Қоғам • 15 Тамыз, 2022

Жол ақысына жаңа тариф енгізіледі

393 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодардағы қоғамдық көлікте жыл соңына дейін сараланған тариф енгізілмекші. Шаһардағы атқарушы билік өкілдері алдағы уақытта автобус пен трамвайдағы жол жүру құны 130 теңге болады деп отыр. Бұл – ақшаны қолма қол төлеген жағдайда қойылатын баға. Ал Avtobys жүйесін пайдаланып, арнайы картамен немесе QR-код арқылы смартфоннан төлесеңіз, бұрынғыша 80 теңгемен жүре бересіз.

Жол ақысына жаңа тариф енгізіледі

Мұны қоғамдық көлік маршруттарын ұйымдастырушы кәсіпорындардың бас­шылығы мен электронды төлем жү­йе­сінің өкілдері күн сайын жолаушы­лар­дан түсетін пайданы бақылау үшін жасап отырғандары сөзсіз.

– Бүгінгі күні облыс орталығының қо­ғамдық көлік бағыттарындағы бар­лық тасымалдаушы «Смарт автобус ПВ» ЖШС-ның бірыңғай операторымен жұмыс істейді. Осы жылдың алғашқы жартысында қоғамдық көлікті 9,1 млн жолаушы қолданса, оның ішінде 3,8 млн адам қолма-қол төлем жа­саған. Ал 5,3 млн азамат, яғни 58,2 пайызы жол жүру құнын картамен тө­ле­г­ен. Ендігі кезекте сараланған тарифты енгізу электронды билет үлесін арт­тыруға мүмкіндік береді, – дейді қа­ла­лық тұрғын үй-коммуналдық ша­р­уа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арслан Қалияқбаров.

Биыл қаладағы автобустар, шағын автобустар мен трамвайлардың бар­лы­ғы Avtobys жүйесін пайдалануға көш­кен. Жолаушылар қоғамдық көлікке мінгенде жол ақысын картамен төлейді. Бірақ төлемді ақшалай бергенді құп көре­тіндер әлі де азаймай тұр. Көлік кар­таларын пайдаланудың шекті мерзімі жоқ. Павлодар қаласындағы қоғамдық көліктерде көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ауған соғысының ардагерлері сынды 14 топ өкілі тегін, зейнеткерлер 50 па­­йыздық жеңілдікпен қатынайды. Қа­риялар төлеуге тиіс жолақының қал­ған бөлігін жергілікті билік өтейді. «Ба­ла­лар жылына» орай облыс әкімі­нің шешімінен биыл Павлодар, Екі­бас­тұз және Ақсу қалаларындағы бала­лар қоғамдық кө­лік­те тегін жүруге мүм­кін­дік алғанын да айтып өткен абзал.

Жоғарыда аталған санаттарға жататын тұрғындардың қаншасы қоғамдық кө­лікпен жүретінін ешкім білмейді. Соның салдарынан билік пен тасымалдаушылар арасында түсініспеушілік туындап келген. Мұндай жағдайдың алдын алып, компанияларға субсидия төлеуді бір ізге келтіру үшін жолау­шы­лар­дың нақты саны қажет екен.

– Оны тек электронды билет жүйесі арқылы анықтауға болады. Сондықтан осы жылдың наурыз айынан бастап «Смарт Автобус ПВ» трамвайлар мен үлкен класты автобустарға планшеттер (стационарлы валидаторлар) және мобильді валидаторлар орнатты. Біздің басты міндет – бір күнде, бір сағатта, тіпті минутына дейін неше адамның қоғамдық көлікке кіріп-шық­қа­нын, олардың қандай төлем тәсілі арқылы жолақысын өтегенін және қай аялдамадан отырып, қайсысынан түскенін көрсету, – дейді «Смарт Автобус ПВ» ЖШС техникалық директоры Талғат Тоқтағанов.

Облыс орталығында бүгінде үлкен және шағын автобустардың жет­пей­тіні де байқалады. Өңірлік көлік жүр­гі­зушілер одағы қауымдастығының президенті Василий Рудаков аймақ бо­йын­ша 100-ге жуық автобус жүр­гізушісі қа­жет екенін айтады. Көліктердегі жол ақысы бақылана бастағалы бұрынғы жүргізушілердің көбі жұмыстан шығып кеткен. Себебі олардың бұған дейін тапқан табысын ешкім бақыламай, әр автобустың тізгініндегі жүргізуші мен кондуктор күнделікті түскен қаражатқа өздері би, өздері қожа болған.

«Әлеуметтік маңызы бар бағыт­тар­ды субсидиялау жүргізілуде, бірақ бұл қаладағы көлік жұмысын жақсартуға жет­кіліксіз. Олқылықтың шешімі – элек­тронды билет жүйесін пайдаланатын тұрғындардың санын көбейту. Қазір зейнет жасындағы азаматтар қолма-қол төлем кезінде жол жүру құны үшін 40 теңге төлеп жүр. Ал сараланған тариф енгізілгенде олар картасы жоқ болса 65 теңге төлеуі мүмкін. Бірақ бұл бо­йынша нақты шешім қабылданған жоқ», дейді бөлім жетекшісі Арслан Қалияқбаров.

Айтпақшы, көпшілік Avtobys жүйе­сі­нің QR-кодын kaspi.kz қосымшасы арқылы сканерлеп, төлем жасау мүм­кін­дігін енгізуді сұрап келеді. Бұл тұр­ғын­дар үшін ыңғайлы болар еді. Алайда «Смарт Автобус ПВ» бұл бойынша банк­пен келісе алмай отырған көрінеді. Қаржы ұйымы оларға күніне қанша төлем жасалғаны туралы ақпарат беруден бас тартамыз деген талап қойыпты.

 

Павлодар облысы