22 Мамыр, 2010

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

622 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Оқиғаға орайлас ой Мамыр айының соңғы күндерінің бірінде Мемлекет тарихы инс­ти­ту­тының ұйымдастыруымен гуманитарлық сала ғалымдарының Ха­лық­аралық Еуразиялық конгресі өткелі жатыр. Оған әлемнің оннан ар­тық мемлекетінен өкілдер келмекші. Осыған орай біз Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай АяҒаннан аталмыш шараның мақсаты туралы айтып беруді өтінген едік. – Бұл шара мамырдың 25-26-сына белгіленіп отыр. Онда Қазақстан өркениетінің дамуы туралы пікірлер алмасылмақшы. Оған 30-ға жуық шетелдік ғалымдар келмекші, оның ара­сында қазақша білетін америкалық ғалым Уильям Фиерман, Түр­кия­дан Ыстамбұл университетінің профессоры Абдулуахаб Қара, Ре­сейдің астанасымен қатар ай­мақ­тарынан, атап айтқанда, Баш­құрт­стан, Татарстан, Чувашия, Қа­рашай-малқардан, сондай-ақ Франция, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғыз елдерінен гуманитарлық саланың айтулы ғалымдары қатысатын болады. Аты айтып тұрғандай, конгреске тарихшылар ғана емес, социологтар, түр­кологтар, саясаттанушылар және т.б. әлеуметтік ғылымдар өкілдері келеді. Ал өз еліміздің барлық ай­мақтарынан да үлкен делегациялар келетін болады. Ғалымдар үш секцияға бөлініп жұмыс істейді. Конгрестің негізгі мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары әлеуметтік-саяси салада қандай жетістіктерге жеткенін саралау. Сонымен бірге әлемдік өркениет әлеміндегі бүгінгі орны мен ықпалы да әңгіме арқауына айналатын болады. Әрине, елі­міз­дің қазіргі кездегі және бола­шақ­тағы проблемалары туралы да әңгімелер қозғалып, оларды қалай еңсеру қажеттілігі туралы пікір алысылмақ. Бұл Қазақстан тәуел­сіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қол жеткен табыстарға есеп беру және проблемаларды саралау сияқты шара деп айтсақ, артық болмайтын шығар. –Конгрестің маңызы қандай деп ойлайсыз? –Қашанда халықаралық дең­гейдегі кездесулер көптеген жаңа идеялар мен тенденциялардың тууына мұрындық болады. Әсіресе, еуразиялық кеңістіктегі осындай кездесулер ынтымақтастық пен әріптестіктердің тереңдей түсуіне оң ықпал етері сөзсіз. Еуразиялық проблемалар гуманитарлық ғылым­дардың зерттеу нысанына айнал­ғаны Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың 1994 жылғы бастамасын теориялық тұрғыдан байытып, Батыс пен Шығыс арасындағы түсіністік пен танысып-білісе түсуге деген ұмтылысты, өзара қызығу­шылықты арттыра түсері сөзсіз. Бүгінгі еуразиялық идеялар бір елдің монополиясы емес, сондай-ақ ол монолог емес, полифония екендігін де бір-бірімізге жеткізе білсек конгрестің өзінің негізгі мақсатын орындағаны болады. Әрине, бұл іске Қазақстанның жетекші ғалымдарымен қатар Франция, Ресей, Түркия, Қытай секілді елдердің озық ойлы ғалым­дарының үлесі зор болмақ. Біздің елдің сыртқы саясаттағы басым бағыты өзара қарым-қатынастарды ізгілендіріп, құрлық елдері арасында сенімділік орнату екендігі белгілі. Ал өзара сенімділік түрлі мемлекет адамдарының бір-бірін жақсы білгенінде, олардың озық ойлары мен идеяларының қандай екендігін үйренгенінде болары сөзсіз. Бүгінгі таңда Шығыс пен Ба­тыстың жақындасуы жаңа кезеңге көтеріліп, ол үнқатысудан әріптестікке аяқ басты. Президент Н.Назарбаев ғалымдар мен интел­лектуалдық элитаның алдына теория әзірлеу және өркениет тарихын зерттеумен ғана емес, болашақтың сценариін болжаулары қажет деген жаңа міндеттер қойып отыр. Біздің конгресіміз осындай міндеттерді орындауға ілкім ықпал етер деген сенімдеміз. Сондықтан да оның маңызы зор. –Мемлекет тарихы инсти­ту­ты­ның өзі осы конгреске қандай да­йын­дықпен келді? Келген қонақ­тарға көрсететін табыстарыңыз қандай? –Біз биыл 12 кітап шығарғалы отырмыз. Соның ішінде “Нұр­сұл­тан Назарбаев – тәуелсіз мем­лекет­тің негізін қалаушы” деген кіта­бымыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығатын болады. Ағылшын тіліндегі нұсқасын тілді өте жетік білетін америкалық ғалымдардың өздері аударды. Оларға топоним, этноним секілді арнаулы дүниелер бойынша қазақстандық