Экономика • 16 Тамыз, 2022

Энергетикалық тапшылық: Дағдарыс пен мүмкіндік

887 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

2021 жылдың қыркүйегінде Президент Қ.Тоқаев Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жыл ішінде республикада атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуді тапсыра отырып, 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Ел энергетикасы ондаған млрд доллар инвес­ти­ция­ға мұқтаж. «Оны кім қаржы­лан­дырады?» деген мәселеге әлі түйінді жауап жоқ. Себебі халық табысы аз, электр энергиясына тарифтерді көтеруге мүм­кіндік бермейді. Дегенмен, әлем­дік тренд бізге де ықпал ете бас­тағанын айту­ға тиіспіз.

Энергетикалық тапшылық: Дағдарыс пен мүмкіндік

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жуырда «Самұрық-Энерго» Алматы облысында жаңартылатын энергия көз­де­рін дамыту бойынша бірқатар жобаны жүзеге асыратыны белгілі болды. Компания қоржынында жалпы құны 2 трлн теңгеден асатын энергетика саласындағы жобалар бар. Басқарма төрағасы Серік Төтебаев айтып өткендей, Алматы облысында жасыл электр энергиясын өндіруге табиғи мүмкіндік бар. Жыл басынан бері Қазақстанда жалпы қуат­тылығы 55 МВт болатын 3 күн электр стансасы іске қосылды, ал 2022 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 290,6 МВт болатын жаңғырмалы энер­гия көздерінің тағы 10 нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қаңтар-мамыр айларындағы Қазақстанның электр энергиясы мен көмір нарығын талдауында айтылған.

Кім инвестиция салады?

Инвестор келсе, киловаты 20 теңге­ден 100 теңгеге көтерілуі керектігі әлден-ақ белгілі болып қалды. Себебі инвесторға әлеуметтің жағдайы емес, қал­тасы маңызды. 100 теңгелік тариф тұты­нушының арқасын аяздай қаритыны түсінікті. Бұл ретте қымбат тарифтың салмағын қай тараптың субсидия арқылы жеңілдете алатыны бізге беймәлім.

Энергетика министрі Болат Ақшо­ла­қовтың айтуынша, 2035 жылға қа­рай жаңа энергетикалық қуаттардың құ­рылымы мынадай болады: 6,5 ГВт жаңар­тылатын энергия көздері (ЖЭК), 5 ГВт-тан астам газ арқылы өндірілетін, 2 ГВт-тан астам су электр стансалары, 1,5 ГВт ­көмір арқылы өндірілетін қуат, сондай-ақ 2,4 ГВт ядро­лық генерация. Бұл ретте сарапшылар энергетика саласының алға қойған мақ­сатына қалай жететінін көрсететін бірде-бір ұзақ мер­зім­ді стратегиялық құжат жоқтығына алаңдайды. Мұндай қ­ұ­жаттың ел үшін маңызы зор. 

Энергия бағасының әлемдік конъюнк­­­турасы, көмір бағасының өсуі (электр энергиясының ең арзан көзі), ло­гис­тика, энергия тұтынудың артуы электр энер­гиясының қымбаттауына себеп бо­лып отыр. Бағалардың көтерілуін ішінара электр энергиясы өндірісінің төмен­деуімен түсіндіруге болады: 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақ­станда 48 108,4 млн кВт/сағ электр қуаты өн­ді­рілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезе­ңінен 1,4 %-ға аз. Ұсыныстың азаюы сұраныстың өсуі аясында орын алуда: жыл сайын электр энергиясын тұтыну өсуде.

«Жасыл» энергия ма, әлде қара көмір ме?

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Бірлесбек Алияров ЖЭК мәселесіне жаңғырмалы энергия көздері әлемдік тренд болған соң көңіл бөлініп отырмағанын, энергетика саласындағы түбегейлі өзгерістер кезеңінде өмір сүріп отырғанымызды айтады. Соңғы он­жыл­дықтарда жасыл энергия көздері туралы көп айтылса да әлем дәстүрлі қуат көздерінен әзірге бас тартпайды. Мәселен, ЕО елдері көмір қорын дайындауға кіріссе, ҚХР табиғатқа кері әсер ететін ғылыми жобаларға ден қойды. Әлемде энергияның 13 %-ы – ЖЭК, 15 %-ы – ГЭС, 9,9 %-ы АЭС ен­ші­сінде, ал 60 %-ы көмір және басқа қазба байлықтар үлесінде. ҚХР-да кө­мір құрамындағы табиғатқа зияны бар қосым­шаларды тазарту ғылыми түрде жүйе­ленді.

