз өнімдеріміз болмашы бағаға қыр асып кетті. Күні кеше елге барғанда ауылда қауын-қарбыз егіп, алма баптайтын ағамыз «Бақша өнімдерінің қалғаны, қалта түбі – Қазақстанда қалады, өзгесі шетелге кетеді» деп қалжыңдағаны бар. Ортадағы делдалдар қанша адамның алма өткізетінін алдын ала біліп, алыс-жақын шетелдегі сауда нүктелеріне хабар беріп тұратын көрінеді. Естуімізше, осыған дейін қазақ даласында өскен жеміс атаулы Ресей арқылы Еуропа елдеріне тасымалданды. Биылғы бағыттың бағдары әзірге белгісіз. Себебі логистикалық қоймалар кемшін, алмасын қысқа баптап сақтап, алдағы көктемге дейін саудалауға екінің бірінде мүмкіндік жоқ. Экономикалық сарапшы Денис Кривошеев фермерлердің ұсынысын түбірінен түсінетінін, қолдайтынын, шектеуді кезең-кезеңімен жүргізу қажеттігін айтады. Біз ішкі нарықта Ресей немесе Қытай алмаларының бағасымен теңесе алмаймыз. Себебі бұл елдерде тыңайтқыштар өздерінде шыққандықтан баға арзан. Алғашқы жылы ішінара, кемі 30, кейінгі жылдары 50 пайыздық шектеу арқылы импортты азайту жайын шешуге болады. Мүмкін бірер жылда 100 пайыздық қамтамасыз етуге жетіп қалармыз. Бірақ дәл қазір пайыздық шектеу керек. Болмаса, алма импортын шектейміз деп қара күзде тағы да алма іздеп қыр асып кетуіміз бек мүмкін.
«Қазақстанда алма белдеуі Алатаудан басталып, Түркістанның Түлкібасы, Сайрамы, ар жағы Қазығұртқа дейін жалғасады. Ішкі нарықта сұранысқа ие алма сұрыптары осылар. Біз мұнымен шектелмей, елдің барлық өңірінде төзімді алма сұрыптарын дайындауды қолға алуымыз керек. Қалауын тапса, барлық аймақтың табиғатына бейімделген алма сұрыптарын шығаруға болады. Егер мемлекет алма өсіруге жоғары деңгейде мән бермесе, басымдық беріп қарамаса, ештеңе өзгермейді», дейді Д.Кривошеев.
АЛМАТЫ