Бизнес • 18 Тамыз, 2022

Қолдау деп осыны айт: Жас кәсіпкерлер 1,5 млн теңгенің грантына ие болды

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды шаһарда шаруамды бастаймын деп талап қылған жастарды бетінен қақпай, қанатының астына алды. Оған дәлел – таяуда 10 жас кәсіпкер әрқайсысы 1,5 млн теңгенің грантына қол жеткізді.

Қолдау деп осыны айт: Жас кәсіпкерлер 1,5 млн теңгенің грантына ие болды

Кеншілер астанасында тұң­ғыш рет ұйымдастырылған бұл кон­курсқа жалпы саны 110 өтінім түскен екен. Құрамына мем­ле­кет­тік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкіл­дері, депутаттар мен қоғам белсенділері енген комиссия жүздің ішіндегі жүйріктерді анықтады.

Қала әкімінің грантына ла­йық­ты болған жас кәсіпкердің бірі – Виктория Пак. Оның құрған шағын кәсіпорны AVISHU маркасымен киім тігеді. Мысалы, биыл жаз маусымында Вик­то­рияның тігін цехы облыс бойын­ша «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жауын­гер­лерін тү­гелдей бірыңғай формамен киіндірді. Енді жас кәсіпкер жаңа желіні іске қосып, спорттық киім­дер тігіп шығармақшы.

Органикалық қалдықтардан ең құнды тыңайтқыш – биогумус алу үшін модельдік учас­ке құрғысы келетін Арайлым Серік­байға да қала әкімінің гранты ауадай қажет болатын. Өз жо­ба­сын вермикультурамен бай­ланыстыратын жас биолог әрі кәсіпкер Арайлым алдағы уақытта ниет білдіргендер үшін вермикультура бойынша курс­тар мен семинарлар ұйым­дас­тырғысы келетінін айтады.

– Бұл технологияны саяжай­ларда, бақшаларда, мектеп алаң­да­рында және басқа да жерлерде қолдануға болады. Грант қар­жысына қажетті жабдықтар сатып аламын, қаражаттың бір бөлігі полиграфиялық өнім­дер­ді шығаруға жұмсалады, – дейді болашақтағы биология ғылым­да­ры­ның докторы.

Жалпы, қала әкімінің грантын алғандардың арасында қаражатты фитнес-клуб, тандыр, ұлттық өнер мектебін, екін­ші цифрлық тех­нологиялар орталы­ғын ашуға, подологиялық орта­лық­ты кеңей­ту­ге, гео­­де­зия­лық қызмет­тер­ге және басқа да жо­ба­ларға салуға ниетті жас кә­сіп­керлер болды.

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жас кәсіп­кер­лерге бөлінген грант­тар­дың шағын бизнестің шаруасын өр­кен­­­детуге сеп болатынына нық се­німді.

– Кәсібімді дөңгелетіп, шағын бизнестің дамуына үлес қоссам деген мақсаткер жастардың құл­шы­нысы қуантады. Біз алдағы уақытта да осындай бастамашыл, еңбекқор және іскер жастарға барынша қолдау көрсете беретін боламыз, – дейді қала басшысы.

Жас кәсіпкерлерді қолты­ғы­нан демеп, қамқорлыққа алу жалпы облыс бойынша кеңінен етек алған. Мысалы, әкімдердің гранттары қалалар мен аудандарда бө­­лін­ген. Ал алдағы қыркүйек айын­­да облыс әкі­мінің грантына өті­німдер қа­былдана бастайды. Биыл бұл гранттардың сомасы екі есеге артып, әрқайсысының мөлшері 2 млн теңгеге жеткен. Сәтін салса, аталған қаражатты сынақтан сүрінбей өткен 100 жас кәсіпкер иемденетін болады.

 

ҚАРАҒАНДЫ