Аймақтар • 18 Тамыз, 2022

Теміртауда газ тұтанды

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теміртау қаласындағы Металлургтер даңғылы бойындағы №5/2 үйде газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан үш бірдей пәтерге айтарлықтай зақым келді. Төрт адам зардап шегіп, 53 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Теміртауда газ тұтанды

Оқыс оқиға болған жерге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин, Теміртау қаласының әкімі Қайрат Бегімов барды. Шұғыл қызмет түрлері де жедел жетті. Тұтанудың салдарынан болған өрт сөндіріліп, құтқарушылар құлаған қабырғалардың үйінділерін тазарту бойынша жұмыстарды ұйымдастырды.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент хабарлағандай, оқиға күндіз сағат 12.00-дің шамасында бес қабатты үйдің үшінші қабатында болған екен. Газ-ауа қоспасының тұтануынан кейін дүмпу болып, пәтераралық қабырғалар мен астыңғы және үстіңгі қабатаралық плиталар құлаған.

Дүмпудің күшті болғаны сонша, 12 пәтердің терезелері мен сыртқы есіктеріне ішінара зақым келген. Ал зардап шеккен төрт адамның үшеуі бүгінде ауруханадан шығып, тек біреуі ғана дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Теміртаудағы төтенше оқиға бойынша жедел штаб құрылды. Ол оқиғаның себеп-салдарын анықтайтын болады. Ал қала әкімі тұрғындармен кездесіп, зақымданған пәтерлерді қалпына келтіру және көшірілген адамдарды уақытша орналастыру бойынша қолдан келген көмектің бәрі жасалатынына уәде берді.

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы