Әдебиет • 15 Тамыз, 2022

Оқу мен оқымау һәм талғам

462 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кітап оқу – талғамнан. Кім қандай шығарма оқыса да, оны қалай бағаласа да өз еркі. Талғамда әділет жоқ. Бір оқырман естен тана оқыған ортақол дүниенің көркемдік осалдығын қалай дәлелдейсің. Жазушының қаламы қай тұста әлсіреп, қай тұста қоюлана түскенін қалай түсіндіресің. Мұндайда бәрі «талғамға талас жоқ» деп дауласады. Дегенмен бұл ақталу әдебиетке, көркем өнерге өте ме? Жазуға да, оқуға да биік талғам керек дейтініміз де содан.

Оқу мен оқымау һәм талғам

Гогольдің «Өлі жандар» шығарма­сын­­дағы құл Чичиков кітап оқуды сұмдық жақсы көреді. Оған не оқыса да бәрібір – тек адамның әріптерден сөз, сөздерден мәнді сөйлем құрауынан ләззат алатын. Бүгінде қоғам кітап оқы­майды деп көп шулаймыз. Тіпті жаһан­дық мәселеге айналып отыр. «Кітап оқымау» үрдісінің барша әлемнің түкпір-түкпіріне жайылуы­­на әсер ететін фактор көп: қоғам, сана, тұрмыс, идеология, телефон.

Шартарапқа зер салсақ, көп кітап оқитын ұлт Исландия деп танылыпты. Бәлки, бұл исландиялықтардың ауа райына, табиғатына һәм менталитетіне байланысты шығар. Не десек те, Исландияда жыл сайын мыңға жуық кітап шығарылып, кемі жарты мыңнан басталып, он мыңдаған данаға дейінгі тиражбен жарық көреді. Бір қарағанда аса көп болып көрінбегенімен, елдегі халық санының аздығын ескерсек, 1 000 адамға 3 кітаптан айналады. Исландиялық баспагердің айтуынша, ондағы әр алтыншы тұрғын роман жазады. Тіпті бұл мемлекетте «Әр адамның жүрек түкпірінде жазылмаған кітап бар» деген мәтел де жатталып қалған. Әрине, әр алтыншы тұрғыны нағыз жазушы болмаса да, һәм жазғаны классикаға айналмаса да мәселе онда емес. Мәселе – халықтың жазуға, ойға, оқуға, жалпы шығармашылыққа жақындығында. Алақандай елге тым жақсы нәтиже. Ал біздегі баспадан жарық көріп жатқан кітаптардың тираж саны мың данадан аспайтынына уақыт өте көзіміз үйреніп келеді. Бұл да қауіпті.

Енді бір дерек дүние жүзінде сатылып жатқан кітаптардың 70 пайызын әйелдер алады дейді. Феминизмге салынып отыр демеңіз, дәйек солай. Бұдан түйетін ой: әлемнің ажары – әйелдер қауымы көп кітап оқитын болғандықтан, өзі сұлу (рухани тұрғыда), өзі интеллигент һәм мәдениетті.

Ал Бразилия түрмелерінде сотталушыларды кітап оқуға ынталандыратын арнайы бағдарлама бар. Ереже бойынша, әр оқылған кітап жаза мерзімін 4 күнге азайтады. Сонда, ең көп дегенде, жазасын өтеуші кітап оқып, бір жылда жалпы мерзімнен 48 күнді қысқартып, бейбіт өмірге жоспардағыдан аз-кем ертерек шығуға мүмкіндігі бар. Мойындау керек, кей елдерде түрмедегі былай тұрсын, бостандықтағы халықты оқуға шақыруға, жалпы әдебиеттің, руханияттың дамуына ешқандай амал-шара жасалмайды. Сондықтан бразилиялықтардың бұл жобасы кімге де болса үлгі боларлық һәм қызығарлық бастама.

