Жақында Балалар жылы аясында және спорт күніне орай аудандық бәйге федерациясының ұйымдастыруымен, Тасқала ауданы әкімдігінің және ауданның жанашыр азаматтарының қолдауымен Ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық ашық біріншілік өтті. Біріншіліктің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшылығының өкілі мен басқа да азаматтар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудың маңызы зор екенін және құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің артықшылықтарын, ұлттық тәрбиенің алатын орнын ерекше атап өтіп, дала қызықтарын өткізуге бастау берді.
Біріншілікке еліміздің түкпір-түкпірінен топ-топ болып, қаумалап шабандоздар жиналды. Тай жарысы, құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгеден жүлделер сарапқа салынды. Ешкітаудың қырлары шабандоздарды біраз сынап, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, мықтылардың мықтысы, нағыз жүйрік сәйгүліктер жеңіс мәресіне жетті. Қазақ күресі, қой көтеру және жаппай көкпардан да тартысты бәсекелер тасқалалықтардың көңілінен шықты.
Тасқаланың даласында әсем әндер шырқалды. Киіз үйлер тігіліп, аудан кәсіпкерлері жәрмеңке ұйымдастырды. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан Ешкітау етегіндегі еңселі ел ұйымдастырған іс-шара аудан тұрғындары мен қонақтарының жоғары бағасына ие болды.
Рафхат ХАЛЕЛОВ,
журналист
Батыс Қазақстан облысы,
Тасқала ауданы