Аймақтар • 16 Тамыз, 2022

Жұлынқұрт лабораториясы әшкереленді

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлда синтетикалық есірткі жасау лабораториясы әшкереленді. Оның иесі 20 жастағы тұрғын болып шықты. Бірақ оның артында химиялық біліктілігі жоғары бір адамдардың тұруы мүмкін. Тергеу-тексеру барысында олар анықталар деген үміт бар.

Жұлынқұрт лабораториясы әшкереленді

Әйтпесе не химиялық, не био­логиялық білімі жоқ жас жігіт синте­ти­калық есірткіні жа­сау жолдарын қайдан білуі мүм­кін. Ұсталған кезде оның лабораториясынан өсімдік тектес зат салынған 8 полимер түйін­шек табылған. Ал Халтурин көшесіндегі үйінен 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс шықты. Сараптама оның жасағаны «спайс» деген атпен бел­гілі синтетикалық есірт­кі еке­­нін анықтады. Сондай-ақ оны да­йындауға арналған прекур­­с­орлар екендігін көрсетті. Күдіктінің айтуынша, есірткіні ол жеке пайдалану үшін сақтаған. Бұл әрине жалған екені көрініп тұр. Арнайы лабораторияның «өнімін» қаншама адам тұтынып, қан­шамасы денсаулығын құрт­қаны, қаншамасы қылмыс­тық әрекеттерге барғаны даусыз.

Тәркіленген есірткінің жалпы саны 200 бір реттік дозаға жуық, жалпы салмағы – шамамен 8 грамм. Бұл аса ірі мөл­шерге жатады. Сонымен қатар тінту барысында оның үйі­нен респираторлар, граммдық таразылар, өлшеуіш колбалар мен синтетикалық есірткіні дайын­дау­ға арналған басқа да құрыл­ғы тәркіленді.

«Қазіргі уақытта күдікті қа­мау­ға алынды. Қылмыстық ко­дек­с­тің 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тек­тестерді өткізу мақ­са­тында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүр­гізілуде. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын көздейді», дейді ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.

 

ПЕТРОПАВЛ