ғалымдар көмектесіп отырды. Одан әрі ауыз толтырып айтатын жетістігіміз, жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандарының бакалавриаттарына арналған қазақ және орыс тіліндегі тарих оқулығын дайындап шығардық. “Президенттік биліктің қа­лыптасуы” атты еңбекте тәуелсіз Қазақстандағы билік құры­лы­мы­ның қалыптасуы зерттеліп, бағаланып сонымен бірге болашағы болжанып көрсетілген. Әрине, шығаратын кітаптарымыздың бәрін тізбелеп шығу міндет емес деп ойлаймын. Конгрестің өзі Бей­біт­шілік және келісім са­ра­йын­да өтетін болады. Ол өтіп жатқанда фойеде кітап көрмесі ұйым­да­с­ты­рылып, біздің барлық шығарған кі­таптарымыз сонда қойылатын болады. Конгрестің басты ер­ек­­­шеліктерінің біріне – оның жұ­мысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездерде елімізге ресми сапармен келетін Түрік Республикасының Президенті Абдолла Гүл қатысып, қатысушыларға құттықтау айта­тынын атап өтуге тиіспін. Сонымен бірге осы жерде “Түркі дүниесінің академиясы” да ашылатын болады. Түркі тілдес халықтардың мәдени, тарихи байланысының тамыры терең екендігі баршамызға аян. Ал осындай сан ғасырлық тарихымызды тиісінше зерттеп-зерделеу мүмкіндігі біз үшін тек қана Кеңес одағы ыдыраған соң мүмкін болды. Сондай-ақ қазіргі жаһандану жағдайында түркі әлемінің біртұтастығы аса ма­ңыз­ды. Ендеше, бастау көзі ата-бабалар тарихынан басталатын түркі халықтарының мәдени-тарихи жалғастығын зерттеп-зерделей отырып, оны нығайта түсу мақ­сатында ашылып отырған “Түркі дүниесі академиясының” бүкіл түркітілдес елдер үшін алар орны мен рөлі маңызды екендігі анық. –Осыдан әрі тағы бір үлкен шара өткізілгелі отыр екен ғой? –Иә, одан кейін, мамырдың 28-29-ы күндері ТМД елдері тарихшыларының форумы болғалы жатыр. Бұл форум біздің инс­ти­тутта және Л.Н.Гумилев атынд­а­ғы Еуразия ұлттық университетінде өтетін болады. Ол “Тарихтан – қазіргі заманға дейін” деп аталады. Онда 1930-1950 жылдардағы КСРО аумағындағы түрлі халықтардың Қазақстанға жер аударылуы м­ә­селесі қаралады. Бұл шара Қа­зақстан халқы Ассамблеясының ТМД мемлекеттерінің еларалық гуманитарлық-әріптестік қорының қолдауымен “Болашақ үшін ұмытылмасын” атты жобасының шеңберінде өткізілгелі отыр. –Оның мақсаты қандай? –Мұнда Қазақстанға түрлі халықтардың жер аударылуының себептері мен салдарлары, депор­­тацияның қалай жүргізілгені, кімдердің ұйымдастырып, жүр­гіз­гені туралы мәселелерге жауап берілетін болады. Форум бары­сын­да дөңгелек үстелдер, кон­фе­рен­циялар болады және мұнда не­гізінен тарихшылар ғана қатысады. Сонымен қоса келген қонақтар арасында Мая Плисецкаяның інісі, Шыңғыс Айтматовтың қарындасы сияқты адамдар да болады. Олардан да басқа репрессияға ұшыраған жандардың туыстары мен балалары келетін болады. Бұл форумның практикалық маңызы да зор болмақшы. Келген қонақтарды Қарағанды қаласының жанындағы Карлаг пен Ақмол ауылының жанында болған АЛЖИР-дің орнына апару да көзделіп отыр. Сөйтіп, қонақтар өз туыстарының азап шеккен жерлерін, сонымен қатар қаза болып, жерленген орындарын да көретін болады. –Дөңгелек үстелдер мен конфе­рен­цияларда қандай мәселелер көтерілмек? – Отырыстар барысында жа­салатын баяндамалар, айтылатын пікірлер ТМД елдеріндегі тарих білімінің теориялық-әдістемелік мәселелері, тарихи ортақтықты әлеуметтік сауалнамалар әдісімен қарастыру жайлы да әңгімелер болады. Әрине, ең негізгі мәселе – Қазақстанға халықтардың мәжбүрлі қоныс аударуының себептерін талдауға арналмақ. Сонымен бірге жалпы депортациялар тарихы туралы да әңгімелер қозғалатын болады. Жалпы айтқанда, бұл ста­линдік қуғын-сүргін құрбан­дарын еске алуға арналған 31 мамыр күніне орайластырылып отырған шара. Қазір ТМД халықтарының бір-бірімен араласуы нашарлап кеткені белгілі. Осы шаралар сол олқы­лық­тардың орнын толтырып, ха­лықтарды бір-біріне жақын­дас­ты­руға қызмет етер деген үміттеміз. Астана сол үрдістің бастамашысы болып, осы тақырыпқа арналған халықтар хартиясын қабылдауды мақсат етіп отыр. Сайып келгенде, осының бәрі бейбіт өмірге ықпал етері сөзсіз. –Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.