* * *

Кейде Жер бетіндегі барша адам кітап оқуды сүйетін секілді көрінеді: біреу – заманауи прозаны, енді біреу – фантастикалық шығармаларды, біреу  классиканы оқығанды ұнатады. Мысалы, қазір табысқа, тыныштыққа, бақытқа, тіпті «өз-өзіне» жетелейтін психологиялық һәм іскерлік кітаптар жиі оқылады. Қай жанрды оқыса да халық әріп таниды дейміз. Алайда статистикалық мәліметтерге сүйенсек, сауатсыздық пен қара танымау – әлі де түйткілді мәселе күйінде тұр. Мәселен, әлемдегі әр бесінші ересек адам оқи да, жаза да алмайды. Бұл дерек көбінесе Оңтүстік және Батыс Азия, сондай-ақ Сахара шөлінен оңтүстікке дейінгі Африка елдерінде кездеседі. Ғаламшардың бір бұрышында оқу мен оқымаудың арасын жалғап һәм талғам мен көркемдік хақында «ақылсынып» отырған біз ғой. Ал сонау бір шалғайда әріпті әрең таниды. Парадокс.

Қазақ қоғамында да бір уақыттарда ғажап заман болды – жақсы өлеңдер, тәуір шығармалар оқтын-оқтын жазылды, бәрі жапа-тармағай газет-журнал, кітап оқыды. Әрине, ол елге озық технологияның игілігі жетпеген «қараңғы» дәуір еді. Қазір де өз ниетіміз бұзылып оқымай жүргеніміз болмаса, кітап оқудың не екенін білеміз. Сөйтсек, «кітап оқымайдылап» қоңыр әуенге салып жүргеніміз де бір жақсы дәурен екен. Қара құрлықтағы африкалықтардың классика оқымақ тұрмақ, өз аты-жөнін жаза алмайтыны біртүрлі көңіл құлазытады. Сонда, олар көркем әдебиет оқымай һәм ондағы кейіпкермен бірге жаны толқымай, жақсы шығармадан ләззат алмай қалай өмір сүреді? Дейміз ғой. 

* * *

Кітап ұрлайтын адам ұрлықшыға жата ма?

Кітап оқығыш қауымның арасында библиоклептомания деген ауру бар. Бұл дертке шалдыққандар ешқашан кітапты сатып алмайды, сұрап та әуре болмайды: ұрлап алады. Осы «қылмысынан» зәредей ұялмайтындары, ешқашан қоя алмайтындары қызық. Әлемдегі атақты ұрылардың бірі һәм бірегейі Стивен Блумберг болыпты. Ол 300 кітапханадан 20 000-нан астам тәуір кітаптарды жымқырған. Осы бір «киелі» мақсатқа жетер жолда Стивен кітапханаға желдету жүйесі немесе лифті шахтасы арқылы кірген. Стивеннің «тар жолда тайғақ кешіп» жүріп жеткен кітаптарын көрер ме едік, шіркін...

Әдебиет тарихында көп кітап оқып аты аңызға айналған тұлғалар көп. Мәселен, француздың әйгілі императоры Наполеон Бонапарт бір минутта
2 000 сөз оқыса, Горький – төрт мыңның шамасында, ал Бальзак жарты сағатта 180-200 беттік романды тауысқан. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген кітаптанушы Николай Рубакин өмір бо­йында 250 мыңнан аса кітап оқыпты. Ал америкалық өнертапқыш Томас Эдисон оқуда өте зерек болып, бір мезетте 2-3 қатардан бір-ақ оқыған. Міне, машық.

Мұхтар Әуезовтің көп оқитындығы туралы да аңыз-әңгіме жетерлік. Мәс­кеуде оқып жүрген жас жазушы түрлі кітаптар тізімі ілінген тақтайшаның алдында қойын дәптеріне бір нәрселерді түртіп алып тұр екен. Сонда ұзын-сонар тізімдегі екі-ақ кітаптың атын жазып алыпты. Қалғанын оқып тауысқан. Әлем әдебиетінің классикасымен бұрыннан таныс Әуезов сонда жанындағыларды таңғалдырыпты деседі.

Ал Асқар Сүлейменов біреуге кітап берсе оны кері сұрамайтын, ал егер біреуден кітап алса, қайтарып бермейтін көрінеді. Қадір ақынның оны құшақтап шығарып салатыны да содан.