Аймақтар • 17 Тамыз, 2022

Күре жолда көп өзгеріс бар

389 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Оқырманның есінде шығар, «Egemen Qazaqstan» газеті биылғы сәуір айында Батыс Қазақстан облысындағы автожолдардың алаңдатарлық ахуалы туралы «Күре жолдағы күрсініс» атты мақала жариялаған еді. Бұл мақалаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар ауда­рып, Үкі­мет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қа­был­­дауды тапсырды.

Күре жолда көп өзгеріс бар

Міне, содан бері төрт ай өте шы­ғыпты. Өңірдегі жол құрылысының жоспардағы мерзімінде орындалмауына кінәлілер жазаланып, біраз басшы жұмысынан кетті. Үкімет бас­шысы Әлихан Смайылов Батыс Қазақ­стан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі автожолдар жағ­дайын көзімен көрді.

Әсіресе мақа­лада айтылған Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына апаратын жолдың құрылысына жан бітіп, екінші тынысы ашылғандай болды. Қаз­талов – Жәнібек – РФ ше­карасы бағытындағы жол құрылысының 53-95 ша­қырымында мердігерлік еткен ADFstroy деген «ұлтарақ» компания жобадан шеттетіліп, тергеу жүр­гізілуде. Жолдың бұл бөлігіне енді қайта тендер ұйымдастырылып, жаңа мердігер тартылмақ.

Ал күре жолдың өзге бөліктерінде бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр екен. Мұны жа­қында өз көзімізбен көріп қайттық.

100 шақырым дайын

Әңгімеге өзек болып отырған Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын автожолының жалпы ұзындығы 248 шақырымды құрайды. Орал қаласынан 500-600 шақырым шалғайда жатқан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарын облыс орталығымен жалғайтын бұл жолдың маңызы өте үлкен. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары тұрғындары бұл жолды тәуелсіздік алғалы талап етіп келеді. Көктем мен күзде жол азабын тартып, ми балшыққа бататын жолаушылар осы азаптан құтылатын күнді тағатсыздана күтуде.

– Ауа райының қолайсыз күн­дері жолаушылар ерекше қина­латын жол бөлігі – Өнеге мен Бисен арасындағы 14 шақырым, Нұрсай ауылы тұсындағы 3-4 шақырым еді. Бұл аймақтың топырағы сондай, жаңбыр мен қар суынан ми батпаққа айналып, бүкіл көлікті тұсап тастайтын. Құрылысшылар жолдың осы бөліктеріне ерекше күш салды. Сөйтіп, қазірдің өзінде бұл жерлерде жол құрылысы не­гі­зінен дайын болып қалды. Алдағы күзде лайсаң басталғанда дәл осы жерлерден жолаушылар қиындық көрмей өтеді, – дейді «Қазавтожол» ұлттық компания­сы» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры Қазбек Мәмбетов.

Жақында ғана «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметі Өнеге – Бисен – Сайқын автожолының үштен бірі, яғни 35 шақырымы дайын болғанын хабарлады. 103 шақырымдық жол құрылысы 2 учаскеге бөлінген, жұ­мысты отандық компаниялар атқаруда. Президент сы­ны­нан кейін бұл жерде де жұ­мыс ширап, 140-тан астам ар­найы техника, 200-ден астам жұмыс­шы жұмылдырылған болатын. Мұн­да екі асфальт-бетон зауыты күні-түні тоқтамай жұмыс істеп тұр. Республикалық мәртебелі жол 2023 жылдың соңында толы­ғымен пайдалануға берілуі керек.

Жол құрылысын жоспарға сай және сапалы жүргізіп жатқан компанияның бірі – «Uniserf» ЖШС. Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы бағытындағы жолдың алғашқы 53 шақырымы осы мекеменің еншісінде. Оның үс­ті­не 5 көпір, бірнеше мал өткелі секіл­ді күрделі құрылымдар да жолдың осы бөлігінде орна­­лас­қан. Бұл бөліктегі қызу жұмысты өз көзімізбен көрдік. «Uniserf» компаниясы бас дирек­торының өндіріс жөнін­де­гі орынбасары, бас инженер Николай Кондопуло бізді жол құрылы­сы­ның барысымен таныстырып шықты.

– Күре жолды жөндеуге 90 техника жұмылдырылған. Құ­ры­лыс бригадаларында екі ауы­сы­ммен 164 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылардың 20 пайызы – жергілікті тұрғындар. Біздің компанияға бес көпірді жөндеу тапсырылған болса, қа­зір оның бірі дайын болып қалды. Екіншісінің құрылысы жақында аяқталады. Қалған көпірлерді де реттеп жатырмыз. Жұмыс кес­теге сай жүруде. Тек қана бір уайымымыз бар, ол – құрылыс материалдарының уақтылы жет­кізілуі мәселесі. Бұл – осы жол бойындағы барлық мер­ді­гер­дің бас ауруы. Қазір шикі­затты жеткізілген бойда бір­ден пайдаланып жатырмыз. Биыл 18 шақырым жолды күр­делі жөндеуге тиіспіз. Соның 11 шақырымы қазірдің өзінде қолданысқа берілді. Жоспар бойынша тамыз айында қал­ған 6 шақырым жолға асфальт-бетон қоспасын құйып үлгеруіміз керек. Бүгінге дейін 2,5 шақырым жол бөлігіне құм-қиыршықтас қоспасын төседік. Бірнеше күнде асфальт төсеуді бастаймыз, – деді Николай Иванұлы.