Біз де әлемдегі өзгерістерден айналып өте алмаймыз. 2023 жылдан бас­тап Қазақстанға басқа экспорттаушылар сияқты көміртегі ізі бар өнімдерге экосалық салынады. Қазақстан Париж климаттық келісіміне қол қойды, 2050 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінен барлық энергияның жартысын өндіруге міндеттеме алды. Бірақ мұның бәрі әзірге талқылану үстінде. Халықаралық сарапшылар Ресей мен Батыс елдерінің арасындағы жағдай Париж келісімде айтылған ұсыныстарды жоққа шығаруы мүмкін екенін айтып жатыр.

«Үндістан мен Қытай – Париж келі­сімін 2050 жылдан 2080 жылға шеге­руі мүмкін. Мұндағы ұстаным мүлдем түсі­ніксіз. Азиядағы энергия бағасы Еу­ро­пада қымбаттаған сайын өседі. Пәкістан, Үндістан сияқты Азия елдері сонша­лықты бай емес», дейді Б.Алияров.

Елімізде былтыр жаңартылатын энер­гия көздерінің 126 нысаны болды. Рас, бұл барлық электр энергиясын өндірудің 3 %-ын ғана құрайды. Ал елдегі энергетиканың «патшасы» саналатын көмірдің үлесі – 70 %. Қазақ­стан­дық көмір – әлемдегі ең арзан көмір. Ғалымдар жер қойнауындағы көмір қорының бірнеше ғасырға жететінін айтып отыр. Бізде әзірге ЖЭК аз, Алматы мен Екібастұздағы жылу электр стансасының жұмыс істей бастағанына жарты ғасырға жуықтады. Б.Алияров қазақстандық желілерді электрлендіру деңгейі өте жоғары екенін және бұл жағдайда жаңартылатын энергияда қан­дай да бір серпілістер күтпейтінін айтады. «Қазақстан бойынша жел қуа­ты­ның жылдық деңгейі 3 мың сағатқа жетеді. Сондықтан, ЖЭК – мемлекеттің мүм­кіндігіне қарай алға жылжитын бала­малы жоба. Ал АЭС пен дәстүрлі энергия көздерін дамыту мен жаңғырту – қажеттілік», дейді академик.

Газдың рөлі артып келеді

lsm.kz сайтының мәліметінше, негізгі жабдықтардың тозуы Шымкентте – 91,8%, Жамбыл облысында – 89,3 %, Нұр-Сұлтан қаласында – 34,6 %, Атырау облысында 37,2 %-ды құраған. Жалпы есепте Қазақстандағы жылу электр стан­са­ларындағы негізгі жабдық­тар­дың орташа тозуы 55 %-дан асты деген мәлімет бар. Республиканың энергетикалық жүйесі апаттар мен электр энергиясының тапшылығы мәселесімен бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Мәселен, 2007-2012 жылдары оны шешу үшін электр энергиясына шекті тарифтерді енгізе отырып, «Инвестицияларға айырбас тарифі» бағдарламасы қабылданды. Алайда оның аясында жүргізілген баға көрсеткіштерін «түзету» инвестицияның қа­жетті көлемінің келуіне жағдай туғыз­ба­ды. Оның үстіне тарифтерді көтерудің бұлыңғыр және сыбайлас механизмі бар. Бұл электр энергетикасы саласын дамыту үшін күрделі мәселеге айналды.

Тәуелсіз сарапшылар жаңғырмалы энергия көздерін өндіретін техноло­гия­ның біз үшін қымбат ойын екенін айтудан жалыққан емес. Бірақ әлем­дік энергетика индустриясында оның танымал­ды­лы­ғы мен қажеттілігі мойындала бас­тады. Мамандар мұның себебін кли­маттың жаһандық өзгеруімен және кө­мір­­қышқыл газ шығарындыларын азай­ту қажеттілігімен түсіндіреді. Бұл ретте жаңартылатын энергияға көшу көптеген мемлекет үшін қиын және мәсе­ленің шешімі бола алмайтыны анық. Қазақстанда, мысалы, 2022 жылы жос­парланған 347 МВт-тың 31 %-ы ғана іске қосылады. Мұндай жағдайда кө­міртегісіз экономикаға көшу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы айту әлі ерте. Оның үстіне, Энер­ге­тика министрлігінің мәліметі бо­йынша, Қазақстанда өндірілетін электр энер­гиясының 69 %-ы көмірмен жұмыс іс­тейтін электр стансаларына тиесілі. Сарап­шы айтып өткендей, бірінші кезекте ЖЭК-ке қатысты заңнаманы жетіл­ді­ру қажет. Қазіргі заңнама инвесторлар мен халық­аралық қаржы инс­титуттарына тиімді.

