Қоғам • 18 Тамыз, 2022

Соратын «дәрі» сорлатып тұр

610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрындары нашақорлық десе, қолына ине салғандар көзге елестейтін еді. Қоғам алға жылжыған сайын кеселдің де түр-түрі шыға бастады. Қазір тамақ ауырса соратын «Мукалтин» дәрісі сияқты есірткілер жиі тәркіленетін болған.

Соратын «дәрі» сорлатып тұр

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының поли­цейлері жастарды «дәріханалық наша­қорлыққа» тарту фактілерінің ұл­ғаюына байланысты кешенді жұмыс­тар­ды жалғастыруда. Атап айтсақ, елордалық Полиция департаментінің қызметкерлері мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың белсенді қатысуымен халық арасында өскелең ұрпақты нашақорлыққа тартудың алдын алуға бағытталған іс-шаралар, сондай-ақ фармацевтикалық және медициналық қызмет субъектілерін тексеру бойынша рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде өткізіп келеді.

Десе де ескертуге құлақ аспайтын ақпақұлақтар аз емес. Пысықай фармацевттер өз пайдасы үшін есірткіге тәуелді адамдар мен жасөспірімдерге қатты әсер ететін медициналық препараттарды рецепсіз сатуды жалғастыруда. Мәселен, елордалық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жангелдин және Сығанақ көшелерінің бойындағы дәріханаларда жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізген кезде дәрілік препаратты дәрігердің рецебінсіз босату фактілерін анықтады. Жеке кәсіпкер иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот қаулысымен дәріханалардың қызметін 6 ай мерзімге тоқтата тұру түріндегі жаза тағайындалды.

Осыған ұқсас оқиға Молдағұлова көшесіндегі дәріханада да анықталды, онда сот шешімі бойынша 199 095 теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фар­мацевтикалық бақылау коми­тетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті мамандарымен бірлесіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабы (Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұ­йымдар айналысы саласының қағи­да­ларын бұзу) бойынша 7 фактіні анықтаған.