Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 10:30 шамасында Петропавлдағы Брусиловский көшесі, 60 мекен жайындағы №2 соттың ғимаратына жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабар келіп түскен.
«Петропавлдағы №2 соттың және сот қызметкерлерінің электронды пошталарына «соттардың ғимараттарына жарылғыш заттардың қойылғандығы туралы» хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен Петропавл қалалық полициясының жедел тергеу тобы және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сағат 10:30-да №2 қалалық соттың және осы ғимаратта отырған мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьялары мен қызметкерлерін қауіпсіз жерге эвакуациялады. Ғимаратты тексеру кезінде полиция қызметкерлері жарылғыш затты таппады», делінген хабарламада.
Сот ғимаратын тексеру жұмыстары сағат 11:20-да толық аяқталып, сот қызметкерлері жұмыс орындарына қайтып оралды.