Дертті балалардың көбейіп кетуіне не себеп? Бұған жарытымды жауап жоқ. Әлемде аутист балаларды сырқат балалар қатарына қоспайды, оларды ерекше балалар деп қарап, өркениеттің сәбилерге салған жарасы түріндегі көзқараспен ұғынуға талпынады. Өйткені осы сәбилер сырттай қарағанда өз қатарластарынан ерекшеленбейді. Бірақ олар томаға-тұйық, өз әлемінде өмір сүргенді қалайды. Жарықтан қашады, көпшілікті ұнатпайды, анасынан өзге адамды жатырқайды, тыныштық пен табиғатты сүйеді. Өзімен-өзі оқшау әлемде өмір сүретін сәбиді жалғыз тастап кетуге болмайды. Ол әлсіз әрі қорғансыз.
Жарық дүниеге түрлі туабітті дертпен дүниеге келген періштені ерте бастан емдеп-сауықтыру, қоғамға бейімдеу, мектеп жасына жеткендерді оқып-жазуға үйрету, бойларындағы ерекше қабілеттерін ашу оңай жұмыс емес. Бұл жерде ата-ананың темірдей төзімі, білікті дәрігерлердің дер уақытында жүргізген ем-домы мен жүйелі түрде жүргізілетін сауықтыру шаралары, ерекше балаларды әлеуметке бейімдейтін білікті мұғалім-тәрбиешілердің болуы өте маңызды. Мұндай сәбиге өзін күту дағдыларын қалыптастыру, соның ішінде киімін, ойыншықтарын, бөлмесін жинауға үйрету, тамақ ішкенде ыдыс-аяғын жинап-жууға дағдыландыру, сондай-ақ өзі қатарлас балалармен қатынас орнатуға, өзіне қажетті нәрселерді ата-анасынан сұрап алуға үйрету өте маңызды. Бұл жерде барлық салмақ науқас сәбидің анасына түседі. Бала ауру болса, ана да күйреуік, шаршаңқы, жүйкесі де жұқа. Анасы да баласымен төрт қабырғаға қамалған, ол қорғансыз баланы жалғыз тастап кете алмайды. Ал төрт қабырғаға қамалып отыра берсе, ана да, бала да өмірден өгейленіп қала берері сөзсіз. Мұндай балаға жан-жақты қолдау керек болса, анасына да сондай демеу керек. Сондықтан қазіргі кезде ерекше қажеттілігі бар сәбидің ортаға бейімделуі, денсаулығын түзеуі үшін анасымен бірге демалатын шипажай, сауықтыру-оңалту орталықтары өте қажет. Ерте бастан дұрыс, жүйелі түрде емделсе, сәби жасөспірім шаққа жеткенше бойындағы біраз кеселден арылып, ойы да, бойы да өсіп, өз жасына сай жетіліп кетуіне мүмкіндік мол.
Елімізде осы мақсатта инклюзивті білім беру мәселесі күн тәртібіне көтерілді. Мүмкіндігінше осы балалардың өз қатарларынан қалып қоймауы үшін арнайы педагогтері бар балабақшалар біртіндеп ашылып жатыр. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында аутизм дертіне шалдыққан мектеп жасындағы балалар №7 арнайы мектепте, Жайсан арнаулы білім беру ұйымында және психикалық дамуы тежелген балалар мектеп-балабақшасында білім алуда қаладағы «Нектар» арнайы балабақшасында аутизм дертіне шалдыққан сәбилер үшін екі топ ашылып, осы жерде 29 бала тәрбиеленеді. Өңірдегі үш колледжде 95 бала оқиды. Алайда соңғы мәлімет бойынша өңірде аутизм дертіне шалдыққан 1-6 жастағы 243 бала мектепке дейінгі ұйымдарға тіркелмеген. Ал аудандардағы балалар туралы сөз қозғау тіпті ұят. Олар төрт қабырғаға қамалып, не балабақшаға бармайды, не оңалту орталықтарында екі апталап жатып ем ала алмайды. Өйткені оларды облыс орталығындағы сағатпен ғана ем алатын оңалту орталықтарына күніне бірнеше рет әкеліп-апаруға көпшілік ата-ананың мүмкіндігі жоқ.
