Мәселен, соңғы он жылда Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 млрд теңге қаралыпты. Алайда аталған моноқалада бірқатар проблема әлі шешімін таппай отыр.
– Құлсары қаласында сумен қамту мен жол мәселесі өткір тұр. Жалпы шаһардың инфрақұрылымын жақсартуға жеткілікті қаражат бөлініп жатыр. Бұл қаланың ең өзекті проблемаларын біртіндеп шешуге мүмкіндік берді, – дейді Б.Омарбеков.
Министр орынбасарының айтуынша, Құлсары қаласында еңбек нарығы мен шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты теріс үрдістер әлі жойылмай келеді. Мұнда жұмыспен қамтылған адамдардың саны аз. Құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеген.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың пікіріне қарағанда, инфрақұрылымдарды дамыту мен әлеуметтік нысандар салуға қатысты бірнеше жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Құлсары қаласында емханалар мен балабақшалар, мектептер, тұрғын үйлер, су құбырлары мен жол салу көзделген.
Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыруға арналған кеңеске қатысқан министрдің орынбасары бірнеше ұсыныс берді. Ең бастысы, биылға жоспарланған іс-шараларды сапалы орындау.
Қазір Атырау қаласындағы Балықшы шағын ауданынан Зарослый ауылы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы – 5,7 шақырым. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жол сапасын, көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын жоба осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Ал Махамбет ауданының орталығы – Махамбет ауылында 600 орындық мектеп-интернаттың құрылысы қолға алынған. Жаңа білім ұясын алдағы жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланған. Жобаға сәйкес, жаңа мектепте футбол алаңы, баскетбол, волейбол, гимнастика және тенниске арналған спорт залдары қарастырылған.
Атырау облысы