Міне, осылайша, қазірдің өзінде Қазталов пен Жәнібек, Бөкей ордасы арасындағы түрлі бөлікте жалпы ұзындығы 100 шақырымдай жол жолаушы­лар­дың пайдалануына жарап тұр.

Вагон тапшы болмаса екен

Мердігер компания өкілі айт­қандай, жол құрылысына қа­жетті материалдың түгелге жуы­ғы облыс аумағынан тыс жерден әкелінеді. Оларды өңірге уақтылы жеткізу үшін теміржол вагондары керек. Мамандардың айтуынша, бір шақырым жол құры­лысына қажетті түрлі ши­кізат 104 вагонға жүк болады екен. Ал біз әңгіме етіп отырған республикалық жол құрылысы үшін биыл жалпы саны 12 мың вагон қажет болады. Міне, қиындық осы жерден туындап отыр.

– Үкіметтің қолдауымен, «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық компаниясы айына бізді кемінде 500 вагонмен қамтамасыз етуге тиіс. Осындай меморандумға қол қойылған. Алайда біз жол құ­рылысын жоспарға сай жүр­гізуі­міз үшін ай сайын 1 500 вагон шикізат, инертті материалдар пайдалануға тиіспіз. Мыса­лы, Ақтөбеден әкелінетін қиыршық тас Оралға дейін 2 апта жол жүреді. Мемлекеттік шекарадан өтеді. Осының бәрін ескеру қажет. Егер жол құрылысына қажетті материалдар уақтылы жет­­кізілмесе, биылғы жоспар орын­­далмай қалуы да мүмкін, – дей­ді Қазбек Мәмбетов.

Әрине, мердігер компаниялар бұл жағдайдан хабардар. Жол құрылысының алғашқы күні­нен-ақ тап болған мәселе бұл. Сондықтан да барынша қор жинап, сақтық қылуда. «Қазавтожол» филиалы директорының айтуынша, қазіргі таңда мердігер ком­па­ниялардың қолында құры­лыс материалының 45 пайызы бар. Көңілге медеу тұтарлығы, биыл битум тапсырысқа сай уақ­ты­лы жеткізілген.

Алда

Жоспар бойынша 2023 жылдың соңында Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын автожолы толығымен пайдалануға берілуге тиіс. Құрылыстың қа­зір­гі қарқынына қарап бұған сенуге де болады. Әзірге жұмысы жүрмей, жолаушыларды жабыр­қатып тұрған – Қазталов пен Жәнібек арасындағы 53-95 ша­қырым аралығы. Жоғарыда ай­тыл­ғандай, осы аумақтың бас мер­дігері «Теміржол жөндеу» ЖШС-на қарасты ADFstroy ком­па­ниясының жосықсыз әре­кеті салдарынан күрделі жөн­деу тоқ­тап қалды. Бас мерді­гер жобадан шеттетілді. Бұл бө­лікте әлі күнге жаңа мердігер анық­­тал­ма­ған. Тапсырыс беруші ұлт­тық ком­пания мемлекеттік са­тып алу бойынша үшінші мәрте конкурс жариялаған. Яғни Өне­ге мен Нұрсай ауылдары ара­лы­ғын­дағы 43,5 шақырым жолды жөндейтін мердігер тамыз айын­да ғана белгілі болмақ. Бұл жерге былтыр 8 шақырым ғана асфальт-бетон қоспасы төселген екен. Биыл тендер өтіп, мердігер анықталған күннің өзінде жаңа компания бірден құрылысқа кірі­сіп кете алмайтыны анық.

Мердігер компания өкілдері­мен әңгіме барысында жол құрылысына бөлінген қаражат маусым айында уақытынан кеші­рек бөлінгенін естідік. Бұл өз кезегінде мердігерлердің қажетті инертті материалдарды дер кезін­де сатып алуына кедергі болған. Әрине, мұндайға жол беруге болмайды.

Биыл Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын бағытындағы күре жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлін­ген екен. Жыл басынан бері сол қар­жының 6 млрд теңгесі иге­ріл­ген. Батыс Қазақстан облы­сы­ның үш ауданында жүріп жатқан жол құрылысына 600-ге жуық техника мен 700-дей адам тартылған. Жақында «Бекет Сәт Жол» ЖШС Жәнібек ауылы мен РФ шекарасына дейінгі 7 шақырым жолды жөндеуді бас­тап кетті.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Қазбек Мәмбетов Чапаевтан Жалпақтал бағы­тына шығатын бөліктегі 17 шақы­рым­ды күрделі жөндеу үшін есеп-қисап жобасы жасалатынын айтады. Өңірде Орал мен Атырау қалаларын жалғайтын республикалық жол бөлігінің об­лыстағы бөлігін кеңейту, төрт жолақты жолға айналдыру мәсе­лесі де қолға алынбақ. Қазір жо­ба­лық-сметалық құжаттары қатталу үстінде екен.

Міне, Мемлекет басшы­сы­ның өзі бақылауына алып отырған күре жол құры­лы­сының қазіргі ахуалы осындай. Жол салып жатқан мер­ді­герлер де, тапсырыс беруші «Қазавтожол» ұлттық компаниясы филиалының басшысы да батысқазақстандықтар үшін ғасыр жобасына айналған күре жолды тезірек бітіруге күш салып жатыр. Біз осыны көрдік.

 

Батыс Қазақстан облысы