Аутизм дертіне шалдыққан балаларды тым оқшаулауға да болмайды. Егер де олар өз қатарластарымен неғұрлым көбірек араласса, соғұрлым әлеуметке тез бейімделеді, уақыт өте келе бойларында бұрын байқалмаған өмірлік дағдыларды қалыптастырады. Сол үшін де аутизмі бар балаларды денсаулығы қалыпты балалармен жалпыға білім беретін мектептерде бірге оқыту маңызды. Алайда ерекше балаларға ерекше қарайтын арнайы мамандандырылған педагог-ассистенттер керек. Осы мақсатта биылғы оқу жылына өңірдегі жалпыға білім беретін мектептерде инклюзивті сабақ беретін 67 мұғалімге штаттық бірлік бөлінді.
Аутизм дертіне шалдыққан бала мен оның ата-анасына арнайы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінде кеңес беріледі. Осы жылы 74 бала түзетім көмегін алды. Бұл жерде 62 баланы әлеуметке бейімдеп, қоршаған ортамен қарым-қатынас, өзін-өзі күту дағдыларын қалыптастыруға үйреткен «Асыл Мирас» аутизм орталығы мамандарының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар бірер сағаттық кеңес беріп қоймайды, ұзақты күн, бірнеше апта бойы үзбей баламен айналысып, түзетім жұмыстарын жүргізеді. Тұрақты түрде осы орталыққа барған баланың бойынан ата-аналары жақсы өзгерістерді байқап жүр. Бұл жерде мамандар арнайы бағдарламалармен жұмыс істейді. Әр сабақтың ұзақтығы – 1 сағат, дәрістер және ойындар аптасына 2 рет жеке және топтық сағат түрінде өткізіледі.
Биыл Ақтөбе облысында жалғыз аутизм дерті емес, барлық мүмкіндігі шектеулі 663 баланы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 72 млн 265 мың теңге қаржы қажет. Осы мәселелерді түйіндей келе, Ақтөбе облысында ерекше балаларды білім беру және тәрбиелеумен қамту жұмыстарының әлі де өзекті түрде тұрғандығын атап өткен жөн. Өйткені білім алуға ерекше қажеттілігі бар 937 бала әлі күнге дейін арнайы мектепке дейінгі біліммен қамтылмаған (Ақтөбе қаласында – 739, аудандарда – 198 бала). Осы мақсатта Ақтөбе облысы аумағын дамыту бағдарламасы шеңберінде 2021-2025 жылдары облыс орталығында 300 балаға арналған бір арнайы түзетім балабақшасын салу жоспары енгізілді. Сондай-ақ жалпы балабақшаларда 44 түзетім топ ашу жоспарланды (Ақтөбе қаласында 276 сәбиге арналған 23 топ, аудандарда 252 балаға арналған 21 топ). Бұл ерекше қажеттілігі бар сәбилердің өз қатарластарымен ерте жастан араласып, өмірлік дағдыларды сіңіруі үшін өте маңызды. Тағы бір маңызды мәселе – ерекше қажеттілігі бар балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталықтарын көбірек ашып, педагог, медицина мамандарымен қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұр. Себебі мұндай орталықтарда дәрігер мен педагог-психолог, дефектолог мамандар бірлесе жұмыс істейді. Түйіндей келе, мемлекеттік және жекеменшік оңалту орталықтары мен түзету кабинеттері, арнайы балабақшалар жұмыстары өзара үйлестірілген болуы керек. Әйтпесе, арнайы медициналық білімі, тәжірибесі жоқ адамдар кез келген жерден мемлекеттен тапсырыс алып, оңалту орталықтарын ашып, науқас баланың ата-анасын алдап пайда табуды мақсат етіп алған. Сондықтан да осы жұмысқа лицензия бергендерді қатаң бақылауға алып, науқас балаларды емдік-сауықтыру шараларымен қамтылуын орталықтандыру қажет. Балаға жаны ашымайтын, тек пайда тапқысы келетін жандардың бұл жерге кіруіне болмайды.
Ақтөбе облысы