«Қазақстанның энергетикалық аспек­тілері» орталығының жетекшісі, PhD докторы Алмаз Әбілдаев электр энер­ге­тикасындағы жағдай мәз емес екенін, жасыл, жаңартылатын энергия көздері туралы айтпас бұрын өзекті мәселелерді шешу керегін айтады. Біздегі жүйе бір­кел­кі емес. Солтүстікте энергия көз­де­рі жеткілікті болса, оңтүстікте тап­шы­­лық байқалады. Қазір тапшылық батыс аймақтарында да байқала бастады. №1 проблема – бiрыңғай диспетчерлiк қызмет, бiрыңғай электрмен жабдықтау желiсiнің жоқтығы. Мысалы, Атырауда электр қуаты жетіспесе, оны Қостанайдан күрт тасымалдауға болады. Кеңес одағы кезінде үш энергетикалық жүйеге, батыс бөлігінде – Ресейге, солтүстік өз алдына, ал оңтүстікке кейде көрші елдермен тең­герім ағындарын жүргізіп келдік.

«Қазір электр қуатын солтүстіктен оң­түс­тікке тасымалдап жатырмыз. Ондай электр желісі бар, бірақ бұл жолда электр энергиясын көп жоғалтады. Көп­­­теген фактор бар, мысалы, климат­ қолай­сыз­ды­ғы, ескі электр желілері. Кей жерлерде электр желілерінің тозуы 70 %-ды құрап отыр», дейді сарапшы. Қазір сарапшылар арасында майнинг өндірісі энергетика тапшылығын тездетті деген пікір тарап кетті.

Сарапшы айтып өткендей, ЕО елде­рін­де ЖЭК-іне қатысты жаңа ағым­дар пайда бола бастады. Тренд – бұрынғыдай су, жел көздері ғана емес, газ. Яғни оттегі көздерінен бөлінетін энергия көз­де­ріне басымдық берілуде.

«1990 жылдары Қазақстанда энергетика секторындағы үлес экспорт­тық тауар ретінде мұнайға, жылу мен электр энер­гиясының көзі ретінде көмір­ге қо­йылды. Олар осы уақытқа дейін газ мәсе­ле­сімен айналысты. Қазір жағдай өзге­руде. Электр энергиясының таза көзі ретінде газдың рөлі артып келеді», деді А.Әбілдаев.

Тұтынушыны не күтіп тұр?

Қарапайым тұтынушы үшін электр энергиясының қымбаттағаны анық – үш жыл қатарынан көтеріліп келеді. Өткен жылы баға 7%-ға қымбаттаса, биыл 8,7%-ға көтерілді. Сарапшылар алдағы жарты жылда тағы да бағаның көтерілуін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда мем­лекет қана емес, тұтынушылар да электр желілеріне балама іздеуге мәж­бүр.

«Елімізде жарықтандыру өнім­де­рін өндіру мен жеткізуде іс жүзінде бәсе­ке­лестік орта жоқ, отандық өндіру­ші­лер жоқ. Бұл ретте Қазақ­стан­да энергия үнемдеу әлеуеті, сарапшылардың бағалауы бойынша, энергия тұтынудың жал­пы деңгейінің 30 %-ын құрайды. Энергияны үнемдейтін жарықтандыру өнім­дері қазақстандық сатып алушы­лардың назарын аударуда. Ең ірі тұтынушылардың қатарында тұр­ғын үйлер, әкімшілік және қоғамдық ғимараттар, сондай-ақ өнеркәсіп орындары бар», дейді ALSI-Asia-System директоры Александр Камаев.

Осыдан он шақты жыл бұрын әр үйдің ауласында күннен, желден қуат алатын қондырғылар орнайды деген ақпарат аңыз болып естілетін. Қазір бұл шындыққа айнала бастады. Ірі қа­ла­лардың шетін ала орналасқан жеке үй­лерде күннен, желден қуат алатын қондырғыларға көз үйреніп қалды.

А.Камаевтың айтуынша, Еуропа ел­де­рінде үйдің төбесіне күн батареяларын орнату арқылы электр энергиясы үнемделеді.

«Қазақстанда шуақты күндер көп. Бұл тәжірибені қолдануға болады. Сонымен қатар қуатталатын экологиялық таза гене­­ра­торлар пайда болды. Мұндай гене­ра­­торлармен электр қуатының үзілуі қауіпті емес. Үйдегі барлық дерлік электр құрылғысын қуаттауға болады. Күн энергиясын пайдалана отырып, қара­­жа­ты­мызды үнемдеп қана қоймай, эко­логияға да қамқорлық жасаймыз», дейді ол.

Жалпы, бүгінде Қазақстанның энер­ге­тикалық инфрақұрылымын жаң­ғыр­ту мәселесі қызу талқылануда. Қоғамдық пікір смарт желілерді іске қосу (заманауи смарт тор технологиялары), декарбонизация, атом электр стансаларын іске қосуға басымдық беріп жатыр. Сарапшылар энергия тапшылығын толтыру шараларын бүгіннен бастап қолға алу керегін айтады. Өйткені 2023 жылға қарай елдегі электр энергиясының тап­шы­лығы 2 ГВт-қа жетуі әбден мүмкін.

 

АЛМАТЫ